Сейсенбі, 31 Наурыз 2026
«Соқыр» Фемида 118 0 пікір 31 Наурыз, 2026 сағат 14:22

Трамптың Иранмен соғысы Путинге қалай көмектесті?!

Сурет: Газетаюру сайтынан алынды

Жыл басында Ресей экономикасы күйреу алдында тұрды. Соғыс пен санкция қысымынан фискалдық кірістер азайды, өндіріс қысқарды, ал сауда құлдырады. Тарифтер өсе берді, несие пайызы аспандап кетті, несие беру арналары дерлік тоқтатылды және банкроттық толқыны басталды. Қаңтардың соңында Ресей Үндістанға мұнайды барреліне небәрі 22 долларға, яғни нарықтық бағаның шамамен үштен біріне сатуға мәжбүр болды. Бұл символикалық мәнге ие еді: экономиканың тұрақсыз екенін анық көрсетті.

Шенеуніктер мен бизнес көшбасшылары  Путинің бар ойы соғысты жалғастыру екенін, оған ұлттық экономиканың жағдайы маңызды емес екенін білгендіктен, үнсіз қалды. Бірақ ақпанда жағдай өзгерді. Путин кенеттен  экономикалық өсімнің баяулағанына назар аудара бастады, Украинамен соғысты келіссөз жүргізу арқылы шешуге, қақтығыстан шығу жолын іздеуге ыңғай танытты.

Осы сәтте Иранда соғыс басталды. Бір түнде келіссөздер мен татуласу шарттары толығымен кері арнаға бұрылды. Мұнай бағасының күрт өсуі, Батыстың бөлшектенуі және АҚШ-тың Таяу Шығыстағы жаңа соғысы Путинге Ақ үйден келетін қысымды айтарлықтай төмендетті. Тарих таңқаларлықтай бұрылыс жасады: Путин Ресей-Украина қақтығысын тоқтатуды қарастыруға дайын болған кезде, АҚШ пен Израиль Иранға соғыс ашып бұл мүмкіндікті жоққа шығарды.

28 ақпанда АҚШ пен Израильдің бірлескен шабуылында аятолла Әли Хаменеи қаза тапты; артынан жағдай мүлдем басқаша сипат алды. Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты, ал АҚШ күтпеген жерден Ресей мұнайына салынған санкцияларды алып тастады. Азық-түлік тасымалы кедергіге тап болғанда Ресей тыңайтқышына сұраныс артты. Кенеттен Ресейдің экономикалық проблемалары өз-өзінен реттеліп шыға келді.

Ең бастысы, АҚШ пен оның НАТО одақтастары арасындағы алшақтық күшейіп, еуропалық елдер Ормуз бұғазына әскери кемелер жіберуден бас тартты. Президент Трамп мұны «өте ақымақтық » деп атады. Сыртқы саясаты Батыста хаос тудыруға бағытталған Путин үшін бұл сөзсіз жақсы жаңалық болды. АҚШ-тың назары Таяу Шығысқа аударылып, Украина мәселесі назардан тыс қалды. АҚШ-тың Украинаға бермек болған көп мөлшердегі қару-жарақ пен оқ-дәрілер енді өзіне керек болды.

АҚШ-тың өз ішінде, Иранмен ұзаққа созылған қақтығыс Трамптың саяси беделін төмендетіп, Республикалық партияны әлсіретіп, алдағы аралық сайлауға әсер ететінін болжау қиын емес. Бұл Путиннің Америка саясатының өте тұрақсыз екендігі туралы ойын одан әрі күшейтеді. АҚШ-тың бұрынғы президенттері сияқты, Трамп та тек өтпелі тұлға, ал жаңа әкімшілік ерте ме, кеш пе, сөзсіз билікке келеді. Ресейге қатысты саясаты мүлдем басқаша болуы мүмкін. Иранмен соғыс бұл өтпелі кезеңді жеделдетуі мүмкін. Осы логика бойынша Украина мәселесінде жеңілдіктерге барудың мағынасы жоқ деген сөз.

Мұның бәрі Кремль үшін үлкен олжа. Дегенмен, Ресейге келетін қаржы ағымы Путиннің соғысты шексіз ұзартуына кепілдік бере алмайды. Керісінше, үкіметке жақын кейбір адамдар қазіргі жағдай ұзаққа созылмайды деп санайды. Мәскеудегі көптеген адамдар Иранмен соғыс мамыр айына дейін аяқталады әрі Ресейге қарсы санкциялар қайта енгізілуі мүмкін деп қарайды. Қиын жағдайдағы Ресей экономикасы үшін құтқарушы жұлдыз жоқ.

Ресейдегі ішкі жағдай да тұрақсыз болып барады. Күзде болатын парламент сайлауы жақындаған сайын қудалау күшейуде. Билік Ресейдегі ең кең таралған жедел хабар алмасу платформасы Telegram-ды бұғаттай бастады, ал Мәскеу мен Санкт-Петербургте интернет байланысы жиі үзілуде. Үкіметтегі ірі өзгерістер туралы қауесеттер саябырсымай тұр.

Бұрын елестетудің өзі қиын болатын қоғамдық наразылықтар  қазір күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Путиннің алда қандай шешім қабылдайтынын болжау қиын болғанмен, бірақ Америка Құрама Штаттарының Ирандағы келесі соғыс батпағы маңызды фактор болып қала береді.

Abai.kz

0 пікір