Елге құрмет болғанда ғана мемлекет еркін гүлденеді!
Сан түрлі маңызды мамандық иесі 130 адамның ақылымен дайындалған жаңа Ата заңның жобасына Президент биік мінберден әлі де өзгерістердің болатынын ашық айтты.
Көктем – тұтас тіршілік көзі, бастауы. Мемлекет Президенті Қасым –Жомарт Тоқаев арнайы Жарлыққа қол қойды. 15 наурыз жексенбі - Жалпыхалықтық референдум. Сенімді таңдау – ел азаматтарының өз еркінде. Бұл – шын мәніндегі Халыққа деген зор құрмет!!
Ал 12 реткі терең талқы-талдау, жанпида жиналыс-отырыстан соң жаңа Конституцияның қортынды жобасы толық дайындалып, Ел тарихында тұңғыш рет Қазақ тілінде жазылған жаңа мәтін жарияланды.
Үміт, әлі де алда. 12 мил 400 қазақстандықтар Референдумда таңдау жасаудан бұрын Президентіміз шынайы мемлекетшіл, халықшыл, отансүйгіш, жауапкершілігі жоғары адал азаматтардың айтарлықтай тіректі ой-ұсыныстарын тағы да ескеріп, жаңа Ата заң мәтіні қосымша нақты нормалармен толығады деген сенімдеміз.
Бір анығы, санада серпіліс тудырған тың жаңару, бөгенайы бөлек айтулы оқиға ретінде жалпы халықтың назарында һәм терең тарих қойнауында сақталар жаңа конституциялық реформа мемлекеттің халықпен кері байланысын артырды. Бұл шын мәніндегі өзгеріске тұратын оң қадам.
Қоғамдық талқылауға түскен тарихи маңызды бетбұрыстан кейін мемлекет пен халық, үкімет пен азаматтар арасындағы тілегі бір ішкі біртұтастық ашық байланыс одан ары жақсаруы бек мүмкін. Жаңа Ата заң қолданысқа енгенен соң оның ел өмірінен айқын көрініс табары күмәнсіз. Алайда ол үшін біраз мәселелер сөзсіз оң шешім тауып, Президент айтқандай: «мемлекет адам үшін» деген қағидатты басшылыққа алу аса маңызды. Бұл екі жаққа да аян соңғы ақиқат.
Хош, «Конституция» сөзін Ата Заң емес, «Ата заң» деп айтып, осылай жазып, бірізді қолданысқа икемдеп, қастерлі кітаптың сыртқы қызылқоңыр мұқабасын көк тумен түстес түспен көмкерсек, құба-құп. Өкінішке орай қортынды жобада сыртқы формадан да маңызды саналар саңлаулар да кездеседі.
Иә, жаңа Конституцияның қортынды жобасын талқылау, азаматтық көзқарас білдіру құзыреті заңмен бекітілген. Қоғамдық талқылауға саналы түрде атсалысу әр кімге парыз да міндет. Бұл заман талабы, ортақ мұрат. «Конституция – тек құқықтық құжат емес, қазақ тілінің ең кемел, ең биік, стильдік үлгісі болуға тиіс, ол «тілдік үлгінің ең жоғарғы көзі». Ендеше ел тарихында тұңғыш рет Қазақ тілінде жазылған Ата заң дегенімізбен мәтіндегі терминдердің жасалу ойлау логикасы көбіне орыс тілінің синтаксистік үлгісіне сүйенгені өткір сөз болуда.
Демек, жаңа нұсқада жиі кездесетін «...емес» негізінде жат сөз-сөйлем үлгісі. Қазақ тілінің ойлау нормасын сақталмаған. Демек ол мәтіндерді бірден тездеп қазақ тілінің өз модельдеріне алмастыру кезек күттірмес шаруа (!). Сөз және атаудың барлық нормалық үлгісі бас құжат Конституцияда көрініс табуы – басты талап. Бұл тұрғыда Тіл маманы, профессер Қайрат Ғабитханқлының «Термин Конституциядан басталады» мақаласында өте нанымды дәлелденген сараптамалық ой-түрткі пікірлерін қосымша норма ретінде енгізу - кейінгі ауыр зардаптардан сақтайды деп санаймыз: Бұған өз тарабымыздан 12- бапта кездесетін «...тұрғын үйге қол сұғылмаушылық» дегендегі «сұғылмаушылық» деген сияқты бір түрлі сөздерді де қосып айтуға болады. Қысқасы, «Ата заң» тілі – Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару орындарында қолданылатын, Конституцияда көрсетілген «ҚР мемлекеттік тілі – Қазақ тілінің» нақты өлшем бірлігі. Ол – сан түрлі заңдар мен ақпараттың және мәдениеттің тілі.
Ал енді екі ұдайылық болдырмау үшін Президент бастамасына қолдау білдірген Мәжіліс депутаты Самат Мұртаза айтқандай: «Қазақстанның Алатау шаһары – Қытайдың Гонконгның, Кореяның Пусанының, БАӘ Дубай шаһарларының егізіне айналу керек» қажет болып, қандай да бір аймақ пен қалаға «қарқынды дамитын» арнаулы құқықтық режимі көзделетін болса онда қазақстан халқына толыққанды ақпарат беріліп, түбегейлі түсіндіру жұмыстары шынайы жүргізілуі керек. Бұл өз кезегінде Ел ішінде қайшылық, дүрбелең туғызуы мүмкін дейтін күмән мен күдіктерді үйіп-төгіп үркіткен, қорқытқан, қолтыққа су бүркіген түбін білмейтін кері көзқарастар мен нашар пиғылдарды аластайды.
Жұртқа аян, «тең» мен «қатар» атаулары тіл заңында мың жерден синоним сөздер болса да ауыстырылды. Қабылдайық. «Реформаның ішіндегі халықтың қалауымен болған жалғыз шегініс», -дейді депутат Ринат Зайыт, - «Өзгерісті енгізудің өзі – халықпен санасу». Кері байланыс дегеніміз осы. Өкінішке орай, Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов айтатындай қанша зерделенгенімен де бәрі бір «ресми түрде» сөзі қарайып сол қалпында қалды. Алайда Ел үшін ортақ мұрат жолындағы сұраныс пен өтініш әлі де күн тәртібінен түскен емес. Ол туралы Серік Ерғали, Нұркелді Әбдіғани, Біләл Қуаныш, Кажымурат Толеген т.б. азаматтардың тұжырымдары ескерілгені оң болар. Біздің қосарымыз: Ең маңызды деген 9-баптың 1-тармағы бас-аяғы бір-ақ ауыз сөз - 48 таңба. Бірден келте (!). Қазақстантанушы шетелдік ғалымдар мен ізденуші сырт көз үшін де қораш, жеткіліксіз көрінері хақ. Біздіңше кем дегенде Мемлекеттік тілдің мәртебесімен бірге ең басты қызметі мен міндеттері қысқа да нұсқа көрсетіліп, қосымша кәделі нормалармен толықтырылуы қажет-ақ. Қалған білуге тиісті барлық мазмұндары «Тіл туралы заңда» жіліктеледі.
14 наурыз тыныштық күні, 15 наурыз назарымыз Халықта!
Елге құрмет болғанда ғана мемлекет еркін гүлденер!
Думан Аманұлы
Abai.kz