Жұма, 13 Ақпан 2026
Көршінің көлеңкесі 2901 0 пікір 13 Ақпан, 2026 сағат 14:43

«Мемлекет тұрақтылығы мен халық бірлігі бәрінен биік»

Сурет: Kloop.kg сайтынан алынды
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың «Қабар» агенттігіне берген сұқбатында елдегі соңғы саяси өзгерістер, атап айтқанда, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қамчыбек Ташиевтің қызметінен босатылуына қатысты түсініктеме беріпті.
Садыр Жапаров: «Мемлекет тұрақтылығы мен халық бірлігі мен үшін бәрінен биік»
– Сәлеметсіз бе, Садыр Нұрғожоұлы!
– Сәлеметсіз бе!
– Бүгінде қоғамда Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары — ҰҚМК төрағасы Қамчыбек Ташиевтің отставкасы мен одан кейінгі кадрлық өзгерістер қызу талқыланып жатыр. Көпшілік үшін бұл шешім күтпеген жағдай болды. Пресс-хатшыңыз мұны «Қамчыбек Ташиевтің атын жамылған адамдар қоғамды іріткіге салғысы келді» деп қысқа қайырды. Халық арасында бұған «75 адамның хаты» себеп болды деген пікір бар. Ол хаттың артында кімдер тұр және олардың мақсаты не?
– Мен бұл тақырыпта пікір білдіргім келмеген еді, бірақ сұраған соң айтайын.
Біріншіден, 2021 жылы халық маған сенім артып, президент етіп сайлады. Конституция бойынша мен мемлекет тұтастығы мен ел бірлігін сақтауға міндеттімін. Мен үшін мемлекет мүддесі лауазымнан да, достықтан да жоғары.
Бәрі Жогорку Кеңештен басталды. Кейбір депутаттық топтар басқа депутаттарды шақырып «Сен қай жақтасың?» деп бөле бастаған.
«Біздің жақ — генералдың жағы» деп погон көрсетіп, ал «арғы жақ — Президенттің жағы» деп іріткі салған.
Кейін бұл «ақсақалдар» арасына жайылды. Олар «жоғары жақпен келісілді» деген өтірікке сендіріп, мерзімінен бұрын сайлау өткізу үшін қол жинай бастаған.
Егер мен дер кезінде батыл қадамға бармағанда, халық екіге бөлініп кетер еді.
Себебі мемлекеттік қызметкерлерді «генералмен» қорқыту деректері болды.
Сондықтан мен досыма хабарласып, жағдайды түсіндірдім де, оны қызметтен босаттым.
Бұл шешім арқылы мен оны айналасындағы теріс пиғылды адамдардан арашалап қалдым деп есептеймін.
– Қоғамда «Жапаровтың командасы» және «Ташиевтің командасы» деген ұғымдар пайда болды. Бұған не дейсіз?
– Кадрлық мәселеде ешқандай бөлінушілік жоқ. Мен барлық басшыларға тек кәсіби мамандарды ұсынуды талап етемін. Сондықтан «Жапаровтікі» немесе «Ташиевтікі» деп бөлуге негіз жоқ.
– Сайлау алдында «бір мерзім — сен, бір мерзім — мен» деген келісім болды деген қауесет рас па?
– Қырғызстан — демократиялық ел. Мемлекетті кім басқаратынын бір топ адам емес, халық шешеді. Конституция бойынша әр азаматтың құқығы бар, ал кімнің рейтингі жоғары болса, сол сайланады. Мұндай әңгімелер халықтың таңдау құқығына қиянат жасаумен тең.
– Конституциялық сотқа жүгінудің себебі неде?
– Қоғамдағы даулы сұрақтардың заңды жауабы болуы керек. Конституциялық сот — кез келген құқықтық мәселеге соңғы нүктені қоятын орган. Бұл заңды әрі логикалық қадам.
– Жогорку Кеңеш Төрағасының қызметтен кетуі осы оқиғалармен байланысты ма?
– Тікелей байланысты деп айта алмаймын. Бәлкім, ол сол топтардың ықпалында кеткенін немесе депутаттар арасындағы жікке бөлінуге жол бергенін сезініп, жауапкершіліктен соң осындай шешім қабылдаған шығар.
– ҰҚМК-де қандай реформалар болады? Ол тек барлау мен қарсы барлаумен айналысатын классикалық үлгіге көше ме?
– ҰҚМК өз миссиясын толық орындады. Бірақ мемлекет — тірі ағза, ол үнемі дамуы керек. Бүгінгі қауіп-қатерлер басқа. Сондықтан заман талабына сай сапалы реформалар жасалады.
– Желіде ҰҚМК қызметкерлері Ташиевтің атын жамылып, заңсыздықтар жасады деген айыптаулар бар. Бұл тексеріле ме?
– Бізде ешкімді «бауырына басу» немесе қылмысын жасыру деген жоқ. Тіпті жақын туыстарымыз заң бұзса да, жауапқа тартылып жатқанын көріп отырсыздар. Егер заңсыздық анықталса, әрбір қызметкер жауапқа тартылады. Заң алдында бәріміз теңбіз.
– Халық сіздерді «екі дос» деп атайды. Бұл шешім достықтарыңыздың аяқталғанын білдіре ме?
– Достығымыз сақталады. Мен оны қызметтен босатарда хабарласып, мән-жайды айттым. Достықты қызметпен немесе мүддемен байланыстыру дұрыс емес. Бұл шешім тек мемлекет тыныштығы үшін қабылданды.
– Жемқорлықпен және қылмыспен күрес тоқтай ма?
– Ешқашан тоқтамайды. Бұл күрес тәулік бойы жүреді. Біздің елде жемқорлық пен криминалдың тамырына балта шабылуы тиіс.
Abai.kz
0 пікір