«Семей орманы» тағы да өртенді. Қазірге не белгілі?
«Семей орманы» тағы да өртенуде: Абай облысындағы өрт салдарынан 190 бала эвакуацияланды.
16 шілдеде Бородулиха ауданында орман өрті тұтанды. Тілшіміздің хабарлауынша, өртті сөндіруді аймақтағы төтенше өрт қаупі деңгейі қиындатып отыр.
Сондай-ақ қазіргі уақытта түрлі өңірлерді әбігерге салған қатты ыстық та жағдайды қиындатуда. Оқиға орнына мемлекеттік орман күзеті мен ТЖД қызметкерлері жіберіліп, авиация жұмылдырылды.
«Орман өрті "Семей орманы" МТОР Бородулиха филиалы Камышенка орман шаруашылығының 57-тоқсанында тіркелді», — деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі.
Тікұшақтар 24 рет су шашты. Оқиға орнына қосымша күштер мен техника бағытталды.
Балаларды эвакуациялау
Камышенка орман шаруашылығы аумағында орналасқан «Dos Bol Like» жазғы лагерінен 190 баланы эвакуациялау туралы ақпаратты Абай облысының ТЖД растады:
- 2 баланы ата-аналары өздері алып кетті;
- 188 бала үшін Бородулиха ауылына эвакуациялау ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың жазында осы табиғи резерват аумағында Қазақстан тарихындағы ең ірі өрт шыққан болатын. Ол кезде 15 адам қаза тапты.
Abai.kz