Пушкин мен Путин
Баяғыда Бауыржан Момышұлының: «Я полковник в отставке, но не гражданин в отставке» дегені осындайда еске түседі...
Мен ешқашан ешқандай партияға мүше болған емеспін... Сол секілді творчестволық Одақтарға да мүшелігім шамалы. Жастау кезімде Кинематографистер Одағының мүшесінің бірі едім... Ширек ғасыр болды, онымен де хош айтыстым...
Айтпағым басқа...
Мен саясаткер емеспін. Алайда менің өз ойым, өз пікірім, өз көзқарасым бар. Және менің бұл ойымды ешкім өзгерте алмайды. Қазақтың: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дегені осы болар...
Хош делік...
Сонымен, интернеттен Омбыдағы Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путинмен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың кездескенін оқыдым. Президенттің сөзін тыңдадым. Көңілім толды. Осы жолы Қасым Жомарт Кемелұлына риза болдым.
Омбы — көне қазақ жері. 1716 жылы Петр І-нің жарлығымен Омбыдағы әскери бекініс салынған Ертістің жағалауы. Бұл тек Шоқан оқыған шаһар емес, бұл — Әлихан мен Мағжанның, Сәкен мен Жүсіпбектің білім алған, Алаш жайлы арман-ойлардың туған жері.
Омбы бізге ерекше ыстық. Өйткені Қазақ Елінің алғашқы астанасы Орынбордың серігі. Теріскейдегі біздің аманаттарымыз. Сондықтан да шекараның ар жағында қалғанмен, санамыздан сарғайса да, көкейімізден кетпейтұғын қала бұл... Орта жүз мекен еткен жүз мыңдаған батырлар мен бабалардың, ақындар мен аналардың зираты қалған көне жер.
Қасым-Жомарт бүгінде кемеліне келген саясаткер. Кімге не айтуды, қалай айтуды біледі.
Ресейді біз Путин арқылы емес, Пушкин арқылы таныдық. Сондықтан да біздің елге Татьяна ерте келген. Оны бізге таныстырған Құнанбайдың Абайы. Ал Ф. Достоевский мен Шоқанның достығын бүгінгі шовинист шерменделер білмейді... Білгісі де келмейді...
Біздің Президент көршінің көсеміне қатты айтты. «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деген мақалды шығарған мен емес... Қан төгісті тоқтату керек деді.
«Ей, жарандар! Қантөгісті тоқтатыңдар!» — деп айтпаған кезім жоқ!
Бұл — Ш.Айтматовтың «Ана — Жер-Ана» шығармасындағы Жер-Ананың сөзі. Ұлы гуманистің сөзін біздің Президент Ел жадына осылай қайта салған.
«Елдестірмек — елшіден, жауластырмақ — жаушыдан...» деген осы болар. Ұғатын құлақ болса, айтылмай қалған сөз жоқ...
Путин енді не дер екен қазаққа?..
Ал кезінде Федор Достоевский досына былай деген:
«Дорогой Чокан Чингисович! Вы пишете, что любите меня. А я Вам скажу без церемоний, что я Вас полюбил больше, чем своего родного брата. За всю жизнь я не встречал человека, который был бы мне так симпатичен и с которым я чувствовал бы себя столь родственным...»
Достоевский тек Ресейдің ғана емес, адамзаттың ұлы ойшыл, гуманист, философ жазушыларының бірі де бірегейі.
Ал Александр Сергеевич «Полтава» поэмасында былай депті...
«...Но миром кончилась война...»
Путин Пушкин емес, дей тұрғанмен, не дейді екен?.. Көрейік.
Талғат Теменов,
Қазақстанның Халық артисі,
Abai.kz