Дүйсенбі, 20 Сәуір 2026
Жаңалықтар 101 0 пікір 20 Сәуір, 2026 сағат 13:32

Цифрлық теңгенің болашағы қандай?

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Елімізде былтыр қабылданған “Банк туралы” заңда цифрлық теңгенің мәртебесі айқындалып, қаржы құралы заңдық күшіне енді. Қазіргі уақытта цифрлық теңге Ұлттық қор есебінен жобаларды қаржыландыру кезінде қолданылып жүр. Мемлекет басшысы 2025 жылдағы Жолдауында цифрлық теңгені республикалық және жергілікті бюджетте, сондай-ақ мемлекеттік холдингтердің бюджетінде де пайдалануды тапсырды. ҚР Ұлттық банкі Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры Асан Ахметжан “24KZ” телеарнасындағы “ТҮЙІН” бағдарламасына берген сұхбатында цифрлық теңгенің болашағы туралы ойымен бөлісті.

“Цифрлық теңгенің мүмкіндіктері зор. Ол болашақта технологиялық ілгерілеуге жол ашады. Банктер өздерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін цифрлық теңгенің мүмкіндіктерін барынша пайдалану үшін түрлі өнімдер әзірлеп, ұсынады деген ойдамыз. Қазіргі таңда банктер түрлі өнімдер ұсынып жатыр. Цифрлық ипотекадан бастап несиелеуге дейін. Соған қолжетімділікті арттыру үшін цифрлық теңге енгізіліп жатыр”, - деді Асан Ахметжан.

Спикердің айтуынша, цифрлық теңгені кез-келген тұрғын пайдалана алады.

“Цифрлық теңге ол бөлек валюта емес. Ол өзіміздің төл теңгеміздің үшінші түрі. Мысалы, дәстүрлі қолма-қол ақша мен банк шотындағы электронды түрдегі ақша бар. Ал цифрлық теңге - ол қолма-қол және электронды ақшаның қасиеттерін біріктерген үшінші түрі. Мысалы, қолма-қол 10 мың теңгеңізді цифрлық теңгедегі шотыңызға аударсаңыз, ол цифрлық 10 мың теңгеге айналады”, - деп түсіндірді бағдарлама қонағы.

Abai.kz

0 пікір