Бейсенбі, 5 Наурыз 2026
Анық-қанығы 1288 0 пікір 5 Наурыз, 2026 сағат 14:37

Азаматтық қоғам құрудың кіріспе теориясы

Сурет: aikyn.kz сайтынан алынды.

«Демократия елесі» тәтті түс – тарихи шолу

 Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі ұдайы тарихында Азаматтық қоғамға ұмтылумен келеді. Бастапқыда оны ұлтымыздың болмысына тән дәстүрлі дала демократиясы тетіктерін жаңғырту арқылы жүзеге асыру мүмкіндіктерін қолдануға үміт оты пайда болды. Бірақ, КСРО ыдырағаннан кейінгі посткеңестік елдердегі тоталді дағдарыс оған мүмкіндік бермеді. Керісінше, дағдарыс жағдайында мемлекеттік билікті бір орталыққа шоғырландырған «қолмен басқару» ережесі жүзеге асты. Әрине, ондай жағдайда мемлекет пен қоғам дамуы «азаматтық қоғамды» емес, биліктегі Тұлғаның қарым‑қабілетіне тәуелді бола түсетіні анық. ҚР да, көп ұзамай, осы сүрлеуге түсті...

Бұл – мемлекет үшін де, қоғам үшін де орыстың ешбір адами қалыпқа келмейтін «русская рулетка» ойынына ұқсас құбылыс еді: мұнда да «не – өлесің, не – тірі қаласың, тірі қалсаң – ұтасың, жеңілсең – оның құны ажал» деген принцип бастапқы ролде тұрды. Сөйтіп, қоғам осы кездегі көшбасшылықты қолына ұстаған адамның болмысына, басқару қабілетіне, адалдығы мен әділеттілігіне, турашылдығына сенім білдіруі керек болды. Ал, Тұлғаға осы «ролді ойнауы» керек болды...

Міне, қоғам дамуында осы тұрғыда «русская рулетка» жүзеге асады:

а) Тұлға не осы үміттенген қасиетке ие, оны жүзеге асырады;

б) Тұлға ол қасиеттерге ие емес, ол оның иммитациясын жасайды. Ал мемлекет пен қоғамды өзінің «табиғатына сай қажеттіліктеріне» бағындырады...

Ал, бұл сұрақты басқаша қарастырсақ, онда ол былай боп шығады: «Азаматтық қоғамның дамуы – диктатураның өлуі, Диктатураның орнауы – азаматтық қоғамның өлуі» деген принцип жүзеге асатынын көреміз.

Әрине, бұл процесс революциялық жолмен емес, керісінше эволюциялық жолмен, «демократиялық тетіктерді» қолдана отырып, қоғамдық сананы «жалған демократия елесімен» манипуляциялау арқылы өзіне сендіріп, оны «экономикалық және басқа қауіп‑қатерлермен тұздықтап» ‑ соңында диктатордың абсолютті билікке  қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Міне, осы бағытта «русская рулетка» ойынына қатысушы кейбір қоғамдардың жолы болады:

а)  Олардың бағына қарай Көшбасшы халқының қамын шын ойлайтын Тұлға болып шығады. Тұлға сыртқы формасы, яғни, басқару принципінде «диктаторлық» көрінуі мүмкін, бірақ, Тұлғаның субъективті болмысы – шынайы демократиямен ұштасқан – оның көзге көрінбеуі де мүмкін.

Ал, кейбір қоғамдардың жолы болмайды:

б) Олардың сорына қарай қоғамның өзі «таңдап алған», не болмаса, «сенімге кірген» Көшбасшы билікті алып алған соң халқының емес, өзінің қарақан басын ойлайтын, дүниеге тоймайтын, өзінің оқшау «бақытты әлемде» өмір сүруін «халқының да бақытты өмір сүруі» деп шатастырып алған Тұлға – өмірге ең бақытсыз қоғамды алып келеді (Әл‑Фарабиді оқыңыз).

 Қоғам осы мәселенің ара‑жігін ажырата ала ма?

Кейде біз әлемге белгілі болған француз философы, граф Жозеф де Местрдің «Әрбір халық  өзінің билеушісіне лайықты» деген қанатты сөзін алға тартып, «диктаторлық трагедияға» тап болған қоғамның өзін айыптауға дайын тұрамыз. Бірақ, шындықтың екі жағы бары сияқты, қоғамды көзсіз айыптауға сірә да болмас.

Себебі, мұнда ең алдымен «қоғам болмысы» ескерілуі тиіс:

Егер, қоғам «әділеттілік – адамның, әсіресе, биліктегі Тұлғаның табиғи болмысы» деген ұстанымда болса – мұндай қоғам Құдайдың сүйіспеншілігене бөленген, табиғаты таза, санасына жамандық ұяламаған «періште саналы» Қоғам болып табылады. Тіптен, мұндай Қоғамға жаманшылық жасаудың өзі зор күнә, ақылы бар адамға!  Ол аз десеңіз, мұндай қоғамдық ортадан зұлым адамның өсіп шығуының өзі нонсенс деуге болады...

Ендеше, дәл осындай қоғамды өзінің зұлым уысына ала алған Тұлғаның өскен ортасы мен алған тәлім‑тәрбиесін өзге жақтан іздеген дұрыс сияқты... – мәселен, бұрын бодантықта болған кезде оны «бодан еткен», оған зұлымдықты үйреткен ортадан делік... Ол «сәттілік оған серік болып», билікті қолына алғанда – сол «зұлымдық табиғаты» оянып, оның бар жақсылығы тек қарақан басына қарай ойысады. Халық болса – «өз күнін өзі көруге» кіріседі – «әйтеуір бір тіршілік жасау керек қой, тірі болғасын» дегендей...

Міне, осы арада біз қоғамның «азаматтық болмысы» мәселесіне қайта ораламыз:

а) Қоғамның азаматтық болмысы тек қана оның билігінің көмегімен, оның қолдауымен қалыптасатын құбылыс;

ә) Азаматтық қоғам бола алмады деп Қоғамды айыптау – абсурд!;

б) Қоғамды «Азаматтық қоғам құру» мәселесін тек қана биліктің шыңы көтеруі жеткіліксіз, оны іске асыруға тұтас  «билік жүйесі» кіріспесе – «Азаматтық қоғам» идея күйінде қала береді. Ол биліктің өз позициясын нығайтудың кезеті «Ұраны» болып қалады;

г) Азаматтық қоғам мен Билік біріккенде – мемлекетте шынайы демократиялық қатынастар орнайды: Әділеттілік принципі – декларация емес, соттың, құқық пен заңның, билік пен қоғам қатынасының преамбуласы болып шығады.

Міне, біздің «Азаматтық қоғам құрудың кіріспе теориясы» атты мақаламыз осымен аяқталды. Келесіде оның қыр‑сырын одан әрі қарастыратын боламыз.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ,

Abai.kz

0 пікір