Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Обаев өмірден өтті
Қазақстанның халық әртісі, театр режиссері, профессор, платиналы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Парасат» және «Барыс» ордендерінің иегері, мемлекеттік стипендияның лауреаты Есмұхан Несіпбайұлы Обаев өмірден өтті.
Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы Қазақстанның халық әртісі Есмұхан Несіпбайұлы Обаев дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады.
Есмұхан Несіпбайұлы саналы ғұмырын қазақ театр өнерінің дамуына, сахна мәдениетінің өркендеуіне, ұлттық режиссура мен актерлік мектептің қалыптасуына арнаған көрнекті тұлға болатын. Ұлт мәдениетінің мерейін өсірген, театр өнерінің абыройын асқақтатқан ардақты азамат қай кезеңде де өнерге адалдықтың, кәсібіне жауапкершіліктің үлгісін көрсете білді. Ол тәрбиелеген буын, сахналаған туындылар мен қалыптастырған көркемдік ұстаным қазақ театрының алтын қорында қала бермек.
Ұлттық мәдениеттің дамуына сүбелі үлес қосқан Есмұхан Несіпбайұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын!
Бекжан Тұрыс:
Қазақ театры тағы бір асылынан айырылды. Асанәлі ағамыздың қазасына қабырғамыз қайысып, мұңнан арыла алмай жүргенде Есмұхан ағамыздың дүниеден өтуі - біз үшін орны толмас қайғы болды. Көңіл құлазып, жан жабырқап тұр. Кеше ғана қатар жүрген, арамызда бола тұратындай көрінетін қос тұлғаның бірінен кейін бірі аттануы өмірдің өткінші екенін сезіндірді. Екеуін тоғыстырған ортақ қасиет – халыққа деген шексіз сүйіспеншілік пен өнерге деген адалдық. Ас-аға театрдан шеттеп кеткенде арамызға қосып, қара шаңыраққа қайта оралуына себепші болған да Есмұхан аға еді. Ас-ағадан ұзақ уақытқа ажырағысы келмегендей замандасының соңынан кете барды… Маусым айында 85-ке толар еді…
Ес-аға – саналы ғұмырын сахнаға арнаған, театр өнерін тіршілік көзіне айналдырып, ұлт рухымен ұштастырған тұлға. Ағаның еңбек жолына көз жүгіртсек, қайраткерлік болмысы айқын көрінеді. Ұзақ жылдар бойы Семей театрын басқарып, өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Жиырма жыл бойы табанды еңбек етіп, театрды жаңа деңгейге көтерді, көрерменнің ықыласына бөленген рухани ордаға айналдырды. Бұл – ұйымдастырушылық қабілеттің мықтылығы, өнерге деген шынайы жанашырлықтың белгісі. Ал 2001-2013 жылдар аралығында қазақ өнерінің қара шаңырағын басқаруы – оның кәсіби біліктілігінің өскенінің, беделінің биіктегінінің дәлелі.
Есмұхан Обаев – он үш жыл бойы осы ұжымға жетекшілік етіп, ұлттық театр өнерінің дамуына өз қолтаңбасын қалдыра алған жан. Бұл кезеңде де ол шығармашылық ізденісін тоқтатпай, сахна мәдениетінің биіктеуіне ықпал етті. Ес-аға тек басшы емес, ол – ұстаз, ол – тәрбиеші, өнердің жанашыры болды. Оның тәрбиесін көрген талай жас актерлер мен режиссерлер бүгінгі таңда қазақ сахнасының мақтанышына айналды. Өздері де «Обаевтың шәкірттеріміз» дегенді мақтанып айтады. Ес-аға сәбидей сенгіш, баладай аңғал, аңқаулығы да бар, өзіне ғана жарасатын ерекше мінездің иесі еді… Қарапайым еді, сүйкімді еді… Күні кеше ғана ортамызда жүрген жайдары адам жайлы «еді-еді-еді…» деп өткен шақта жазу қандай ауыр! Ол Ас-ағаны жалғызсыратқысы келмеді ме екен…
Жаңа қойылымдарды көруге театр залының ортасымен асықпай аяңдап кеп көрермен ортасындағы өз орындарына жайғасатын, қауқылдаса көрісіп, әдемі әзілдерімен қағыса жөнеліп, кеңкілдей күлетін Есмұхан аға Ас-ағаны іздеп соңынан кетті… Қош, Ес-аға…
Abai.kz