Сәрсенбі, 9 Қыркүйек 2026
Ақмылтық 953 0 пікір 9 Қыркүйек, 2026 сағат 15:25

Қазақстан халқының саны 25-30 миллиондай болуы мүмкін!

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазақстан халқының санына қатысты ресми ақпараттарды мезгіл сайын ҚР Ұлттық статистика бюросы жариялап тұратыны белгілі. 2026 жылғы 1 тамыздағы ресми есеп бойынша, қазір елімізде 20 604 819 адам есепте бар. Оның ішінде 10 531 747-сі - әйел, 10 073 072-сі - ер адам деп тізімделген. Ал 2025 жылғы 1 қазандағы көрсеткіш бойынша 20 445 231 адам болған. Яғни, бір жылға жуық уақыт ішінде халық саны 159 588 адамға артқан.

Алайда бұл көрсеткішке күмән келтіретіндер де бар. Белгілі қоғам қайраткері Жәнібек Қожық әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан халқының нақты саны ресми деректегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтып, халық санағын қайта өткізуді ұсынды.

Оның пікірінше, 1989 жылдан бері, 37 жыл ішінде табиғи өсім, қандастардың елге оралуы және басқа да демографиялық факторларды ескерсек, халық саны кемінде 25-30 миллионға жетуі керек. Осы пікірге қатысты Жәнібек Қожық мырзаның өзіне тікелей хабарласып, елдегі қазіргі демографиялық жағдайды қалай бағалайтынын сұрап көрдік.

Сіз жуырда өзіңіздің әлеуметтік желідегі жазбаңызда 1989 жылы Қазақстан халқының саны 16,5 млн болса, 2026 жылы 20,5 млн-ға жеткенін айтып, осы көрсеткішке күмән келтірдіңіз. Сіздіңше, халық өсімі қандай болуы керек? Қазіргі санақтың қате екеніне қандай аргументтеріңіз бар?

– Былай айтқанда, 37 жыл - жарты ғасырға жуық уақыт. Осы кезеңде қазақ халқының да, жалпы халықтың да толық көрсеткіші мұндай деңгейге дейін ғана келуі күмәнді деп ойлаймын. Бұған дейін әлеуметтік желіде сауалнама жүргізгенмін. «1989 жылы сіздің шаңырағыңызда қанша адам болды, қазір қанша адам бар?» деп сұрадым. Сонда көпшілігі отбасындағы адам санының 3-4 есе өскенін айтты. Бұрын бір отбасында 5-6 бала болса, қазір сол балалардың әрқайсысында 4-5 баладан бар. Яғни олардың немере-шөберелері бар. Кейбір отбасылардың өзінде адам саны 20-30-ға дейін жеткенін айтып отыр. Бұл - бір мысал.

Екіншіден, әрине, орыстардың, немістердің көшіп кеткені рас. Бірақ сол көшіп кеткендердің орнын белгілі бір деңгейде сырттан келгендер толтырды. Қандастар көшіп келді. Олардың туу көрсеткіші де бізбен салыстырғанда өте жоғары. Моңғолиядан, Өзбекстаннан, Ираннан қандастар келді. Олардың барлығында туу көрсеткіші жоғары, қазақтардың өзінде де табиғи өсім жоғары болды.

Сол кезеңмен салыстыратын болсақ, Өзбекстанда бізбен шамалас, 16 миллиондай халық болды. Қазір Өзбекстанның халқы 35-40 миллионға дейін жетті. Яғни, екі есеге жуық өсті. Ол елден де орыстар, қазақтар көшіп кетті. Қазақстанға Өзбекстандағы қазақтар, Қарақалпақстандағы қазақтар көптеп келді. Соған қарамастан олардың көрсеткіші осындай.

Украина секілді, басқа елдердегідей соғыс бізде болған жоқ!

Мысалы, Маңғыстау облысын алайық. 2005 жылы Президент сайлауы кезінде  Маңғыстау облысында шамамен 350 мың халық бар еді. Қазір ресми түрде 826 мыңға жуық адам деп есептеледі. Былай айтқанда, екі еседен астам өсіп отыр. Көп жерде сондай жағдай бар.

Алматы болсын, Астана болсын, басқа қалалар болсын - халық азайып жатқан жоқ, керісінше көбейіп жатыр. Автобусқа мінсеңіз де, көшеде жүрсеңіз де адам көп, қалаға халық сыймай жатыр. Сондықтан менің ойымша, Қазақстан халқының саны 25-30 миллиондай болуы мүмкін. Яғни, қазіргі көрсеткіштен шамамен 10 миллиондай адам артық деп есептеймін.

