Сәрсенбі, 11 Ақпан 2026
Ақмылтық 256 0 пікір 11 Ақпан, 2026 сағат 15:11

Үлгерімі «үйреншікті» үкімет

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Немесе президенттің мақаласын оқымайтын министрлер

Орыс суретшісі Федор Решетниковтың «Тағы да екілік алдың ба?» атты атақты картинасы бар. Мектептен келген баланың әбден ұнжырғасы түскен, оған үйде жұмыс жасап отырған анасы үйреншікті ренішпен, пионер галстугін таққан апасы жақтырмай, кішкентай інісі әлі де не боп жатқанын түсінбей, қарайды, тек балаға адал, оның мектепте алған бағаларымен еш шатағы жоқ ит қана қуана қарсы алып жатыр.

Үкіметтің күні кешегі кеңейтілген отырысына қатысқан президенттің өткір сынына ұшырап, залда «мемлекет басшысы тағы да кімді сынайды екен?», - деп, қипақтап отырған үкімет мүшелері мен облыс әкімдері маған дәл осы картинадағы баланы көз алдыма елестетті.

Әрине, «макроэкономикалық» көрсеткіштер секілді үкімет ежелден пайдаланып келе жатқан «қорғаныс» құралы бар, оларға салсақ, қой үстіне бозторғай жұмыртқалап жатқан секілді.

Премьердің айтуынша: «Жүзеге асырылған реформалар кезеңінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың орнықты өсімін сақтап қалуға қол жеткізілді. Құндық мәнде ЖІӨ-нің өсуі $20,1 млрд-ты құрады.

Жалпы, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6,5% құрады. Экономикалық өсімді негізгі салалардың жедел дамуы қамтамасыз етті: Оның ішінде көлік – 17,8%-ға, құрылыс – 14,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі – 17,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 12,2%-ға, сауда – 26%-ға және ауыл шаруашылығы – 5,9%-ға өсті».

Алайда осындай «жетістіктердің» жемісін қарапайым халық көріп отыр ма?

Меніңше, әлеуметтік-экономикалық жағдайға тікелей жауап беретін Үкіметтің жұмысына баға бергенде жалпыэкономикалық көрсеткіштермен қатар, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны, дүкен мен базардағы бағалар мен коммуналдық қызмет тарифтерінің азаматтардың жалақысына сай келуі не келмеуі, ұлттық валютаның бағамы, инфляция деңгейі, экономиканың мұнай мен газға тәуелділігінен құтылу қарқыны секілді параметрлерді басты назарда ұстаған жөн сияқты. Әйтпесе, халық пен үкімет бір-біріне мүлдем қабыспайын екі әлемде өмір сүріп, бір-бірін ұғу мүмкін емес екі тілде сөйлеп жатқандай боп көрінері хақ.

Бұл жолғы сөзінде президенттің өзі тағайындаған министрлер мен әкімдерге көңілі толмайтыны сезіліп-ақ тұрды. Әдетте дипломатия шегінен шықпайтын мемлекет басшысы бұл жолы есте қалатындай сөз тіркестерін қолданып жатты: «Шынайы өмірге түк қатысы жоқ «құрғақ» ұсыныстар беру, қысқасы, нәтижесі жоқ іспен айналысу мүлдем болмауы қажет». «Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз», «Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек», «Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады», «Ашығын айту керек, бізде мынадай жағымсыз үрдіс пайда болды: жоғары басшылық деңгейіндегі келіссөздердің алдында өте белсенді жұмыс жүргізіледі, ал кейін тым-тырыс болып қалады», «...шикізатты сыртқа шығарамыз да, одан жасалған дайын өнімді басқа елдерден сатып аламыз. Парадокс. Мұндай тәжірибені доғару керек», «Шешімді қабылдар алдында оның салдары қандай болатынын ешкім ойламайды».

Президент әдетте қолдана бермейтін «өз-өзіне сенгіш дилетанттар», «солжағалаулық адамдар», «ессіздік» сықылды эмоциялық сөз тіркестерін қолдануы да көп нәрсені аңғартса керек...

Мынадай сұмдық бағалардан кейін үкімет жұмысына «екілік» қоймай, қандай баға қоюға болады?

Жә, мұнымыз қалыптасқан жаңдайды тым қарабайыр қабылдау да болар: саясат, оның ішінде, мемлекеттік органдардың жұмысына әділ баға беру тек қана бұндай мақаламен шектелмесек керек, оған қоса, бұл үкіметті тағайындаған президенттің өзі, өз қолын өзі қалай кеседі?

Алайда, үкіметтен жұмысын жақсартуды тек қана президент талап етуі керек пе?

Жоқ!

Меніңше, жылына бір рет болатын осындай жиынды күтпей-ақ, қордаланып қалған, кезек күттірмес мәселелерді анықтап, оларды шешу жолдарын ұсыну – қоғамның да міндеті деп білемін.

Күн сайын отырыс өткізетін Парламент депутаттары қайда? Президенттің аузынан шығып жатқан өткір сын неге заң шығарушы органда алдымен айтылмайды? Әлде бәрі – депутаттар да, үкімет те – бір партиядан болған соң, қарға қарғаның көзін шұқымай ма? Үкіметтің әрбір қадамын аңдып отыруға тиіс «оппозициялық» партиялар қайда?!

Меніңше, біздің билік елдегі тәуелсіз экономистер мен қаржыгерлердің интеллектуалдық әлеуетін жөнді пайдалана алмай отыр. Әлде, үкіметте отырғандар өздеріне сын және балама ой-пікір білдіретін кәсіби қауымды  өз дұшпаны не бәсекелесі көріп, жақтырмай ма?

Келісіп пішкен тон келте болмас, әгәрәки үкімет, облыс әкімдері нақты экономикалық, қаржылық шешімдер қабылдар алдында осы қауыммен ақылдасып, кеңесіп алғанда, бәлкім, ол шешімдердің бір қайнауы ішінде болмай, шенділер кешегідей президенттің қатты сынына ұшырап жатпас па еді, кім біледі?

Президент өз сөзінде бір қызық жайтпен бөлісті: «Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады».

Өте өкінішті жағдай!

Бірақ мен бір нәрсені анық білемін: министрлер мен облыс әкімдері көркем шығарма не президенттің сөздері мен сұхбаттарын оқымаса да, өздері туралы мақтампаз мақалаларды рахаттанып оқиды. Оқып қана қоймай, өздеріне бағынышты (ресми қаржы мен бейресми ақы арқылы) БАҚ және тұлғалар арқылы сондай жарияланымдарды ұйымдастырады, соған үлкен көңіл бөледі. Керек десеңіз, өздері озат боп шығатын алуан-түрлі рейтингсымақтар ұйымдастырады. Соны міндетті түрде «президент көрсін» деп, жоғары жаққа жолдайды, әлеуметтік желілерде жарнамалайды.

Бәлкім, президент айтып отырған «қаржыны үнемдеу» мәселесін дәл осы шығындарды зерттеуден бастау керек болар...

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір