«Balhash Tour Fest-2026»: «Достық керуені» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды
Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы «Жастар» саябағында экологиялық мәдениет, спорт және ойын-сауықты насихаттауға бағытталған «Balhash Tour Fest-2026» фестивалі аясында Қарағанды облысы этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары мен орындаушыларының қатысуымен «Достық керуені» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды.
Концерттік бағдарламада Қарағанды облысы этномәдени бірлестіктерінің үздік шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздары өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Берегиня», «Русалица», «Казачья вольница» халық ансамбльдері, «Хайдакъ», «Ақниет» ансамбльдері, сондай-ақ корей, түрік және өзге де этномәдени бірлестіктердің солистері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздардың орындауында қазақша сондай-ақ әр этностың әндері шырқалып, ұлттық мәдениеттердің әсемдігін айшықтайтын жарқын билер ұсынылды.
Іс-шара қонақтарының ерекше қызығушылығын сахна алдындағы алаңда ұйымдастырылған Қарағанды облысы этномәдени бірлестіктерінің «Бірлікпен гүлденген Сарыарқа» көрмесі тудырды. Көрме экспозициясы келушілерді өңірде тұратын этностардың тарихымен, салт-дәстүрлерімен және мәдени мұрасымен таныстырды.
Көрмеде ұлттық киімдер, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, халық шеберлерінің туындылары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық татулықты сақтау және рухани құндылықтарды дәріптеу бағытындағы қызметін таныстыратын материалдар ұсынылды.
Abai.kz