Есікті аш, мен келіп тұрмын...
Әңгіме
Тағы да түсінен шошып оянды да, есікке ұмтыла бергені сол еді, қасында күтіп отырған жақындары төсегіне қайта жатқызды.
— Жоқ, есікті ашыңдар! Арман келіп тұр, ол өлмеген, тірі! — дегенін тыңдамайды. Қол-аяғын басып, тырп еткізбейді.
Қанша күн өткенін де білмейді. Өзі не болып кетті мына дүние? Кеше ғана жайма-шуақ, жадырап тұр емес пе еді? Тосыннан соққан қара дауылдай жердің астаң-кестеңін шығарғандай.
Көзін жұмып, терең тыныстап алды да, су сұрады. Еріні кезеріп кетіпті. «Уф» дегенде, ішінен от шығып жатқандай. Басын көтеріп, суды ішіп, жан-жағына қараса, алыста тұратын туыстары осында екен. Барлығының да көздері шүңірейіп кеткен.
— Балам, болар іс болды, өзіңді ұста. Өлгеннің артынан өлмек жоқ, — деп анасы сөз бастады. — Енді қанша жерден күткеніңмен, ол енді қайтып келмейді. Жазмыштан озмыш жоқ.
— Жоқ, мүмкін емес! — Көзінен ыстық жасы ағып жатыр, тоқтар емес.
Бұл қиялымен өткен күндерге оралды. Күйеуі күндегідей ерте тұрып, шайын ішіп болды да, жұмысқа шығып кетті. Ол үйленгелі өз әдетінен танбай: «Жаным, жақсы қал үйде, мен кешке келемін», — деп құшақтап, бетінен сүюді де ұмытпайтын.
«Кетті-ау», — деп шай орнын жинастырып бастағаны сол еді, есік қайта ашылды да, күйеуі күліп тұр.
— Келші, тағы бір құшақтағым келіп тұр, — деді табалдырықтан аттап.
Бұл да сол жайдары мінезімен:
— Жұмысыңнан кешігесің ғой, автобусқа кеш қалсаң, көлік шыға қоймайды, — дегеніне қарамай, құшақтап тұрып:
— Өмірімнің мәні сенсің. Сені... Сені... — дей берген еді, ол саусағымен ернін басып:
— Болды, кеш қаласың, — деп есікті қайта ашып, шығарып салды.
Қол бұлғап, ұзап кеткенше күтіп тұрып, үй тірлігіне кіріскен болатын. Сол аралықта бір-екі сағаттай уақыт өтпей, телефон шыр еткен.
Құлағына естілген дауысқа сенер емес. Көз алды қарауытып, дүние дөңгелеп бара жатқандай, сұлқ түсті. Ах! Содан кейінгілері санасында сақталмағандай. Қанша ұмтылса да, есіне түсіре алмады.
Көзін жұмса, күйеуі: «Есікті аш, мен келіп тұрмын!» — не болмаса: «Мені неге алып кетпейсің, алып кет, мен мұндамын!» — деген бейнесі мұны ұйықтатпайды.
Осылай жалғасқанына үшінші күн.
Мархұмды асығып жұмысқа бара жатып, жолда көлік қағып кеткен. Қағып кеткеннің ағасы биліктің майлы жерінде істейді екен. Мархұмның жанашыр жақын туысы жоқ, келіншегінің есін жия алмай жатқанын пайдаланып, сол күні түс ауа жерлетіп тастаған.
Шашын жұлып: «Қабірін қайта аштырам!» — дегенін еш жан естімек түгілі, құлағына да қыстырмады.
Жылай-жылай ұйықтап кеткен екен. Күйеуінің қабірін аша алмай, қатты қабырғасын тырнап-тырнап, бүрісіп жатқанын көріп, шошып оянды.
Нұрлан Бәйімбетұлы
Abai.kz