Қоңыр дәптерге қонған ойлар (жалғасы)
Ей, жол істіндегі жолаушы!
Бүгінде не қиын? Күн құрғатпай жан-жақтан ағылып жатқан, жүрекке қадалып жатқан ақпарат жебелерінен қорғану қиын. Сақтану қиын.Есік, терезеңді жапсаң да, құлағыңды бітесең де, көзіңді тарс жұмып, басыңды бүркеп алсаң да, ол бәрібір сенің санаңа кірер саңылау табады. Жүрекке жетіп қадалады. Естігің келмесе де естисің, көргің келмесе де көресің. Қашып құтыла алмайсың! Ол қандай ақпараттар? Ол жан-жақтан ағылып жатқан азғындық туралы ақпараттар. «Өз қызын өзі зорлаған», «Өз ата-анасын өзі қорлаған» «Өз баласын өзі өлтірген» дегендей ащы ақпараттар. «Астапыралла!» «Астапыралла!!» дейсіз. «Мына, қазаққа не болған?!» «Мына, сен шаң жуытпай жүрген халқыңа не болған?!» дейсіз. Бұндай сұмдықтарды, тіптен, кешегі қызыл империя кезінде де естімейтін едік ғой! «Ел болғандағы түріміз осы ма?» дейсіз. Жоқ! Тоқта! Тоқта! Бұ жерде Тәуелсіздік кінәлі емес. Әңгіменің төркіні басқа. Тарих толқыны бізді жанқадай қақшып әкетіп осы күйге жеткізіпті. «Ұзында – өші, қысқада кегі» жоқ, «адал тұрып, адал жүрген» халықты осы күйге жеткізіпті. Әңгіме осы жайлы.
Тарих додасынан кенжелегнн көшпенділерді тарих толқыны қалай қанкөбелек ойнатып алып кеткені туралы. Ей, жол үстіндегі жолаушы! Сен Батыста «Бостандық» ұранын көтердің! Әп-әдемі ұран еді. Оны әркім өзінше түсінді. Көпшілік оны қиянаттан құтылу, ұлт азаттық деп түсінді. Сол ұран астында талай төңкерістер жасалды. Әлем астын -үстін болды. Бірақ, «Бостандық!» ұранының мақсаты тек езілгендерді еззгілегендерден құтқару ғана емес еді. Ұранның басты мақсаты – адамды Алла жолынан ажыратып Сайтан жолына салу еді. Сондықтан сен! Жаңа заман адамы! Мінеки, 2 ғасыр бойы «Жан біткенді жаратқан табиғат» деп тақылдаумен келесің. Бейне бір жандыны жансыз жаратып жатқанын көріп келгендей. Сондағы құлқының түсінікті. Құдайды мансұқтау. Хайуани нәпсіге толық бостандық беру. Құдайдан құтылу. Құдай саған: «Хайуан болма!!» «Адам бол!» деді. «Ұяттан безбе!», «Ұрлама!» деді. «Өтірік айтпа!», «Өлтірме!» деді. « Қайырымды бол!», «Қылмыс жасама!!» деді. «Әрбір амалың үшін Алла алдында жауап бересің!» деді. Бұл ақыл саған ұнамады. Істеген істерің үшін сен әлдекімнің алдында жауап бергің келмеді. Жауап бермеу үшін сен мықты болғың келді. Мықты болу үшін байлық пен билік керек екен. Сен балақты түріп жіберіп далақтап байлық пен билік қуып кеттің. Әлденеге қолың жетті. Бірақ, ол жұмырыңа жұқ болмады. Мықты болу үшін үлкен байлық, үлкен билік керек екен. Сол жолда сен, жаңа заман адамы, арпалыстың, алыстың. Өліміңді саттың. Сайтанмен тіл табыстың. Ақыры мұрат- мақсатыңа жеттің. Үлкен байлық, үлкен билікке жеттің. Енді әлемді бағындыруды көздедің. Қорқыратып қан кештің. Әлемді бағындырдың. Дариядай қан ақты. Көздің жасы көл болды.Бірақ, сен оған шімірікпедің. Тіптен, сен неғұрлым миллиондарды қырған сайын, екі аяқты миллиондар саған қоғадай жапырылып тағзым етті. Сөйтіп, сен жалпақ әлемді жатқызып, тұрғызатын халге жеттің. Енді Жер бетінде сенен мықты қалмады. Тек жоғары да Құдай ғана қалды. Сен Құдайдың өзіңнен жоғары тұрғанын қаламадың. Білекті сыбанып жіберіп Құдаймен алыса кеттің. Қолдағы байлық пен билікті Құдайды құлатуға жұмсадың. Жандайшаптарың жанұшырып жүріп ашқұрсақ ғалымдарды іске қосты. Олар әлемді шарлап жүріп адамның маймылдан шыққанын дәлелдеп берді. Сөйтіп, Батыста құдайсыз ғылым дүниеге келді. Құдайсыз өркениет дамыды. Батыстың жаңа адамы, сөйтіп, адам болудың ауыр міндетінен арыла бастады. Осылайша, Құдайдың емес, нәпсінің құлы болу Жер бетіндегі глобалистердің атамзаманнан арманы еді. Сол арманның бүгінде біз, ХХІ ғасырда, Жер бетінде