Ресей элитасы Путиннен түңіле бастады
2022 жылға дейін ресейлік элита Путинді рационалды басшы деп санап, оны «босс - бастық» деп атады. Бірақ «арнаулы әскери операциядан» кейін бұл көзқарас күрт өзгерді – ол енді шындықтан адасқан, қартайған автократ ретінде қабылданды.
Ресей элитасының ішінде Путинге (73 жаста) деген қарсылық күшейіп келеді. Ресей элитасы мен ірі бизнесі оған деген құрметін жоғалтып, оны «Дед - Ата» деген лақап атпен атай бастады.
Ресейлік экономист Александра Прокопенко бұл туралы неміс Frankfurter Allgemeine Zeitung газетіне берген сұхбатында Ресейдің азаматтық қоғам өкілдері мен басқарушы элитасымен болған әңгімелерге сілтеме жасай отырып мәлімдеді.
Прокопенконың айтуынша, ресейлік элитаның Путинге деген көзқарасы 2022 жылдың ақпанына дейін басқаша болған. Оның тарихқа ерекше ден қойып, экономикалық күн тәртібінен алшақтап бара жатқанына қарамастан, соған дейін «босс» деп аталып, құрметке ие болды.
Украинаға басып кіру туралы бұйрықтан кейін жағдай өзгерді. Ресейлік элита Путиннің толық ауқымды соғысқа баратынына мүлде сенбеді, оны тәуекелдерді таразылай алатын ақылды адам деп санады.
Оның бәрі болмаған жерде құрмет – көңілсіздік пен келекеге жол берді. Прокопенко атап өткендей, жеке әңгімелерде Путин «Дед» деген лақап атқа ие болды. Онымен сұқбаттасқан бір элита өкілі ресей президентін: « “Дед” ойыншық сарбаздарды жақсы көреді» деп сипаттаған.
Ресейлік экономисттің айтуынша, бұл сөз тіркесі Путиннің соғыс құмар, бірақ шешімдерінің салдарынан алшақ адам екенін дәл жеткізеді. Бұл лақап ат тек ресейлік президенттің жасын ғана емес (Путин 73 жаста), сонымен қатар оның өз шындығында өмір сүретінін, онда соғыс ел үшін апат емес, абстрактілі ойын ретінде қабылданатынын көрсетеді.
Прокопенко сонымен қатар ресейлік элитаның Путинді нақты жағдайдан барған сайын оқшауланған деп санайтынын атап өтеді. Оның айтуынша, экономикалық және әскери ақпарат ресей президентіне бұрмалып, әшекейленген түрде жетеді. Ресейлік басқару жүйесі шындықты айтатындарды емес, жағымды жаңалықтарды ғана жеткізетіндерді марапаттайды.
Керімсал Жұбатқанов
Abai.kz