Дүйсенбі, 23 Наурыз 2026
Жаңалықтар 89 0 пікір 23 Наурыз, 2026 сағат 14:31

Елімізде қанша көлемде электр энергиясы жетіспейді?

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Қазақстанда электр қуатын өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтық қысқарып келеді. Бұл жөнінде ҚР Энергетика министрлігі ресми сауалымызға жолдаған жауабында мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, 2025 жылы 123,1 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Оның 8,6 млрд кВт/сағ жаңартылатын энергия көздері объектілері арқылы алынған. Ал қолданылған электр қуаты көлемі — 124,6 млрд кВт/сағ. Демек, былтыр 1,5 млрд кВт/сағ энергия сырттан импортталған.

— Елімізде электр энергиясын өндіру мен тұтыну көлемі арасындағы алшақтықты қысқартудың тұрақты үрдісі байқалады, бұл өткен жылдармен салыстырғанда алшақтықтың төмендегенін көрсетеді: 2023 жылы — 2,2 млрд кВт/сағ, 2024 жылы — 2 млрд кВт/сағ, 2025 жылы — 1,5 млрд кВт/сағ, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ 2026 жылдың 9 наурызындағы жағдай бойынша 25,8 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндіріліп, оның 25,7 млрд кВт/сағ тұтынылған.

Жалпы, еліміздің оңтүстік аймақтарында электр қуаты жетіспеушілігі байқалады. Министрліктің мәліметінше, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Жетісу облыстары, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалалары энергия жүйесінің тапшылығына неғұрлым бейім. Өйткені, энергия көздерінің басым бөлігі солтүстік және батыс облыстарда.

— Оңтүстік аймақта электр энергиясының жетіспеушілігі солтүстік аймақтан жеткізу арқылы қамтамасыз етіледі, — делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін бюджеттік ұйым нысандарына күн панельдерінен электр энергиясын алу мүмкіндігі берілетінін жазғанбыз.

Abai.kz

0 пікір