салтанат құрып жатқанын көріп отырмыз. Адамзат атаулының екі аяғын бір етікке тыққан мына індет соның айғағы. Ат төбеліндей алпауыттың айдай әлемге сырттан тор құрып өз дегеніне көндіріп жатқанының айғағы. Жалпақ әлемнің жартысы ішер ас, киер киімге жарымай отырғанда осынау ат төбеліндей алпауыттарға не керек, не жетпей жүр деген сұрақ туады. Ие, оларға, шынында не керек, не жетпей жүр?! Өмірдің рахатын көріп ұжмақ аралдарында тыныш жатпай ма?! Жоқ, олар тыныш жатпайды. Олар жатудан жалыққан. Олар, енді, жойдасыз билік пен байлыққа ие болғаннан кейін Жер бетіндегі жан біткенді жатқызып, тұрғызатын тура Құдайдың өзі болғысы келеді.Жер бетіндегі қыбырлаған халықты ойыншыққа айналдырып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келді. Ең алдымен, көз жасы ешқашан құрғамайтын жылауық миллиардтардан құтылғылары келеді. Жер бетінде өзіне қызмет ететін 1 миллиардты ғана қалдырып, қалғанын қырып салуды жариалап та қойды. Рим клубы мінберінен. Глобалистердің қалтасынан жем жеп отырған жалдамалы ғалымдар жатпай-тұрмай ізденіп, құмырсқадай көпшіліктен қалай құтылудың небір заманауи тәсілдерін тауып та үлгерді. Адамды азайту үшін, ендігі жерде, бомба жарып әлемді талқандап жатудың қажеті шамалы екен. Жалдамалы заманауи ғалымдар адамды азайтудың өркениетті түрін тауып берді. Адам баласын соғыссыз-ақ айдың-күннің аманында арам қатырудың талай тәсілдері табылды. Ендігі жерде фашистер тәрізді қалған жұртқа қару ала жүгірудің де қажеті жоқ. Ендігі жерде Гитлер билікке келгенде жолына 10 миллиард доллар шашқан Дэвид Рокфеллердің де қуанышы ескірді. Ендігі жерде адам баласын арам қатыру үшін Гитлердің де керегі жоқ еді. Ендігі жердегі Гитлерлер ғылыми лабороторияларда отыр. Ақшаға табынған глобалистердің жалдамалы залымдары адамзатты айқай-шусыз-ақ арам қатырудың небір айла- тәсілдерін ашып жатыр. Және аша да бермек. Өйткені, бүгінгі заманның Сайтанға табынған ат төбеліндей глобалистері байыған үстіне байыды. Тойған үстіне тойды. Кекірігі азды. Сондықтан, олардан адамзаттың көрешегі әлі алда болуы мүмкін. Бүгінде, ХХІ ғасыр басында мына біз бастан кешіп жатқан лаң соның айғағы. Соныңмен, соңғы 2 ғасырда Құдайдан безген өркениеттің жеткен жері осы. Яғни, Толстойша айтқанда: «Өркениет өз биігіне көтерілген сайын адамзат өз көрін өзі қазады».
Осы арада бір ой туады. Осы ойлардың авторы, сонда, билік пен байлыққа қарсы ма деген ой туады. Жоқ. Олай емес. Біздің ойымызша қайырымды билік пен, қайырымды байлық қашанда халықтың құты.Қайырымсыз билік пен, қайырымсыз байлық халықтың жұты.
Айналып келгенде айтарымыз, жанымызда тыныштық жоқ, көңіліміз күпті. Ертеңіміз не болар екен? Елдігіміз не болар екен деген сұрақтарға толы, белгісіз бір алмағайып, турбулентті кезеңді бастан кешіп отырмыз. Сондай сұрақтардың бірі - осындай аласапыран әлемде «Қазақ қалай күн көрер?» деген сұрақ. Шынында, кеше ғана өз тізгінін өз қолына алған қазақ қалай күн көрер!? Жас тәуелсіз, тәжрибесіз елдердің бәрінің басында бар сұрақ. Заман сорақы екен деп салымыз суға кетуі керек пе?! Ел болам десең, еңсеңді көтер! Жата берсең жем боласың! Бүгін оянбасаң! Ертең біреуге құл болып оянасың! Алпауыттар аңдуда! Оларға сенің шырт ұйқыда жатқаның керек! Оларға сенің елің емес, жерің керек. Солай болған және солай бола да бермек. Сені ақ империя да, қызыл империя да қырды. Мың өліп мың тірілдің. Рас. Жыртық үйдің де Құдайы бар. Құдайың қолдады. Тәуелсіздік Туын көтердің. Енді түгел осы Ту түбінен табылу парыз! Тәуелсіздік Туын қасық қаның қалғанша құлатпау парыз! Туың енді құласа түпсіз тұңғиыққа кеткенің!! Халқыңмен бірге! Ей, жол үстіндегі жолаушы! Аллам содан сақтасын!
