Қазақ тарихының геродоты
Танымал тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры туралы жары Халима апай әңгімелейді
Кеңес Одағындағы әміршіл-әкімшіл жүйе қырқыншы жылдардың соңы мен елуінші жылдардың басында өзінің шарықтау шегіне жетті. Елде Сталиннің жеке басына табыну белең алды. Интеллигенцияға қатысты еркін ойды қудалайтын саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі басталды. Ахмет Жұбанов Қажым Жұмалиев, Бек Сүлейменов т.б. зиялы қауым өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырады. Көрнекті ғалымдар Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезовтер қудалауға ұшырап, Қазақстаннан кетіп қалуға мәжбүр болды. Ленинград пен Мәскеуде "Ленинградтық іс", "дәрігерлер ісі" "қолдан жасалып" жатқан кезде, Қазақстанда "Бекмаханов ісі" пайда болды.
«Танысуымызға сеп болған - кітапхана»
Танымал тарихшы Ермұхан Бекмахановтың тағдыры туралы жары Халима апай әңгімелейді
Кеңес Одағындағы әміршіл-әкімшіл жүйе қырқыншы жылдардың соңы мен елуінші жылдардың басында өзінің шарықтау шегіне жетті. Елде Сталиннің жеке басына табыну белең алды. Интеллигенцияға қатысты еркін ойды қудалайтын саяси қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі басталды. Ахмет Жұбанов Қажым Жұмалиев, Бек Сүлейменов т.б. зиялы қауым өкілдері де қуғын-сүргінге ұшырады. Көрнекті ғалымдар Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезовтер қудалауға ұшырап, Қазақстаннан кетіп қалуға мәжбүр болды. Ленинград пен Мәскеуде "Ленинградтық іс", "дәрігерлер ісі" "қолдан жасалып" жатқан кезде, Қазақстанда "Бекмаханов ісі" пайда болды.
«Танысуымызға сеп болған - кітапхана»
Тарихшы Ермахан Бекмаханов (1915-1966) соғыс жылдарында Алматыда болған белгілі тарихшылар А.П.Кучкин, А.М.Панкратова, В.Д.Греков және т.б. бірігіп 1943 жылы "Қазақ ССР" тарихын әзірлесе, ал 1947 жылы "Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында" атты монография дайындаған еді. Оның Кенесары Қасымұлының көтерілісіне қатысты көзқарасы ұлтшылдық сипатта-саяси зиянды деп саналды. Сөйтіп, Е.Бекмаханов 1952 жылдың 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды. Тек Сталин қайтыс болғаннан кейін 1954 жылдың 16 ақпаны күні Бекмахановқа КСРО ішкі істер министрлігі оның үстінен қозғалған істің тоқтатылғанын мәлімдеп, бостандыққа шығарады. Содан бастап 16 ақпанды Бекмахановтар отбасы Ермұханның туған күні деп тойлауды үрдіске айналдырды. Әрине, дәл осы айтулы датаға орайластыра алмасақ та, біз тарихшы Ермұхан Бекмахановтың жұбайы Халима Адамқызын арнайы іздеп барып, әңгімелескен едік:
- Ерекең - тарихта үлкен із қалдырған тұлға. Небары елу жыл ғана өмір сүрсе де, артына мол мұра тастап үлгерді, - деп бастады әңгімесін Халима апа. - Ол кісі Омбы, Орынбор, Мәскеу, Ташкент жеріндегі бай мұрағатта күні-түні отырып тынбай ізденетін. Екеуміздің танысуымызға сеп болған да сол кітапхана. Мен өзім Ташкентте тұратынмын. 