Қара қоңыз
Ел аузынан...
Қара қоңыз – Қарымбайдың ұрпағы екен деседі, бұл Мұса пайғамбардан басталады.
Мұса пайғамбардың қарауында Қарымбай деген адам болыпты.
Бір күні Қарымбай Мұса пайғамбарға жолығып, пайғамбар жылы жүзді амандасып болғаннан кейін: «Ей, Мұса, сен болсаң құдайдың ең адал досысың. Бізге де бір дұға қыл, бір шарапатың тисе болар еді», – депті.
Мұса пайғамбар: «Құдайдан шын тілесең бәрі болады. Бірақ уәдеңнен таймайсың» депті.
– Уәдем уәде! уәдемнен тайсам қара жер жұтсын! – депті Қарымбай.
– Онда екі түрлі байлық бар. Біріншісі шіріген бай боласың – зекет беріп тұрасың; екіншісі көкірек көзің ашылған білімді әулие боласың – халыққа рухани інжу-маржанды шашасың. Қайсысын таңдайсың?!, - депті.
«Маған бай болуға дұға қылсаң», - депті Қарынбай.
«Байытсаң тез байытшы», - деп қосыпты сабырсызданып.
«Онда жоқ-жітіктерге зекет беріп тұрасың!»
Қарымбай басын жерге иіп: «Уәдеден тайсам жер жұтсын!» деп анттасыпты.
Күндердің күнінде Қарымбай шіріген бай болыпты. Бай болғанда сондай сараң, шығай болыпты. Жұмыртқадан жүн қырқып, қарағаштан құмалақ салатын нағыз тақырдың өзі болыпты.
Бір күні Мұса пайғамбар келіп: «Ей, Қарымбай! Сен шіріген бай болдың. Неге қайыр, зекет бермейсің?! зекет бер!» деп бұйырыпты.
Қарымбай тұрып: «Мен өз еңбегім, маңдай теріммен байыдым. Жар құлағым жастыққа тимей, жазда жалаңаяқ, қыста малмен бірге далада жатып, апаттан сақтап, қасқырдан қорғап, тірнектеп жүріп бай болдым. Өз еңбегімнен кімге малымды шашып зекет берем?!» депті.
Сол кезде: «Ей, Қарымбай! уәдең қайда, “уәдеден тайсам қара жерге кіремін!” дегенің қайда?!» дейді Мұса пайғамбар.
«Зекетсіздің малы – сүндетсізге бұйырады», - деген.
Қарымбай: «Жоқ, мен өз еңбегіммен байыдым», - деп бой бермепті. Сол сәтте Қарымбайды қара жер тартып тізесіне дейін батырыпты, кеудесіне дейін батырыпты. Серттен айныған ол, айтқанынан қайтпай: «Өз еңбегіммен байыдым», - дей беріпті.
«Ей, уәдеңді жұтпа!».
Соңында қара жер бір-ақ тартып бара жатқанда мұрнынан қара қан шашырапты. Артынан қара қан – қара қоңыздарға айналыпты.
Қоңыздар бытырап, қай жерде боқ болса соны жинап, илектетіп, домалатып, «өзім жейім» деп тыға береді екен, бірақ оны өздері де ұмытып қалады екен.
Әлі күнге дейін сол қоңыздарға өзінің жиған мүлкі бұйырмайды екен. Сол қара қоңыздар Қарымбайдың ұрпағы екен деседі.
Дүйсенбай Жанғазыұлы
Abai.kz