Сейсенбі, 21 Шілде 2026
Біртуар 279 0 пікір 20 Шілде, 2026 сағат 13:52

Жамбыл ескерткіші – достықтың шын келбеті

Суреттер: adebiportal.kz, tripadvisor.ru сайттарынан алынды.

Халықтық тұлғаларға құрмет елімізде ерекше сақталған дәстүр. Биыл «ұлы дала Гомері» атанған – Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығы облыс орталықтары мен шалғай елді-мекендерде кеңінен аталып өтуде.

Жамбыл – көзінің тірісінде халықтың ыстық ықыласына бөленген, даңқы жер әлемге жайылған ұлы ақын. Эпик ақын.

Жамбылдың батырлар туралы дастаны, еңбекқор ел қамын жеп шығарған өлеңдері, әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыстың тұсында майданға аттанған ерлерге рух беріп толғанған жырлары заманында 40-тан астам тілге аударылыпты.

Қиян-кескі майдан жалғасып, жан алысып-жан берісіп жатқан 1940 жылдардың ортасында Жамбылдың үні жау қоршауында қалған Ленинград қаласына жетті. Оқ жауып, отқа оранған қаланың күні батуға айналған кез еді ол. Қала тұрғындары темірқұрсау жаудың алдында тізе бүгуге шақ қалған. Сондай қысылтаяң шақта кәрі абыз буырқанып: «Ленинградттық, өренім // Мақтанышым сен едің»,  – деп күркіреді.

Ленинградтың оқ ысқырып, ақ түтек боран жүгірген көшелерінде қасқайып Жамбылдың суреттері тұрды. Бурыл қабақ, шүңірек көз қарт жырау домбырасын қолға алып сонда былай толғанды:

«... Бүгіп Жамбыл тыңдаса,
Естиді жау келгенін;
Есігіңе таласып,
Созыпты обыр өңмеңін;
Естерінен адасып,
Жолына үйіп өлгенін,
Жеті басты жалмауыз
Жайыпты қан шеңгелін...
Дегеніне жетпес ол,
Қақпа алдында қансырар,
Келген шығар айдап сор,
Жылан басы жаншылар...»

Қаһарлы Ленинградта қарт Жамбыл  жауға қарсы атой салып тұрды. Соғыс атаулыға қарсы қыран дауысы саңқылдап тұрды оның. Қарт жыраудың ленинградтық өрендері серпіліп, жаудың жағасынан алды. Сөйтіп, ғимараттары әсем  қаланы езгіден, қирап, бүлінуден аман алып қалды.

1980 жылдардың ортасынан басталған қайта құру мен демократиялық жаңғырулардан кейін Ленинград атауы өзінің тарихи атауына қайта оралып, Санкт-Петербург аталды.

Санкт-Петербург – біздің бабаларымыз бұл қаланы бұрын – Петербор атаған, иә, сол Петербор қаласында осы күндері Жамбылдың алып ескерткіші тұр. Көнеден желі тартқан мәдени мұралардың астанасы деуге лайық – Петербордағы Жамбыл ескерткіші жай ғана ескерткіш емес, ол қазақ халқының достыққа қол созған символдық бейнесі. Ол тілектес, мұраттас, мұңдас елдің басына күн туғанда қасынан табылатын, қамқор бола алатын достың тұлғасы, достықтың шын келбеті.

Өткен күндердің шындығын бұрмалай бергеннен ештеңе өнбейді. Соноу бір қиын-қыстау күндерде біздің «ленинградтық өрендермен» тілектес, жақтас, мұңдас болғанымыз рас қой? Солай екен, ендеше, петерборлық тұрғындырамен қатар біз де алыстағы Жамбыл ескерткішіне құрметпен қарап, оны мақтан тұтсақ, сірә, абыройсыз болмаспыз.

Ал, питерліктер ше? Олар қарт Жамбылды ұмытып қалған жоқ па екен? Бүгінгі жас питерліктер: «Мына азиялық қысық көз шал сақалын сапситып біздің қаламызға қашан, қай уақытта кіріп алған?» – деп жүрген жоқ па?

Жоқ олай емес екен. Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына орай Санкт-Петербургке сапарлап қайтқандар мынаны айтады: 

«Ленинградты жаудан азат етіп ерлік көрсеткен қазақ ұлдарының рухына питерліктер бас иеді екен. Ұмытпапты. Сол бір аласапыран күндерде қазақтың халық ақыны Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» жырын жазып, ержүрек жауынгерлерге дем бергенін қала тарихын насихаттаушылар тебіріне еске алады. Оқушылар, жастар, қарапайым қала тұрғындары, аға буын өкілдері шетінен ағылып келіп, ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып жатыр.

«Расул Гамзатовтың «Тырналары» соғыс қасыретін сезіндірсе, Жамбылдың «Ленинградтық өренім» деп басталатын жыры ерліктің әнұраны болып әлі күнге шырқалып тұр» дейді екен олар».

Ресейде қазақтың халық ақынына деген құрмет ерекше сақталған. Жамбыл Жабаев атындағы көшелер РФ-ның Ижевск, Волгоград, Иркутск, Кемерово, Курган, Новосибирск, Хабаровск,  Красноярск қалаларында бар.

Естеріңізге сала кетейік, биыл елімізде ұлы ұстаз, дала қоңырауы – Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 160 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығы, қазақтың классик жазушысы Сайын Мұратбековтің 90 жылдығы аталып өтіп жатыр.

Нариман Тұрарбек

Abai.kz     

0 пікір