1946 жылы мен дипломдық жұмысымды жазуға сондағы Науаи атындағы кітапханаға барғанымда, Ерекең ғылыми ізденіспен сол жерде жүр екен. Көрікті тұлғасына сай көп ізденетін жан екені көрініп тұрды. Танысқаннан бастап тез тілтабысып кеттік. Ол кісі менен ешқандай сыр жасырған жоқ, бірден өзінің жары, үш баласы барын, бірақ жұбайымен аралары онша жақсы емес екендігін айтты. Біз сегіз жыл заңды тіркеуден өтпей бірге тұрдық. Себебі жұбайы ажырасуға келісім бермеді. Тек Ерекең репрессияға ұшырап, түрмеге жабылғанда барып, балаларына зияны тиіп кетпесін деп, еріксіз келісімін берді. Сөйтіп Ермұхан ақталып шыққаннан кейін, яғни 1954 жылы заңды некеге отырдық. Мен Ерекеңнен он жас кіші болғандықтан, ол кісіге қашанда арқа сүйедем, басымды иіп бағындым. Талантты адамның қашанда мінезі ерекше болады ғой. Ерекең де сондай қатал, шыншыл, ешқашан өтірік сөйлемейтін, сондықтан өтірік сөйлейтіндерді де ұнатпайтын кісі еді. Өз дегенін тура айтып, нақты істейтін. Бірде-бір бастықтың алдында кезек күтіп отырмайтын. Кіріп кетеді де, өзіне керегін айтатын. Адамдар арасындағы сүйкімі керемет болатын да, бір кісі оған қарсы келмейтін. Екеуміз бірге өмір сүрген жиырма жылда мен де бірде-бір рет ол кісінің бетіне қарсы келіп, «сен» деген емеспін. Үнемі «сіз» дейтінмін. Оқуға берілген, кітапқұмар еді. Ленинградта жүргенімізде үш-төрт сағаттап букинистік дүкендерді аралап, тарихи кітаптап іздейтін. Сондай күндердің бірінде Шоқан Уәлихановтың 1904 жылы шыққан кітабын тауып алып, баладай қуанғаны есімде.
Өнерге жан-тәнімен ғашық еді. Үйіміз театрдың жанында болды да, үнемі кешкісін «аздап таза ауа жұтып келейін» деп кетеді де, содан бір-екі сағат өткеннен соң бір-ақ оралады. Сол арада бір қойылымды көріп үлгереді екен ғой. «Біржан-Сара» операсын сондай жақсы көруші еді. Өзі де домбыра тартып, пианинода ойнайтыны бар-ды. «Мен егер ғалым болмағанда, әртіс болар едім» деп күлуші еді.
«Кенесарыны зерттеуге Халел бағыт берген-ау... »
Өмірбаяны «1915 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданында Жасыбай деген жерде кедей шаруа Бекмахан Бегенұлының шаңырағында дүниеге келді» деп келетін Ермұхан Бекмахановтың Абылайханның ұрпағы екені кейінгі кездері ғана ашық айтыла бастады. Әкесі Ермұхан алты жасқа келгенде дүние салса, анасы Бәпіш мен қарындасы ашаршылықта көз жұмып, денелерінің қайда қалғаны да белгісіз қалыпты. Содан сүйеу болар ешкімі жоқ Ермұхан оқу-білімге бас қойып, алдымен Баянауылда жетіжылдық мектепті, одан кейін Семейдегі жоғары оқу орнына даярлайтын бір жылдық курсты тәмамдайды. 1933 жылы Қазақ АКСР оқу-ағарту халық комиссариатының жолдамасымен Воронеж қаласындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа қабылданып, 1937 жылы сондағы тарих факультетін бітіреді. Осы оқу орнында оқып жүргенінде Бекмахановтың қазақтың соңғы ханы Кенесарыны зерттеуге кірісуіне түрткі боларлық бір оқиға орын алады. Осы жөнінде ғалымның жұбайы Халима апа былай деді:
- Воронежде жүргенімде үнемі бір қазақ кісіні көретінмін, - дейтін Ерекең. «Осы кісі шынында да қазақ болса ғой шіркін» дейтінмін. Шет жерде қандасыңды ұшырату қандай керемет! Көпке дейін бата алмай жүрдім де, бір күні ақыры жанына барып, «аға, сіз қазақсыз ба?» деп сұрадым. Ана кісі «Иә балам, мен қазақпын» демесі бар ма?!». Сөйтсе, ол Воронежге жер аударылған алаш ардақтыларының бірі Халел Досмұхамедов екен. Солайша екеуі үнемі кездесіп, әңгімелесіп тұрады. Халел Досмұхаммедов өзі дәрігер болса да, тарихты жақсы білген зиялы адам. Ал, Ерекең ол кезде ауылдан енді ғана шыққан, өзі орысша оқыған студент. Сондықтан Ерекеңе Кенесары ханды зерттеуге бағыт берген де сол Халел Досмұхаммедов шығар деймін кейде.
