Ашық диалогты қамтамасыз етіңіз, Эльвира ханым!
Құрметті Конституциялық реформа
бойынша комиссияның төрайымы
Эльвира Әзімова ханым!
Мемлекет басшысы Конституциялық реформаны әзірлеу және іске асыру үдерісі қоғамда ашық талқылануы тиіс екенін нақты атап өткен болатын. Осыған орай, соңғы уақытта қазақ қоғамында бұл реформаға қатысты пікірлер белсенді түрде айтылып келеді: қолдайтындар да бар, қолдамайтындар да бар. Сонымен қатар реформаның мазмұны мен бағыт-бағдарын толық түсінбей отырған азаматтар да аз емес.
Қоғамдағы осындай сұрақтар мен алаңдаушылықтар аясында бұқаралық ақпарат құралдары Конституциялық реформа бойынша комиссия мүшелерінен ашық әрі нақты пікір алуға мүдделі. Бұл – қоғам алдындағы заңды әрі орынды талап.
Алайда, өкінішке қарай, Abai.kz ақпараттық порталы осы мақсатта комиссия мүшелерінен пікір алу үшін бірнеше мәрте байланыс орнатуға тырысқанымен, нақты жауап ала алмады. Мұндай жағдай қоғамда реформаның ашықтығына қатысты күмән тудыруы мүмкін.
Сіз, Конституциялық реформа бойынша комиссияның төрайымы ретінде, комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ете алатын, сондай-ақ қоғам мен билік арасындағы диалогқа жол ашатын негізгі тұлғалардың бірісіз. Сондықтан БАҚ тарапынан қойылып отырған қоғамдық сауалдарға комиссия мүшелерінің ашық жауап беруіне жағдай жасалады деп сенеміз.
Біз, Abai.kz ақпараттық порталы, Конституциялық реформа бойынша комиссия қызметінің бұқаралық ақпарат құралдары үшін де, қоғам үшін де ашық болуын талап етеміз. Ашық пікірталас пен түсіндіру жұмыстары реформаның мәнін күшейтіп, оған деген қоғамдық сенімді арттырары сөзсіз.
Қоғаммен ашық диалог – табысты реформаның басты кепілі.
Құрметпен,
Abai.kz ақпараттық порталы
Abai.kz