Қазақ жастарын Ресейдің қауіпті аймағына жұмысқа кім жіберген?
Өткен аптада Ленинград облысындағы портты қала Усть‑Лугада қазақ жастары мен жергілікті күзет агентігі қызметкерлері арасында жаппай төбелес орын алғаны туралы хабар жұртты дүр сілкіндірді.
Осыған байланысты, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресейдің Усть-Луга кентіндегі жаппай төбелеске қатысты жаңа мәліметтермен бөлісті:
28 наурызда Санкт-Петербургтегі консулдық қызметкерлері сол жақта жұмыс істейтін және қамауға алынған қазақстандықтармен кездесті. Консулдықтың хабарлауынша, бастапқыда жүздеген адам қатысқан жанжалдан соң отыздан астам адам ұсталып, тексерістен кейін басым бөлігі босатылған. Алайда, бірнеше адамға, оның ішінде қазақстандықтарға да сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы кесілген. Тағы үш қазақстандыққа қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр. Ведомство зардап шеккендер жоқ екенін және барлығына құқықтық көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Сурет: vedomosti.ru сайтынан алынды.
Оқиғадан кейін, вахталық кентте жұмысшылар, Ресей полициясы, жұмыс беруші және күзет агенттігі бас қосып, жағдайды талқылаған. Ресей мемлекеттік думасының депутаты Адам Делимханов бұл кездесуге шешен өкілдерінің де қатысып, Қазақстан консулымен ортақ мәмілеге келгенін мәлімдеді.
Ол бұл қақтығыстың ешқандай ұлттық немесе діни астары жоқ екенін, оның жай ғана тұрмыстық кикілжің екенін қадап айтты. Сондай-ақ Делимханов қазақтарды бауырлас халық деп атап, мұндай тұрмыстық даулардың ұлтаралық қақтығысқа ұласуына қатаң түрде жол бермейтінін ескертті.
Бірақ, бұған дейін желіде күзетшілердің жұмысшыларды күшпен әкетіп жатқаны және халық ортасына көлік басып кіргені бейнеленген кадрлар тараған болатын Ал, қақтығыс қазақстандық жұмысшылар мен жергілікті күзетшілер арасындағы даудан басталғаны хабарланған.

Сурет: qaz.ulysmedia.kz сайтынан алынды.
Осы жанжалдан кейін, қазақстандықтарда еліміздің Сыртқы Істер министрлігіне, Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің басшысы, Бас елші Дәурен Абаевқа ондаған сұрақтар қойғысы келеді, мәселен, күні кеше желілерде мынадай хабар тарады. Германия DW ақпарат агенттігі:
«Ленинград облысындағы Усть-Луга порты жексенбіге қараған түні, 29 наурызда, Украинаға тиесілі ұшқышсыз аппараттардың кезекті соққысына ұшырады. Өңір губернаторы Александр Дрозденко портта өрт шығып, зақым келгенін хабарлады, бірақ олардың нақты сипатын нақтылаған жоқ, сондай-ақ зардап шеккендер жоқ екенін қосты.
Соңғы бір апта ішінде Балтық теңізіндегі Приморск порты мен Усть-Луга порты бірнеше рет дрон шабуылына ұшырады. 22 наурызда екі порт та мұнай мен мұнай өнімдерін тиеуді тоқтатты, 23 наурызда Приморск портында бірнеше жанармай резервуары өртенді, ал 25 наурызда Усть-Луга портында өрт шықты.
25 наурыздағы шабуылдың салдарынан Новатэк компаниясы Усть-Лугадағы кешенінде тұрақты газ конденсатын өңдеуді және нафта экспортын тоқтатты. Reuters агенттігінің дереккөздеріне сүйенсек, соққы мұнай өнімдерін цистерналардан түсіруге арналған теміржол эстакадасын зақымдаған, содан кейін «Усть-Луга Ойл» терминалы жанармай қабылдауды тоқтатқан», - деп жазды.
Міне, осы деректерден біз Ресей территориясына Украинадан жасалып жатқан әуе шабуылдары Усть‑Луга портын да қамтығанын көреміз.
Ендеше:
1. Соғыс өрті шарпыған аймақтан қазақстандықтарды алып кету үшін Ресейдегі Қазақстан елшілігі қандай шаралар жасап жатыр?
2. Осы мәселе туралы біздің «ресейшіл елшіміз» Дәурен Абаев неге өзі тікелей эфирге шығудан, нақты жоспарымен таныстырудан тыс қалуда?
3. Қазақ жастарын Ресейдің қауіпті соғыс аймағына жұмысқа тарту ісін кімдер жүргізген? Оны еліміздің Қауіпсіздік органдары бақылауға алды ма?
4. Елімізде Бангладеш, Пәкістан, Үндістан, Африка елдерінен, тіптен, Қытайдан, Ресейден (көрші Өзбекстан мен Тәжікстанды, Қырғызстанды айтпағанның өзінде), мыңдаған мигранттар келіп, жұмыс істеп жатыр. Біздің билік оны экономиканың қарқынды дами бастауымен байланысты деп, оларға қаншама квота берілгенін жария етуде...
5. Бірақ, соған қарамастан, мыңдағын қазақстандықтар Ресейге, Еуропаға, Оңтүстік Кореяға жұмысқа ағылып кетіп жатыр... Міне, осы мәселе бізді қатты ойландырады: Не себептен, қазақ жастары шет елдерге, соның ішінде соғысып жатқан Ресейге жұмысқа кетуде? Осы мәселені Ресейдегі елшілік жан‑жақты талқылап, Қазақстанды алдын‑ала хабардар етіп отыруға міндетті емес пе? Бірақ, ондай белсенділік байқалмайды...
Өткен жылы Ресейге барған қазақстандық жігітті Ресей полициясы ұстап алып, «наркотик» деген сылтаумен, Украинаға соғысқа баруға қинағаны туралы дерек шыққан болатын. Қазір ол жігіттің тағдыры белгісіз, бірақ, Қазақстанда өткен жылдан бері 700 Қазақстан азаматына Украинадағы соғысқа қатысқаны үшін іс қозғалып, сотқа тартылғаны белгілі.
Міне, осы жағдайда біздің жастар, қолдауды ең алдымен Ресейдегі Қазақстан Елшілігінен табуы керек қой? Жастарды мүмкін болар қауіп‑қатерден сақтандырып, ескертіп отыру солардың тікелей міндеті.
Өкінішке орай, Елшілік «өз күнін өзі көріп жатқан» автономды бір мекемеге айналып кеткендей...
Abai.kz