Бейсенбі, 16 Шілде 2026
Әдебиет 187 0 пікір 16 Шілде, 2026 сағат 13:23

“Жошы” пьесасы хақында

Сурет: Автордың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Драматургияға қызыққан емеспін. “Әңгімелеріңнен инсценировка жасап, театрға ұсынсаңшы” дегенде де қозғалмадым. “Оған кеткен уақытта бітпей тұрған бір әңгімемді шимайламаймын ба” дейді ішкі ойым. Содан ба екен, осы уақытқа дейін бірде-бір пьесса оқымаппын. Шыным сол.   Театрға барып қойылым көреміз ғой, бірақ “осының сценарийі қалай жазылды екен?” деген әуестік болмапты.

Бүгін өмірімде алғаш рет пьеса оқыдым. Думан Рамазан ағамның “Жошы” деп аталатын туындысы. Бұл шығарма биыл мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Содан болар газеттер мен әлеуметтік желіде әрекідік «Жошы» туралы жазылған мақала, пікірлерді көріп қаламыз. Кеше бір азаматтар театрдан қойылымын көргенін айтып, оң пікір білдіріпті. Біз жаққа бұл ұжым келмеді, көре алмадық әзірге. Сонан кейін қағаздағы нұсқасын автордың өзінен сұрап алып оқыдым. Басында жүрексіндім, аяқтай алар ма екенмін деп тайсақтадым. Өйткені бастапқы бір-екі беті қызықтырмаса кез-келген мықты деген шығарманы оқи алмаймын. Өзімді-өзім қинап, құр әуреленіп жаба салатынмын. Пьесаны оқу да ішпыстырарлық тірлік деп ойлайтынмын. Осындай оймен “Жошы”-ны бастағанмын, бір қарасам аяғына шығыппын. Пьеса емес, әңгіме оқығандай кепке түстім. Бәлкім автордың драматургияға прозадан барғанының әсері шығар, жетектеп отырады, тілі жорға.

Тіл демекші әр дәуірдің өз лексиконы болады. Дала қазағы бөлек сөйлейді, қала қазағы бөлек, ал шала қазақ тіпті басқаша шатып-бұтады дегендей. Сондықтан қаламгерлер кейіпкерінің аузына сыймайтын сөзді тықпалап жібергенмен сауатты оқырман оны қорыта алмайды, шалалықты сезеді.  Хан мен төренің аузына  “мен ойлаймын” деген бүгінгінің жасанды сөзін сала алмайтының секілді қала қазағын да баяғының би-шешендерінше толғатып қойған болмас.

Хош, сонымен “Жошының” тілі жорға, суреттеп отырған дәуірге сай көрінді. Шыңғыс ханның осылай сөйлегеніне иланасың, жетелей түседі. Бірден сарай интригасына топ етіп түсесің. Тақталас, бақталас, күндестік, қаталдық, қатыгездік, қанқұмарлық, сатқындық, сұмырайлық, екіжүзділік, алдау-арбау… Тізе берсең түйіні жоқ, кете береді. Билік пен байлық жүрген жерде осындай мерездіктер көлеңкедей еріп жүреді. Бұрын солай болған, қазір де сол. “Бабырнамада” “он дәруіш бір кілемге сыйғанда , екі патша жер жаһанға сыймайды” деген тіркес бар. “Жошыда” сол ой “бүкіл әлем бір билікке, бір тәртіпке бағынғанда ғана жер бетінде тыныштық орнайды” деп келеді. Шыңғыс хан айтады. Жалпы әмірші біткеннің ішкі ойы соған саяды-ау. Сол ой талай билеушіні адастырды, талайдың басын жұтты.  Шыңғыстан қалған, бәлкім онан да әріден келе жатқан диктаторлық дертпен ауыратындар бүгін де жер жүзін лаңдатып жатыр. Бірі әлемде бейбітшілік орнатпақ, екіншісі “фашизмді” жоймақ екен. Сол ойларын іске асыру үшін қаншама мемлекет соғыс көрді, қанша қала қирады, қанша бала жылады, қанша  ана зар айтты?! Не үшін өлгенін білмей кеткен ерлерді кім санапты?!  Ал олар «тәртіп орнатамыз» дейді.

Әрине, әлемде жұпсыз дүние жоқ. Ақ пен қара секілді жауыздыққа қарсы жаратылыс жоқ емес, бар! Ол - мейірім! Мейірім адамды сақтап тұрған, адамдықты қорғап тұрған ұлы қалқан. Сол мейірім лебі шығармада Жошының бойынан сезіледі. Әсілі автор бұл жерде жансақтыққа барып тұрған жоқ, тарихи дерек, аңыз-әпсананың өзі солай дейді.  Шыңғыс ұлдарының ішіндегі ең гуманисі Жошы десек қателеспеспіз. Шығармада Жошының ізгілігі үш-төрт жерде байқалады. Үргенішті шабарда қантілеген інілерін сабырға шақырып, озбырлыққа бармайды. Бұл ісі Шағатайға ұнамайды, “жорық заңын” бұзды деп айыптап, қатал әкеге естіртеді. Жорық заңын бұзудың үкімі - өлім! Осы тұста Жошымен бірге Шыңғыс ханның да болмысы ашыла түседі. Әке мен бала тартысы, құдды Құнанбай мен Абайдың пікірталасындай. Бірі Құнанбай айтатындай «жайдақ су болма» дейді баласына,  қатыгез болмасаң билігіңдегі елден де, иелігіңдегі жерден де айрыласың дейді. Екіншісі ақылмен басқарса кешегі жауды дос етуге боларына сенеді. Сол үшін қаһарлы әкеден қаймықпастан, қолға түскен тұтқындарға араша сұрайды.

Пьесада автор Жошының тегіне байланысты айтылатын даулы деректі де қозғап өтеді. Осында Шыңғыс ханның позициясы ұнады. Ел арасындағы өсекті ордада бықсытқан Көкеш бақсыға Шыңғыс «Әйелзатының асылы Бөртеге тіл тигізіп, ар-намысын қорлағаның үшін өлім жазасына кесілесің!»дейді. Жалпы әйелдің асылдығын, жаладан ақтығын да, күнәдан пәктігін де ерінен артық ешкім білмес. Осы сөзбен-ақ автор Жошы туралы күмән бұлтын сейілтеді.

Жалпы біраз дүние қамтылған екен. Шыңғыстың балаларына енші бөлгені, билер кеңесі, құрылтай, ел бірлігі, дала демократиясы... Оқиғасы өткен дәуірлерді қамтығанмен көтерген мәселері бүгінгілер үшін де өзекті.

Биыл осы шығарма мемлекеттік сыйлыққа үміткер екенін сөз басында айттық. Тарихи деректерді бүгінгі заманмен үндестірген іргелі еңбек өз бағасын алып, сыннан сүрінбей өтуіне тілекшіміз.

Есболат Айдабосын

Abai.kz

0 пікір