"Шаңды жорықтан" бір үзік
Еділ қалмақтарының Қазақ даласын кесіп өтіп, бүгінгі Шыңжаң жеріне қоныс аударғаны тарихтан белгілі. Деректерге жүгінсек олар жай көшіп өтпеген, жол бойындағы қазақ ауылдарын шауып, малын барымталап отырған. Бұған қазақ жағы қарсылық танытып, талай рет қайтарма шабуылдар жасаған. Бұл тарихта «Шаңды жорық» делінеді. Алайда бұл оқиғалардың барысы мен тарихи жағдайлары әлі толық айқындалмаған. Тарихи деректер тапшы, ғылыми зерттеулер аз.
Дегенмен 1771 жылы Іле генералының Цяньлун патшаға жолдаған мәлімдемесінен қазақ-торғауыт қақтығысына қатысты аз-кем мәлімет алуға болады. Онда былай делінген:
"Биыл 25 мамыр Тарбағатай ұлығы Антай жолдаған мәлімдемсіне қарағанда, Абылай, Әбілпейіз қатарлылар қазақ Кенжеқара мен Бұртты жіберіп, төмендегідей хабар жеткізген:
Торғауыттар орыстан қашып шығып, жол бойы қазақтарды өлтіріп, екі-үш мың жылқы мен бірнеше он мың қойды айдап әкеткен. Осыған байланысты Абылай торғауыттармен шайқасып, олардың төрт жүзден астамын өлтіріп немесе тұтқынға алған.
Олардың айтуынша, торғауыттардың басшылары – Ұбаш хан, Соно және Шэрэн атты үш адам. Олардың қарамағында ер-әйел болып жиыны 80-90 мың түтін бар.
Бұлар алғашында осы жаққа қарай (Тарбағатай-Шәуешек жақты меңзеп отыр) келмекші еді, артынан қайта бұрылып, Балқаш көлінің солтүстік-батыс жағалауымен жүріп, Сарыбелге қарай бет алыпты.
Абылай бірнеше он мың сарбазымен торғауыттарға жақындап, олардың әрекетін бақыласа, Әбілпейіз мың сарбаз бастап соңдарынан қуған".
Бұл қазақ елшілері Кенжеқара мен Бұрттың Тарбағатай ұлығына айтқандары. Мазмұн ықшам болғанымен, Шаңды жорыққа қатысты біраз мәліметтерден хабар табуға болады болады.
Дүйсенәлі Әбділәшімұлы
Abai.kz