Хан Кене жайлы зерттеу жұмысына кіріскелі жүргенде соғыстың қаралы хабары жетеді. Сол тұста ҚазКСР Оқу халық комиссариатында мектептер басқармасының бастығы болған Ермұхан Бекмахановтың майданға аттанбақ болған. Бірақ бала жастан серігі болып келе жатқан өкпе ауруы оның алдын кес-кестейді. Ер-азаматтың барлығы Отан үшін от кешіп жүргенде, елде әйел, бала-шағамен қала беруді ар санаған ғалым қару алып жауға қарсы соғыспаса да, соғыс жүріп жатқан жерлерді аралап, сол кездің тарихын қағаз бетіне түсіру жұмысымен айналысты. Соғыс жағдайына байланысты Қазақстан жеріне келіп жұмыс істеген Анна Панкратова, Николай Дружинин, Михаил Вяткин секілді орыстың мықты ғалымдармен бірге Ермұхан Бекмаханов та Қазақстан тарихын жазуға кіріседі. Соның ішінде бір бөлімі Кенесары хан жайлы болады. Сол оқулықтың жазылуы мұң екен, аяқ астынан дұшпандар пайда болып, «бұл ұлтшылдықты насихаттайтын, байлар мен хандарды мадақтайтын кітап» деп аяқтан шалуға тырысады. Әйтсе де тарихшы оған бола сағын сындырмай, бастаған ісін әрі қарай жалғастыра береді. Орталық Комитеттің өзі тарихшының дарыны мен ерен еңбегін бағалап, кандидаттығын қорғауға үш айға іссапарға шығарады. Ондай бұрын-соңды тарихта болмаған оқиға екен. Соның арқасында Ермұхан Бекмаханов 1943 жылы Мәскеуде Кенесары хан жайында ғылыми диссертациясын сәтті қорғайды.
«Байшыл Бекмаханов» және 25 жыл...
Ғылым жолына шындап берілген Ермұхан Бекмаханов араға үш жыл салып 1946 жылы «Қазақстан 19 ғасырдың 20-40 жылдарында» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғауға Мәскеуге қайта барады.
- Ерекеңнің осындай сәтін көзбен көріп, қасында болуға Мәскеуге мен де бардым, - деп Халима апа сол бір шақты көз алдына келтіргендей бір сәт. үнсіз қалды. Сонан соң: - Сол жерде тұңғыш рет Мәлік Ғабдуллин ағамызды көрдім, - деп әңгімесін қайта сабақтады. - Батыр ағамыз Бауыржан Момышұлы да қатысуға арнайы барды. Диссертация қорғалатын залға Қазақ Ғылым Академиясының негізін қалауға күш салып жүрген атақты ғалым Қаныш Сәтбаев кіріп келгенде, орыс ғалымдары орындарынан атып тұрып сәлем берді. Сондай беделі биік тұлғаның өзі Ерекеңнің қорғауына қатысып, біткеннен соң «Біздің қазақ салтында мұндай жағдайда міндетті түрде дастархан жайып, той жасайды. Сен де сол салттан аттағандай болма» деп ақша бергені бар. Ерекеңнің үш ай Мәскеуде жүріп, қаражаттан тарыққанын айтпай-ақ біліп, өзгелердің алдында еңсесі түсіп қалмауын ойлаған Қанекеңнің көрегендігі әрі ұлт намысын ойлағандығы ғой.
