Бейсенбі, 25 Маусым 2026
Жаңалықтар 202 0 пікір 25 Маусым, 2026 сағат 19:24

«Жүйке талшықтарымды бір-бірлеп үзді»: журналист Freedom-ға шағымданды

Сурет: bankffin.kz сайтынан алынды.

Белгілі журналист Өміржан Әбдіхалық Freedom bank мобильді қосымшасын себепсіз бұғаттағанын айтып, әлеуметтік желіге жазды.

Оның сөзінше, оқиға 24-маусымда болған.

«Кешке банк қосымшасына қаламақы жіберді. Фридом қосымшасынан қаражатты kaspi.kz қосымшасына аударуға бірнеше рет талпыныс жасадым: карта нөмірімен жіберілмей, "қателік пайда болды", "30 секундтан кейін қайталап көріңіз" деп ескерту шыға берді. Сөйтіп, телефон нөмірі бойынша аудармақ болған фридом банк қосымшасын бұғаттап тастады. Бірден банктің «595» жедел желісіне хабарластым», – дейді ол.

Тұтқаны көтерген адам whatsapp мессенджеріндегі чат ботқа сілтеген. Ал чат-ботқа жазғанында қажетті құжаттардың тізімін, банк туралы заңға сілтемелер және өз қолымен жазылған өтініштің үлгісін жіберген.

"Чат-ботпен мәселе шешілмейтінін білдім. Сөйтіп, 25 маусымда түсте Freedom bank Астана қаласы Қабанбай батыр көшесі 9/2 мекенжайында орналасқан бөлімшесіне бардым. Эльвира есімді банк қызметкері өтініш жазуымды сұрады – жаздым. Сосын kaspi.kz-тен соңғы 6 айдағы есепшот көшірмесін, соңғы 6 айдағы зейнетақы аударымдарын алдырды, бердім. «Мұның бәрі не үшін?» дегенімде, банк қызметкері "білмеймін" деді. Бұл екі жеке банк және зейнетақы деректерімді жоғарыдағы банк қызметкерінің whatsapp-ына жібердім", - дейді журналист.

Бәрін қабылдап алған соң, Эльвира «өтінішіңізді Алматыдағы бас кеңсеге жібердім, олар қарайды, сосын сізге хабарласады" деген. Бірақ қашан хабарласатынын білмейтінін, бәлкім, 3-7 күн аралығы болып қаларын айтқан.

«Мұны естігенде банк картачкасы бір аптада шығатын 2000-шы жылдарға түскендей есеңгіреп қала жаздадым. Шынымды айтсам, бұғаттауды банк бөлімшесі қажетті қүжаттарды қарап, өтінішті алып, дереу шешіп береді деп ойлағам. Шыға сап, «595»-ке қайта қоңырау шалдым да банк қосымшасы жөніндегі бөлімге қосуын сұрап ем, «оларға қоса алмаймыз» дейді. «Неге?» десем, «күтесіз, өздері хабарласады» дейді. Соңғы сөздерін естуге жүйкем жетпей, тұтқаны қоя салдым», – дейді ол.

Өміржан Әбдіхалық банк қосымшасы не себепті бұғатталғанын ешкім түсіндірмегеніне налиды. Зейнетақы және өзге банктегі деректерін не үшін алғандарын да түсіндірмеген. Берілген өтініштің қашан қаралытыны, ол қанша уақыт алатыны белгісіз, ешкім білмейді.

«Қысқасы, журналистер күні қарсаңында Freedom bank осындай әуре-сарсаңға сап, жүйке талшықтарымды бір-бірлеп үзді», – дейді журналист.

Abai.kz
0 пікір