Үкімет медициналық көмектің сапасын арттыру жөніндегі Кешенді жоспарды бекітті
Қазақстан Республикасының Үкіметі 2026–2030 жылдарға арналған медициналық көмектің сапасын басқаруды жетілдіру жөніндегі Кешенді жоспарды бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
Құжат Мемлекет басшысының "Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: цифрлық трансформация арқылы өзекті мәселелерді шешу" атты Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыруға бағытталған.
Кешенді жоспар медициналық қызметтердің сапасын бақылау мен басқарудың деректерге, цифрлық технологияларға және жасанды интеллектке негізделген жаңа моделіне көшуге бағытталған.
Жоспарда жүйені дамытудың төрт стратегиялық бағыты айқындалған:
- медициналық қызмет көрсету саласындағы реттеуші құралдарды жаңғырту;
- жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы сапа сараптамасының жаңа моделін қалыптастыру және Ұлттық сапа институтын құру;
- кәсіби медициналық қоғамдастық пен пациенттердің рөлін күшейту;
- сапаны басқару жүйесін толық цифрлық трансформациялау.
Жоспар аясында:
- медициналық ұйымдардың 70%-ы лицензиядан кейінгі мониторингпен қамтылады;
- медициналық ұйымдардың кемінде 80%-ы жаңа стандарттар бойынша аккредиттеледі;
2028 жылға қарай медициналық көмектің сапасы мен көлемін мониторингтеудің кемінде 20%-ы жасанды интеллект арқылы жүргізіледі.
Сонымен қатар Денсаулық сақтауды дамытудың Ұлттық ғылыми орталығының базасында Ұлттық сапа институтын құру жоспарлануда. Институт медициналық көмектің сапасын бағалау мен талдаудың әдіснамалық орталығы болады және оның қызметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының техникалық қолдауымен жүзеге асырылады.
Кешенді жоспарды іске асыру медициналық ұйымдар жұмысының ашықтығын арттыруға, басқарушылық шешімдерді объективті деректер негізінде қабылдауға және көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жүйелі түрде жақсартуға мүмкіндік береді.
Abai.kz