Header Banner
Жұма, 13 Наурыз 2026
Арылу 122 0 пікір 13 Наурыз, 2026 сағат 14:03

Мені іздеп келген жеті жұмбақ адам

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

2 сынып оқитын кезімде алдымызға "Табиғат" деген оқулық берілді. "Табиғаттан" ғарышкердің суретін алғаш рет көрдім. Ғарышкердің суретін сипап таңғалып отырдым, 2 сынып оқушысының мұндай сезімін кім түсінсін?! Шынтуайтында, мұндай ғарышкерге тән бейнені 3 жасымда суреттен емес, өз атамның үйінің есігінен көріп алғам. Олар ғарышкерлер емес. Бірақ, киімдері бұлармен ұқсас көрінеді.

Сол бір уақытта атам үйінде адам жоқ, сол үйдегі жеңгеміз ғана жалғыз қалған соң, қорқып, біздің үйдің бірнеше баласын әкемнен сұрап ертіп кетті. Сол үйде отырғанымызда, бір кезде сыртта аяқ дыбысы естіліп, секемшіл жеңгемның ымымен төргі үйдің шамын сөндірмей, қарсы үйге өтіп кеттік. Орта тұсына әйнек орнатылған қарсы үйдің есігінен төр үй мен қарсы үйдің ортасындағы ауызғы үйге, сыртқа ашылатын үлкен есікке мойын соза қарап тұрдық. Бір кезде есік ашылды да, құшақ-құшақ аппақ бу кірді үйге. Қыстың түні еді. Құшағымыз буға, табанымыз дымға бір табан жақын. Адамда туа бітті сан санау қабілеті болатынын тұспалдаймын. Мен бұл кезде оқымаған бала болсам да, олардың нақты жеті адам екенін білемін. Бір метр жерден көрдім, киімдері ғарышкердың киімімен ұқсас. Төр үйге кіріп, лезде сол күйі сыртқа тізіліп шығып кетті. Бірінші адамнан соңғы адамға дейін іштей санап отырдым үш жасымда ешқандай әліппе бетін ашпаған болсам да.

Осыдан кейін осы ғажайыпты көрген бала кейінгі мектеп өмірінде "Табиғат" оқулығының беттерін сипаламай қайтсін, сипалап отырдым. Олардың үйде үлкендердің жоғын пайдаланып кімді іздеп келгенін ойлау ұзаққа созылады. Сол менің сәби санама "бұлар мені іздеп жүр" деген сөз ғайыптан құйылып тұрды.

2018 жылы 7 қазан күні Райымбек ауылындағы Саяхат ағаның үйінен шығып, Қазақфильмнің артындағы Бағанашылдағы үйіме таксимен бара жаттым. Такси жүргізушісі Қытайдың Бұратала облысынан 1960 жылдары келген отбасының баласы екен. Қытайдағы геноцидқа байланысты ашуын, наласын шығарып әңгіме етіп келе жатты. Өзі Қазақстан тумасы. Сол жақтағы туыстарына, барша Қытайдағы қазаққа күйінді.

Сол кезде Алматының аспанындағы ай көзімізге үйден де үлкен болып жанымызға жақын жерге келіп тұрды. Айдың мұншама үлкен болып жанымнан көрінгеніне аң-таң болып, жаңағы жігіттің сөзін бөліп:

– Айға қараңызшы. Недеген үлкен, недеген жап-жақын тұр?,– дедім. Ол да бұрылып қарап:

– Рас, недеген үлкен ай!– деп таңырқады.

Алып, аппақ бұл дөңгелек ақ майдай ағарып қала ғимараттарына тиіп көрініп тұр. Осы ай сол екеумізге ғана солай көрінді ме екен? Басқаларға көрінген болса жылт еткен жаңалықты желіге салар жеңімпаз жастар неге мән бермеді екен? Сол күні ай тым үлкен болды. Сәл алдыға қарай жүретін болса ғимараттарды кеудесімен қағып құлатардай, омырауы отаудай кеудемсоқ ай осы еді.

