Ай ару, сен айтшы...
Сооннааауууу биікте тұрмын... Көзімді ашқым келмейді... Ашсам болды дүние шыр айналады. Ал төменде көкпеңбек су... Жүрегім дүрсілдеп аузыма тығылардай... Бір... екі.. үш... уақыт неге жылжымайды... Ысқырық... шыррр-шыррр... өкшемнің секіргіштен сырғығанын сездім... Ары қарай ұшу... Көктемгі көбелектей ауада дірілдеп барып төменге құлдилау... Ештеңені елемей, естімей, сезбей, көрмей қалықтай бересің. Осы сәт, сонау төбеден шаншылу қандай ғанибет... Сосын бір кезде гүмп етіп салқын суға сүңгіп кетесің. Маңайдың бәрі ақ көбік... Ақ бұлттардың арасында жүргендейсің... Манағы үрей де, жүрегіңнің дүрсілі де, саған тесілген көздердің сені ұзатуы да сонау биікте трамплиннің баспалдағында қалған...
Жаннат Қуанышева - суға секіруден спорт шебері. Мектеп қабырғасында суға секіруден чемпион болған қыз спортты емес, киноны таңдапты... Сонау заманда бұл өнер жалпы қазаққа таңсық болатын. Айтпақшы, Жаннаттың атын нағашы атасы Мәулен Балақаев емес, анасы қойған. Тіл біліміне үлкен үлес қосқан ғалым Мәулен Балақаев - бүгінде ұмытылып бара жатқан есім-сойдың бірі. Біздің Жаннат Қуанышева - осы профессордің жиен немересі...
«Қазақфильм» ол кезде жаңа мекенге жартылай көшкен... Қалғаны "Комсомол" мен "8 март" (қазіргі Төле би мен Ш. Қалдаяқов атындағы көшелер) көшелерінің қиылысындағы ғимаратта... 10 класс оқушысы Жаннат алғаш рет "Қазақфильмдегі" павильонды имене аттағанда, тосылып тұрып қалды... Қарсы алдында "майор" отыр. Кеудесінде алтын жұлдыз, ұзын бойлы қара торы жігіт екен... Қолында сигарет... ол көк түтіннің арасынан жас қызға ұза-а-ақ қарап қалған...
Көзі көкшіл, сымбатты жігіт - қазақ киносының аққан жұлдызы Жамбыл Құдайбергенов болатын. ВГИК-тегі Борис Бабочкиннін курсында оқып келген беті...
Режиссері Болат Мансуров. Ол Одаққа белгілі болғанмен, алдында ғана "Құлагерден" құлаған. Дұрысы - Москва жылы шырай танытқанмен, қазақ қоғамы фильмді қабылдамады. Дей тұрғанмен, бұл Болат Мансуровтың жаңа фильмі "Махаббат жайлы афсана" еді... Мансуров үлкен суретші... Оның қазақ киносына қалдырған "Сұлтан Бейбарс" туындысы өшпес құндылығымыздың бірі де бірегейі. Бірақ бұл оқиға одан әлде қайда бұрын болған...
Түсіру Қапшағайдың маңайында болды. Үш ай съемка... арасында эмтихан... Жаннат үшін бұл әрі қызық әрі қиын болды. Әсіресе кейіпкердің жылайтын көріністері оңайға түскен жоқ. Бірақ түсіру алаңында басты рольдегі Жаннаттың анасын Бикен Римова ойнады. Бикен апа өнерде де өмірде де үлкен тұлға... Ол кісінің Жанатқа деген қамқорлығы ерекше еді. Тамағын қадағалап, киген киіміне дейін көңіл аударып, аналық қамқорлығын маңайына шашып отыратын аяулы жан... Сондықтан да Жаннат Бикен Римова апасын зор құрметпен еске алады...
Жастық пен Махаббат - Алланың сыйы... Жаннат алғаш рет қыз болып айналаға ғашық көзбен қараған. Себебі, қасында кез-келген арудың арманы болар Жамбыл болды. Ол экранда да, өмірде де қымбатына айналды... Жамбыл Құдайбергенов ақкөңіл, бойшаң, денесі құрыштай, екі тілде еркін сөйлейтін, қоңыр дауысымен ән салғанда, жүзі нұрланып кететін дарынды артист болатын... Аққан жұлдыздай ерте, тым ерте өмірден өткен тарланбоз...
Құранда жәннаттың ең шыңын, ең биігін, ең қастерлі орынын - фирдаус дейді. Екі жас, екі дарын, келбеті келіскен көркем қыз бен жігіт - Жамбыл мен Жаннат сол кездері өнердегі фирдаустың ішіне енгендерін білген жоқ. Сезген болар, түсінбеді...
Көп ұзамай "Қазақфильмде" тағы да қарбалас басталды... Жас жазушы Дулат Исабековтің "Гаухартас" повестінің желісі бойынша Шәріп Бейсенбаев іске кірісті... Шәріп аға өте текті, оқығаны да тоқығаны да мол режиссер еді. Кезінде М. Әуезов театрында артист боп істеген кісі... Дауысы гүрілдеген, жирен мұртты, денесінде артық еті жоқ, сидаң адам... Жаннаттың жұлдызы оңынан туды... Басты роль Салтанатқа өтті...