ххх
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Кемшіліксіз адам болмайды. Өйткені, адам періште емес, пенде. Сөйте тұра, адам пенде өзінің емес, өзгенің мінің көргіш. Өзінің түйедей міні тұрғанда, өзгенің түймедей мінін көргіш. Адам пенденің осы бір кемшілігі, әсіресе, от басы ошақ қасында көрінеді. Ажырасу дегеннен алдымызға жан салмайтынымыз содан. Қыз бала; күйеуге тиерде қосағым кемшіліктен құлантаза, өзі би, өзі бай болса екен деп армандайды. Ұл бала; алған жарым ақылына көркі сай, қылаудай міні жоқ періште болса екен деп армандайды. Осынау аспан кезген армандар мен көк кезген қиялдар, жастар үйленіп жерге түскенде кұл-паршасы шығады, шындықтың кір-қожалақ жартасына соғылып. Бай дегенің байғұс болып шығады, періште дегенің пенде болып шығады, ақыл дегеннен кенде болып шығады.
Өйткені, өмір дегенің - өмір. Ол сендегі көк шарлаған қиял емес. Ол - соқтықпалы, соқпақсыз. Сол жолда ақ отауыңды сақтап қалу үшін алысып, арпалысу парыз. Басқа жол жоқ.
ххх
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Жан мен рух. Бұл екі сөз бір ұғымды білдіре ме? Әлде екі ұғымды білдіре ме? Теологияда негізінен бұл екі ұғым бір мағнаны білдіреді.Теология Адамды жаратқанда Құдайтағала оның кеудесіне өз рухынан үрлеп тірілтті дейді. Жаратылыстану болса ана құрсағындағы шақалаққа 4 айлығында жан бітеді дейді.
Жан мен рухты бір нәрсе дейін десек бір нәрсе ақылға сыймайды. Құмырсқада да жан бар. Бірақ, құмырсқада рух бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Осы ретте қыбырлап жүрген тіршілік иелерінің кеудесінде жан бар болғандықтан қыбырлап жүргенін білеміз. Бірақ, қыбырлап жүрген хайуан атаулыда рух бар деп айта аламыз ба? Айта алмаймыз. Ой жүгіртіп отырар болсақ рух деген ұлы құбылыстың Адамға тән хикмет екеніне көз жеткіземіз. Ақылға сыймайтын илаһи құбылыс екеніне көз жеткіземіз. Аспандаған рух иесі Адамды жер бауырлаған жыланмен қалай қатар қоярсын?! Қоя алмайсын. Адам бойындағы аспандаған рухты алып тастап жалғыз ғана жанды қалдырсақ не болар еді?! Адамның хайуаннан айырмасы жоқ болар еді. Айырмасы тек екі аяқ үстінде жүргені болмаса, маймылдан айырмасы жоқ болар еді. Қарнын толтырғаннан басқа қайғысы жоқ маймыл болар еді. Ал, рух берілген Адам өйтіп өмір сүре алмас еді. Тек, өлмес үшін ғана өмір сүре алмас еді. Аласұрған рухтың арқасында ондай тірлікті місе тұтпас еді. Мына өмірге неге туып, неге келгенін ойлап, екі дүниедегі орнын іздеп шарқ ұрар еді. Адамның бағы да, соры да сол жанды тынышына қоймайтын сол рухтан шығады екен. Соныңмен рух пен жан! Аражігі түбегейлі ажыратылмаған түсініктер. Үлкен зерттеу, талдауды қажет етеді. Жан мен рухтың табиғатына тереңдей берсек бұларды ерекшелейтін талай тосын сырлар табылады.
Сондай тосын сырлардың бірі – рухтың Бақиға барғысы келетіні, ал, жанның Жалған Дүниеде қалғысы келетіні болар еді.
ххх
Ертеде бір кісі заманынан өткен бай болыпты. Күндердің күнінде Әзірейіл сап етіп үйіне кіріп келіпті:
- Иманыңды үйір! – депті. Байдың зәресі жаман ұшып::
- Әз-еке! Бір апта мұрсат беріңізші, бар байлығымды кедей-кепшікке таратып иман жинайын! – депті.
- Болмайды. Рұқсат жоқ! – депті Әзірейіл саңқ етіп.
- Ендеше, бір күн мұрсат сұраймын! Бала-шағаммен, ағайын-жұртыммен қоштасайын! – депті бай, Әзірейілдің аяғына жығылып.
- Рұқсат жоқ! – депті, Әзірейіл, тағы да саңқ етіп.
- Онда бір ауыз хат жазуға рүқсат беріңізші! – депті бай жыламсырап.
- Жарайды! Жаз! – депті Әзірейіл әрең дегенде жібіп.
Сонда бай ұлына арнап былай деп хат жазған екен:
«Ей, бауыр етім балам! Менің өмір бойы жинаған байлығым бір күн өмір сұрап алуға жарамады! Алланың берген әрбір күнін бағала! Жиған байлығыңа ғана алданып қалмай, уақытты оздырып алмай иман байлығын да жина!» деп жазған екен.
Смағүл Елубай