Сәрсенбі, 1 Сәуір 2026
Әдебиет 122 0 пікір 1 Сәуір, 2026 сағат 13:17

Әлемдегі ең бай жазушылар кімдер?

Коллаж: Abai.kz.

Біз үнемі кітабын оқып жүрген шығармалардың жағдайы, табысы қалай екенін бір уақыт ойлап көрдік пе? Біз қазіргі заманның ең табысты қаламгерлерінің өміріне үңіліп, олардың жетістікке қалай жеткенін және қанша табыс табатынын зерттеп, әлемдегі ең бай жазушылардың тізімін жасадық.

Ендеше, бір шыны кофе құйып алып, әлемдегі ең дәулетті қаламгерлердің өміріне бірге саяхат жасайық.

Сурет: nbcnews.com сайтынан алынды.

J.K. Rowling

Атақты «Хәрри Поттер» сериасының авторының байлығы – £820 миллион.

Әлемге кеңінен танымал J.K. Rowling шығармалары кітап сүйер қауымға ғана емес, кино мен ойын әлемінің жанкүйерлеріне де ерекше әсер сыйлады. Оның бай қиялы, қызықты сюжеттері мен сиқырлы әлемі миллиондаған оқырманды баурап алды. Эдинбург қаласында мұғалім болып жүрген кезінде ол алғаш рет Harry Potter and the Philosopher’s Stone романын жазды. Бұл кітап 1997 жылы жарық көріп, «Хәрри Поттер» әлемінің бастауы болды. Көп ұзамай бұл туынды Ұлыбританияда ғана емес, бүкіл әлемде үлкен танымалдыққа ие болды. Қазір «Хәрри Поттер» сериясы – тарихтағы ең көп сатылған кітаптар топтамасы. Төрт жылдан кейін оның алғашқы фильмдік нұсқасы жарық көріп, кітаптағы жетістікті қайталады. Осылайша, Роулингтің сиқырлы әлемі фильмдерге, бейнеойындарға, үстел ойындарына, тіпті арнайы ойын-сауық парктеріне дейін кеңейген жаһандық брендке айналды.

Сурет: aarp.org сайтынан алынды.

James Patterson

Оның байлығы – £621 миллион. Along Came a Spider, 1st to Die, Kiss the Girls сияқты бестселлерлердің авторы James Patterson соңғы 40 жылдағы ең көп табыс тапқан жазушылардың бірі. Ол жазушылық жолын 1976 жылы The Thomas Berryman Number атты алғашқы триллерін жариялаудан бастады. Бұл шығарма оған Эдгар Аллан По атындағы «Үздік дебюттік роман» сыйлығын алып берді. Кейіннен ол бірінен соң бірі жаңа кітаптар шығарып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқырмандарды баурай білді. 1996 жылы жарнама саласындағы жұмысын тастап, толықтай жазушылыққа бет бұрды. Оның қысқа әрі динамикалық тарауларға құрылған жазу стилі бүгінге дейін оқырманды өзіне тартып келеді.

Сурет: dailyroutines.substack.com сайтынан алынды.

Danielle Steel

Байлығы – £465 миллион. Тірі жазушылар арасындағы ең көп сатылым жасаған қаламгер – Danielle Steel. Оның махаббат туралы романдары бүгінге дейін 800 миллионнан астам данамен сатылған. Стилдің ерекшелігі – бір уақытта бірнеше жобамен жұмыс істей алатын еңбекқорлығы. Соның арқасында ол жыл сайын бірнеше кітап жазып үлгерген. Ол жазушылық жолын ерте бастап, 19 жасында Нью-Йорк университетінде оқып жүріп алғашқы романын жазды. Содан бері 210-нан астам кітап, оның ішінде 182 роман жариялап, әлемдік әдебиетте өз орнын қалыптастырды.

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Paulo Coelho

Байлығы – £388 миллион. Әлемге әйгілі The Alchemist романының авторы Paulo Coelho – өмір жолы күрделі болған жазушылардың бірі. 17 жасында ата-анасы оны психиатриялық емханаға жатқызған, кейін заң факультетін тастап, біраз уақыт жұмыссыз күй кешкен. Ақырында Бразилияда танымал музыканттарға ән жазатын автор ретінде танылды. 1974 жылы ол билік тарапынан қудалауға ұшырап, тұтқындалып, азап көрді. Соған қарамастан, жазушы болу арманынан бас тартпады. 1982 жылы алғашқы кітабын жарыққа шығарды. Ал кейінгі The Alchemist романы әлем бойынша 150 миллионнан астам данамен сатылып, оны әлемдік деңгейдегі жазушыға айналдырды.

Сурет: aarp.org сайтынан алынды.

Stephen King

Байлығы – £388 миллион. Қорқынышты әдебиеттің шебері Stephen King It, The Shining, The Stand сияқты шығармаларымен танымал.1947 жылы АҚШ-та дүниеге келген Кинг бала кезінен кино мен комикстерге әуес болып, алты жасынан бастап әңгіме жаза бастаған. Оның алғашқы романы Carrie 1974 жылы жарық көрді. Содан бері 65-тен астам кітап жазып, 400 миллионнан астам данамен сатылған.

Сурет: cbsnews.com сайтынан алынды.

Nora Roberts

Байлығы – £372 миллион. 225-тен астам махаббат романының авторы Nora Roberts әлем бойынша 500 миллионнан астам кітап сатқан. Оның жазушылық жолы ерекше басталды: бір күні боран кезінде балаларымен үйде отырып, уақыт өткізу үшін жазуға кіріскен. Кейін бұл әуестік кәсіби жолға айналды. Алғашқы кітабы бірнеше рет баспадан қайтарылғанымен, 1981 жылы Irish Thoroughbred романы жарық көрді. Содан кейін ол жүздеген кітап жазып, әлемдік әдебиетте өзіндік брендке айналды. Сонымен қатар, ол J.D. Robb, Jill March, Sarah Hardesty сияқты бүркеншік есімдермен де шығармалар жариялаған.

Дайындаған Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір