Сенбі, 31 Қаңтар 2026
Ақмылтық 1161 0 пікір 31 Қаңтар, 2026 сағат 11:44

«Егемендік иесі» - астарында қандай мағына жатыр?

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Иә, Мемхатшы «мемлекеттік биліктің бастауы Қазақстан халқы» деген бапқа «егемендік иесі» сөзін қосуды ұсынды.

Көпшілік осы ұсынысты сынға алып та жатыр...

Бірақ, тереңінен ойлағанда, мен бұл ұсыныстан басқалай бір мағына көрдім...

Бұрынғы Конституциядағы «мемлекеттік биліктің бастауы халық» деген түсінік нақты, яғни, адресті емес еді. Сондықтан, тәуелсіздік алған кезден бастап, бүгінгі күнге дейін осы қағида  неше түрлі коррупцияға жол аша алды.

Билік «халық атынан» сайланып, не болмаса, тағайындалып, содан кейін бір өзі «егемендікке ие» болып шыға келді де, жерді, қазба байлықты өз қалауымен, оңды-солды сатты. Ел мүддесі екінші орынға сырғыды...

Билік оны тегін берген емес, әрине - алатын парасын алды...

Яғни, Заң бойынша «билік бастауы» халықта болған сыңайлы, ал, бірақ «егемендік тізгіні» биліктің өзінде қалды. Сол себепті, жер мен стратегиялық байлық көздері ғана емес, «билік лауазымы» деген жаңа «тауар» өмірге келді. Ол қарқынды айналымға кірді - құны миллиондаған долларларға бағаланды!

Билікке пара беріп орналасу - жаппай үрдіске айналды.

Өйткені, билікке сырт көзге декорация тәсілімен «халық атынан» келеді, келген соң ол жерде «сыбайласқан жемқорлық» нұсқауымен «егемендік иелік» - жерді сату, қызметті сату, ғимараттарды өз қалауымен тегін алу, су қоймаларын жекешелеп алу және т.т. пайда әкелетін экономикалық нысандар «билік егемендігіне» ауысады.

Сөйтіп, бұл билік пен бизнестің бірігуіне, экономиканың «халықтық бастауға» емес, ұрлық пен заңсыз әрекетке бейім биліктегі шенеуніктердің мүддесіне қызмет етуіне бастады.

Қазіргі біздің мешеу қалпымыз - соның айғағы.

Енді «халық бастауын» шынында да «егемендік иелікпен» біріктірер болсақ - әрбір стратегиялық жер қойнауына, қазба байлық нысаналарына деген ЕГЕМЕНДІК конституциялық тұрғыда халықтың құзырына көшеді.

Халық өзінің жерін өзгеге сатуды қаламайтын болса, өзінің конституциялық «егемендік иелік» құқын пайдаланып, билікті тоқтатуға құзырлы.

Бұрын халық билікке тек «өз өкілеттігін» өткізіп келді - оның өзі коррупцияға жем боп жатты...

Енді, халыққа оған қосымша «Егемендік иелік», яғни басқаша айтсақ – «Тәуелсіздік іргетасына иелік» беріліп жатса - ол қазақ елі үшін үлкен құқықтық алға басушылық деп санаймын.

Екінші жағынан, бұл халықаралық трансұлттық корпорациялар сәтті қолданатын «халықаралық коррупцияның» алдын алатын, оның соққысын заң жүзімен шектейтін конституциялық нормаға айнала алатын «қосымша» болады.

Міне, елеусіз ғана «егемендік иесі»сөзінің астарында осындай терең мағына жатыр...

Әбдірашит Бәкірұлы,

Философ

Abai.kz

0 пікір