"Гаухартас" фильмі - қазақ киносындағы орны бөлек, эстетикасы ерек, тамаша туындылардың бірі... Актерлық ансамбль аңыз десе де болады... Әмина Өмірзақова, Кәукен Кенжетаев, Әнуар Боранбаев, Досхан Жолжақсынов, Байтен Омаров, Мұхтар Бақтыгереев, Кененбай Қожабеков және Жаннат Қуанышева... Жалпы қазақ киносында шопанның өмірі талай-талай таңбаланған... Әсіресе, Мажит Бегалин түсірген, Әкім Тарази сценариін жазған "Тұлпардың тұяғы" ерекше құбылыс болды... Жас актерлер Асанәлі Әшімов пен Фарида Шәріпова көрерменнің көңілінен көпке дейін кетпей жүреді... Бірақ Шәріп Бейсенбаевтың "Гаухартасы" бөлек... Онда тұншыққан сезім ғана емес, мұңлы лирика жатыр. Салтанат роліне Жаннат барын салды. Оның үстіне тәжірибесі бар... Әсіресе, Әмина Өмірзақова Жаннатқа образ жайлы, өзінің ертеректе "Абай" фильмінде Ажарды қалай ойнағанын, қайтіп ізденгенін айтып отыратын... Салтанат -- тазалық пен махаббатқа шөлдеген ару... Оның жаны тұнып тұрған романтика...
"Жүрші, ай астында суға түсейік... сонда бөпеміз көркем болады..." Фильмде Салтанат осылай дейді... Ол өңі ғана сұлу емес, жаны да көркем бейне. Сол үшін бұл образ Жаннатқа ерекше ыстық. Актрисаның әр қимылы, жүрісі, тұрысы, күлкісі, көзінің астымен қарағаны, мұңаюы, билегені, атқа шапқаны ғажап... Иланасың... Әсіресе, алғашқы жауын астындағы көрініс сулулық пен жастықтың, буырқанған сезім мен көктемдегі қызғалдақтай махаббаттың гүл жарғаны секілді... Егер алғашқы фильмде ғашықтық сахнасын ойнау қиын болса, Жаннатқа Салтанат жеңіл болды. Өйткені Жаннат бұл кездері тек Жамбылды ойлайтын... сағынатын... алаңдайтын... ойда жоқта келіп қала ма деп күтетін...
«Көрікті көл беті,
Көк елес көлбеді,
Мен тұрмын жағада жабырқау.
Ай нұры арайлы,
Айдынға тарайды
Сүйіктім келер ме, япырм-ау?
Айдын көл, сен айтшы,
Самал жел, сен айтшы,
Жарыма құс болып ұшайын.
Бір хабар берші, айым,
Жақындап келші, айым
Лапылдап мәңгі құшайын» деп шырқалатын Мэлс Өзбековтің " Келші, айым" әні алғаш рет осы фильмде орындалды. Бұл ән - режиссердің тауып, фильмге кіргізген дүниесі еді. Табысы еді. Ыстық жазда, асау толқынды өзеннің адам аяғы баспайтын жағасында, бүлдірген өседі. Басын көтере алмай асау толқынға бетін жуып, майысып кетеді... Қып-қызыл баданадай... тамылжиды... Мына әуен - сағыныш сазы дәл осындай кезеңге, мөлдір сезім - бүлдірген шаққа дөп келді...
Жаннат Жамбылды ойлағанда, осы әнді ыңылдап айтатынын өзі де байқамай қалушы еді...
"Гаухартас" фильмін көрермен жақсы қабылдады. Жаннатты да Жамбылдың ата-анасы ыстық ықыласпен қарсы алды. Бір жылдан соң шаңырақ көтеріп, Ержан есімді сәби өмірге келді... Қазақ киносында түсіру алаңында кездесіп, отау көтергендер баршылық... Құман Тастанбеков пен Меруерт Өтекешева, Талғат Нигматуллин мен Венера Нигматуллина, Нұрлыбай Есімғалиев пен Ольга Сошкова және Жаннат пен Жамбыл... Алайда тағдырдың тас жолы тым бұралаң... Кей кездері өмір атты "асау аттың" шабатыны да, сүрініп құлайтын сәттері де кездеседі... Жамбыл Құдайбергенов осы "асаудан" құлаған да жылаған, тағдыр-таудың төбесінен тайғанап, жер дүниеге сыймаған, дұрысы - қымбатын басқаға қимаған, ах ұрып арманда кеткен актер-ді... "Кездеспей кеткен бір бейнедегі" - Еркебұлан, "Жаушыдағы" - Кенже, "Даладағы қуғын", "Белый шамандағы" фильмдердің бас кейіпкері біздің Жамбыл Құдайберген болатын. Көрерменнің сүйікті артисі, өкінішке орай, бүгінде ұмытыла бастаған. Ал Жаннат бүгінде киноға көп түсе бермейді... Кезіндегі "Махаббат туралы афсана", " Гаухартас", "Қош бол, Медеу", "Қауын", "Қараша қаздар қайтқанда", "Өгей әке" т. б. үлкенді-кішілі елуден асқан фильмге түсіпті... Елімізде алғаш рет түсірлген көп сериалы "Перекресток" фильмінде Жаннат Қуанышева басты рольдердің бірін сомдады. "Өткен күнде белгі жоқ" десе де, Жаннаттың жадында ештеңе ескірген жоқ.. Ай да, күн де... Алматы мен "Қазақфильм" де сол қалпы... Тіпті сол баяғы ән де қазір ескірмеген. «Ай ару, сен айтшы, айдын көл сен айтшы». Бұл ән - Жаннаттың әні... Жаннаттың Айы... Жаннат арудың әуені, сазы, ал саз мәңгілік... Өйткені ол махаббатқа арналған.
Талғат Теменов,
Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер
Abai.kz