Сенбі, 28 Ақпан 2026
Жаңалықтар 1427 0 пікір 28 Ақпан, 2026 сағат 21:00

Тұрғындар қауіпсіздігі үшін жаңа техника: Жетісуда құтқару қызметін жаңғырту жалғасуда

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Бүгін Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов және облыс әкімі Бейбіт Исабаев құтқарушыларға арнайы техника кілттерін тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Талдықорғандағы орталық алаңда өткен кілт беру салтанатында сөз сөйлеген өңір басшысы облыста төтенше жағдайлар саласының материалдық базасын нығайтуға жүйелі түрде көңіл бөлінетінін айтты.

- 2022-2025 жылдарда 42 дана техника сатып алынса, соның 18-іне қаражат жергілікті бюджет есебінен бөлінді. Сонымен қатар биыл жергілікті бюджеттен қаржы лизингі арқылы өрт сөндіру, құтқару бөлімшелерінің қажеттіліктері үшін 14 бірлік техника сатып алу жоспарда бар. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды жақсарту үшін жаңа өрт сөндіру деполарын салу, қолданыстағы ғимараттарды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деген Бейбіт Исабаев төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын кезең-кезеңімен жаңғырту алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Мұнан соң Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов сөз алып:

- Мемлекет басшысының қолдауымен еліміздің барлық өңірінде материалдық-техникалық база күшейіп келеді. Әсіресе, табиғаты көркем, төрт мезгілі мінезді бұл аймақта құтқару қызметі әрдайым сақадай сай болуы тиіс. Төтенше жағдай орнына жылдам жетіп, шұғыл көмек көрсету үшін техника заман талабына сай болуы шарт. Азаматтық қорғау жүйесіне көрсетіп отырған қолдауы үшін облыс басшылығына ризашылығымды білдіремін, - дей келе, ведомство басшысы қызметтерін адал атқарып жүрген құтқарушыларға еңбектерінің жемісті болуына тілектестігін жеткізді.

Жаңа көліктерге ие болғандардың бірі Жаркент қаласынағы № 11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау аға майоры Жанат Нүсіпов өз пікірін білдірді:

- Бүгін біздің бөлімге 2 арнайы автокөлік берілді. Бұл біз үшін – үлкен қолдау. Төтенше жағдайда жедел әрекет етуге және алдын алуға зор септігін тигізеді. Жаркенттік құтқарушылар көмек көрсетуге, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрқашан дайын, - деді ол.

Бұдан әрі қарай шара арнайы көлік кілттерін тапсыру рәсімімен жалғасты. Талдықорған қаласындағы, Панфилов, Алакөл, Сарқан аудандарындағы өрт сөндіру бөлімдеріне және облыстық ТЖД-ға өрт сөндіру автотехникасы, жол талғамайтын жедел-құтқару көліктері, құтқару катерлері т.б. қажетті техникалар тапсырылды.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Abai.kz

0 пікір