Түн ортасынан ауа, қазақтың бүркіт қабақты жазушысы Шерхан Мұртазаның дүниеден өткенін естідім. Осы ай сол қазаға көрінді ме екен деп, отыра қалып дұға етіп, «Алла ол кісінің жатқан орнын жаннаттан етсін!» деп бетімді сипаған соң, тағы да айды көруге сыртқа шықтым. Таң көшесі иір-қиыр котеджердің арасындағы тар көше. Бұл көше сізді Мамыр көшесіне бастап апарады. Әл-Фараби даңғылының үстінен қарап тұратын көктем толып тұратын жасыл биік. Ойымда түнделетіп эдинца салып алу да болды. Ол кезде Каспий Платежи деген жоқ.

Мамыр көшесінің аузындағы жеміс сататын дүкенге қарай жүріп келе жатқанымда мен әлгі айды көрдім. Тағы да шофер жігіт екеуміз көргеніміздей сымбатты, аппақ, алып толған ай. Сырты құрыштай берік, мұз кристаллмен қапталған. Қаралтқым бұлт жолақтары да байқалмайды. Қолдан жасағандай бұл қандай ай? Сізге өтірік, маған шын, сол кезде толған ай жолдың бұрылмасында қарауытып тұрған үйге келіп тіреліп тұрғандай, жер бетін қыдыра шалып жүргендей болды да, сол кезде ара-тұра гүжілдеп қалатын машиналардың және сирек естілетін адамдардың дабыр-дұбырын бір тылсым жұтып қойып, айнала құлаққа ұрған танадай болды. Әлгі дөңгелектің ортасынан шардан кішкентай төртбұрыш қара есік ашылды да, адамсыз, біреудің қолының әрекетінсіз сол тесіктен төменге түсетін аппақ баспалдақ қойылды.

О, тәуба, бала кезімдегі ғарышкер бейнесіндегі жеті адам тура сол кездегі еңкейген күйде, бултық киімдерімен түсті де, алтауы үш-үштен екіге жарылып сол еңкейген күйі басын көтерместен айға кірер жолға сап түзеп тұра қалды. Біреуі айды сипалап жүріп, баяу адымдап барып оның арт жағына айналып көзге көрінбей кетті.

Мен таядым, жақындадым. Бісмілла дедім. Уақыт әрең өтіп жатқан сияқты болды. Машина, адам, өзге әрекеттерден ештеңе көрмедім.

Сол кезде ай құрылғының ішінен жүз қанша қалтасы бар түлкі терісі сыртына қаратылған ішік киген ,алпыстардан асқан адам сияқты көрінетін, бірақ сақал-мұрты қою әрі қара, беттері қызыл шырайлы, нұрлы кісі түсіп алдымнан қарап тұр екен. Оның нақты қандай бас киім кигенін әліге дейін ойлап жетпедім. Ол екі қолын жазды да, маған қарай сермеп қалды. Сол-ақ екен оның жүз қанша қалтасынан «ұқ!», «ұқ!» деген ұғу, білім алу бұйрығын соққан жүз неше балапан үкі шығып маған қарай бірінен кейін бірі тоқтаусыз ұшқан.

– Менің атым – Салих!, – деп қарқылдап күліп тұр ол адам. Ұшырғанының бес-алтауы иығымда қонып отыр. Бірнешеуі иығыма қонып отырып арқама қарай асып түскен сияқты. Қалтама, кеудеме жабысқандары, төбеме қонғандары да бар. Айтпақшы, алақанымда да осы «ұқ!», «ұқ!» деп жеткен балапан үкілер бар. Маған тиместен арт жағыма өтіп кеткендері де жетерлік. Көбі денеммен жанасқан. «Ұқ!», «ұқ!» деді солай. Содан кейін маған білім қонды ма білмеймін. Ертесі орнымнан тұрғанда аузыма будақ-будақ сөздер толып тұр екен. Аяқ астынан зердем ашылып кетті де, тарихи, философиялық еңбек жазып кеттім. Әуелгі сөзімді қағазға «ұқ!» деп түсіріппін. Сол дәптер төсегімнің жанындағы кішкентай шкафтың үстінде тұр.

Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

 

 

0 пікір