Қытайдың ауа сапасын басқару әдісі зерделенуде – Роман Скляр
Қазақстан Қытайдың атмосфералық ауа сапасын басқару әдісін қолдану мүмкіндігін зерделеп жатыр. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған.
- Осы жылдың 12 ақпанында Экология және табиғи ресурстар министрінің төрағалығымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және елорданың әкімдерінің қатысуымен Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу тұрғысында Қытай Халық Республикасының тәжірибесінде атмосфералық ауа сапасын басқару жүйесі бойынша кеңес өтті. Қытайда жүзеге асырылған кешенді, ғылыми негізделген және жүйелі әдіс жоғары тиімділігін көрсетті. Осыған орай қазіргі уақытта аталған әдісті Қазақстанда қолдану мүмкіндігі зерделеніп жатыр, - деді Роман Скляр.
Оның атап өтуінше, Экология кодексінің 206-бабына сәйкес, мәслихаттар қоршаған ортаны қорғау саласындағы өкілетті органның келісімімен белгілі бір аумақ шегінде атмосфералық ауаны қорғау бойынша арнаулы экологиялық талап бекітуге құқылы.
- Қазіргі уақытта министрлік өңірдің (Шығыс Қазақстан облысы) экологиялық ахуалын жақсарту үшін жедел, орта және ұзақ мерзімді іс-шаралар кешенін әзірледі. Ол 2026-2028 жылдарға арналған атмосфералық ауаны қорғау бойынша бағдарлама әзірлеу барысында есепке алу үшін әкімдікке жіберілді. Жалпы, Өскемен қаласының экологиялық ахуалын жақсарту мәселесі министрлік пен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бақылауында тұр және жұмыс жалғасады, - деді Роман Скляр.
Abai.kz