Солайша Ермұхан Бекмаханов қазақ тарихшыларының ішіндегі тұңғыш ғылым докторы болып елге оралды. Ежелгі дәуірден сол кезге дейінгі кезеңді қамтитын тұңғыш «Қазақ ССР тарихы» Алматыда жарыққа шықты. Кеңес республикаларының тұңғыш дербес тарихын жазудың бастамасы болғандықтан және оған соншама беделді ғалымдар күш салғандықтан, бұл кітап бірден көзге түсті. Басылым Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, сарапшылардың алғашқы сынынан сүрінбей өтті. Бірақ авторлардың қуанышы көп ұзамай, керісінше, бірнеше жылға созылған бітпес дауға, ал Бекмаханов үшін трагедияға ұласты. «Бекмаханов – феодалдықты мадақтайды, байшыл, тіпті диссертацияны өзі жазбаған, Рязановтан көшіріп алған» деген секілді неше түрлі жала жауып, аяқтан шалушылар әр-әр жерден бас көтере бастады. Соған байланысты қоғамда, баспасөз беттерінде айтыс-тартыс жүріп, ғылыми еңбек жоғарғы аттестациялық комиссия екі жылдай тіркеуге алмай қояды. Сонан соң 1951 жылы желтоқсан айында «Правда» газетінде жарияланған Бекмахановты жерден алып, жерге салған мақала жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді. Одан кейін Бекмахановтың бүкіл дипломдарын сыпырып алып, КазГУ-де сабақ беріп жүрген кафедрасынан жұмыстан босатып, партия қатарынан шығарады. Жер аударып, сонау Қытаймен шекарадағы ауылға қарапайым мұғалім етіп жіберсе де, қыңқ демей, соның бәріне төзіп, соңын баққан Ермұхан Бекмахановтың мықтылығы емей немене?!. Айдауда жүрсе де Қазақстанның Ресейге қосылуы атты еңбегінің қолжазбасын Мәскеуге апарып, қолдауға ие болғанда ғалым өзін елде «үштіктің» құрығы күтіп тұрғанына мүлдем бейхабар еді.
- Ерекең Мәскеуден сондай көтеріңкі көңіл-күймен оралды. Ғалымдардың ынта-ықыласы оған қанат бітіргені соншалықты, ол кісі өзінің айдауда жүргенін ұмытып кеткендей әсерде жүрді. Бірақ, онысы ұзаққа бармады, - осылай деген Халима Адамқызының өңі бұзылып, үнінде діріл пайда болды. Сонан соң қалтасынан беторамалын алып, көзіне келіп қалған жасын сүртті де әңгімесін әрі қарай жалғады. - Тамыздың отызында жұмысқа кіріскеннен небары бес күн сабақ беріп үлгерді, алтыншы күн дегенде сабақ беріп жатқан сыныбына «үштіктің» жендеттері кіріп келеді де, Ерекеңді абақтыға алып кетеді. Содан үш ай тергеуге алып, ақыры сот 25 жылға қамауға үкім шығарып, Үлкен Бадайба лагеріне жібереді. Мен де қарап қалмай жоғары жаққа хат жазып, арыздандым, ол кісінің ұстазы Анна Михайловна Панкратова да менің жазған арызымды қарап шығып: «Ермұхан ешкімге жау емес, бұл - әділетсіздік. Сондықтан Ермұханды шығаруға қолымнан келгенше көмектесемін» деді. Өзім ЖенПИ-де сабақ беретінмін. Ерекеңді ұстағаннан кейін мен үшін Алматыда қалудың еш мағынасы қалмады. Сосын өзімнің ата-анам, туыстарымды паналап Ташкентке кеттім. Сол жақта жұмыс істей жүрып, Ерекеңе посылка мен хат жіберіп тұрдым. Мәскеуге үздіксіз арызданумен болдым. Ерекең де түрмеде қарап жатпай, Хрущевке, Шаяхметовке хат жазып, жағдайды түсіндірумен болды. Маған жазған хаттарының әрбірінде абақтыда жатқан өзін емес, мені аяп, ертеңнен үміт үзбеуге шақыратын. Сөйтіп жүргенде 1953 жылы Сталиннің қайтыс болуы кеудедегі үміт отын үрледі десе болғандай. Көп ұзамай Ермұхан ақталып, бостандыққа шықты.
«Үлгере алмай кетіп барам...»
Жақсы адамның көкірегінде тек ізгілік ұялайтындықтан, кекшілдікке, күншілдікке орын жоқ. Ермұхан Бекмаханов қамаудан шыққан соң кезінде өзінің балағына жармасып, аяғынан шалғандарға кек қайтаруды қаперіне де алған жоқ. Ғылымда өзінің бастаған ісін әрі қарай жалғастырып, қалайда содан бір нәтиже шығаруды ғана мақсат етті. Онысы шынында жемісті болып, аз ғана уақытта бұрынғы атағы, өзінің қолынан тартып алынғанның барлығын қайтарып алды. «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деген тақырыпта тағы бір рет докторлық диссертация қорғап, екі мәрте тарих ғылымдарының докторы атанды, 1957 жылы оқулық шығарды. Ғалым әсіресе, өмірінің соңғы жеті жылында жанталаса жұмыс істеді. Ежелгі дәуірден бастап бері қарай жазып келе жатқан тарих оқулығын жалғастырып, «Қазақ КСР тарихының хрестоматиясын», «Очерки истории Казахстана ХІХ века» атты оқу құралын, көптеген мақалалар жазып үлгерді. 1962 жылы Бекмаханов Қазақ КСР Ғылым академиясына коореспондент мүше болып сайланды. Қазақстан тарихын барлық ЖОО-на енгізу арманына қол жеткізгеннен кейін бір-екі жылдан соң асыл азамат Ермұхан Бекмаханов 1966 жылы небары 51 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Оның Бауыржан Момышұлымен қоштасарда айтқан сөзі: «Үлгере алмай кетіп барам, кешіріңіз!» болса керек. Ал осыған халық атынан кешірім сұрап жауап бергендей Баукең былай деп жазыпты: «Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, деп боздар сорлы қазақ мен өлгенде». Осы сөзімді Қанышқа, Мұхтарға арнап жазып едім. Інім едің – сенімен қоштасып, басыңа қойып тұрмын. Жатқан жерің торқа болсын. Әрқашан да есімдесің, бауырым. Жылаушы Б.Момышұлы». Тарихшы, қайраткер тұлғаның қайтыс болғанынан бері де міне қырық екі жыл өтіпті. Қазақ тарихының ғылыми іргетасын қалау жолында қуғын-сүргінге ұшыраған Ермұхан Бекмахановтың өз өмір тарихы да балдай тәтті болған жоқ. Алты жаста әкесінен айрылған жас бала аштық уағында анасы мен қарындасынан да көз жазып қалды. Атадан жалғыз қалған ғалымның бағына Құдай алты бірдей перзент берді. Әкелерінің көп оқитыны, көп ізденетіні балаларына үлгі болып, тұңғыш қызы әке жолын қуып, тарихшы болса, өзімен аттас Ермұхан атты ұлы талай жылдар қазақ киномотографиясына қызмет етіп, бүгінде әкесінің артынан бақиға аттаныпты. Бірақ ең бастысы, ұлыдан ұрпақ қалды, ұлт тарихында мәңгі өшпес ізі қалды.
Мәриям ӘБСАТТАР.