Ал бұл кімге зиян? Төменгі көрсеткіштің қандай пайдасы бар деген сұрақ туындайды. Назарбаевтың кезінде Қазақстанды «көпұлтты халықпыз» деп насихаттаумен келдік. Ал халықтың нақты саны мен этникалық құрамын есептегенде, бұл ұстанымның нәтижелерімен сәйкес келмейтін тұстар бар деп ойлаймын.

Күмән келтіретін тағы бір мәселе - 1999 және 2009 жылдардағы санақтарға қатысты жағдайлар. Сол кездегі сайлау комиссияларының төрағалары сотталды. Сол сотталған комиссия төрағаларынның  айтуынша, сайлау кезінде қазақтардың саны 75 пайыздан асып кеткенін көргенде, жоғары жақтағылар  бұған алаңдаған. «Бұлай болмайды, түзету керек» деген сөздер болғанын айтады. Оған себеп ретінде Ресейдің ықпалы, «көпұлтты мемлекетпіз», «орыс тілі бар» деген мәселелерді алға тартқан.

Қазір де қазақтардың үлесі 71 пайыз деген көрсеткіштің айналасында айтылып келеді. Содан бері 71 пайыз деген көрсеткіш өзгермей келе жатыр. Үкімет халықтың нақты санын біледі. Өйткені, қазір әр адамның жеке сәйкестендіру нөмірі, құжаты бар. Тіпті, малдың өзінде құжат бар. Осы мәліметтердің негізінде халықтың нақты санын білуге болады. Сол мәліметтер бойынша жоспар жасалады. Бірақ, халыққа жарияланатын көрсеткіш басқа, іс жүзіндегі көрсеткіш басқа. Оның себебі - «Біз тек қана қазақтар тұрмаймыз, қазақша сөйле деп талап етпеңдер, бізбен қатар басқа ұлттар да тұрады, олардың көбінің тілі орыс тілі» - деп айту үшін керек!

Қазіргі таңда солтүстік өңірлердің өзі қазақтанып барады. Быйылдыққа 360-400 мыңдай бала бірінші сыныпқа барып жатыр. Бұл - үлкен көрсеткіш. Осындай жағдайлардың бәрін саралай келе, менің болжамым бойынша, Қазақстан халқының жалпы саны 25-30 миллион, ал қазақтардың саны шамамен 20 миллион болуы мүмкін деп ойлаймын.

Халық санының өсуіне табиғи өсім, шетелден келген қандастар және елден кеткен өзге этнос өкілдерінің көші-қоны әсер еткенін айттыңыз. Осы факторлардың әрқайсысы қазіргі демографиялық көрсеткішке қаншалықты ықпал етті деп ойлайсыз?

– Қазір ешқандай  үлесін қосқан жоқ деп ойлаймын. Былай айтқанда, біз әлі толық еркіндік, тәуелсіздікті алып көрген жоқпыз. Қалай болғанда да, Ресейге тәуелділігіміз бар. Біздің басшыларымыздың жалтақтап отыруы, сөйлеген сөзі, орыс тілі туралы жариялауы, орыс мектептерін ашу мәселесін айтуы - соның бәрі осыған келеді.

Қазақстан мен Ресей арасында соғыс болған жоқ. Бізде «ешқандай соғыс болмады» деп айтудың өзі белгілі бір деңгейде түсіністікпен қарауға әкеледі. Себебі сырттағы алауыздықты ескереміз. Қазіргі Украинадағы жағдайды да көріп отырмыз. Кейбір адамдар Қазақстанның жерін, әсіресе, солтүстік өңірлердегі жерлерді «біздің жеріміз» деп айтып жүр. Сондықтан, осындай кезде халықты тыныштандырып, татулықпен жүрген пайдалы деп ойлаймын. Қазір біздің Президентіміз Қытайға барса да жақсы сөйлеседі, Ресейге, АҚШ, Иранға барса да жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысады. Меніңше, бұл татулықты сақтау үшін уақытша жасап отырған саяси әрекет болуы мүмкін.

Қазақстанға келіп жатқан этникалық топтарға қатысты пікіріңіз қандай?

– Соңғы жылдары Ресейден көшіп келушілер саны көбейді. Олардың көпшілігі қазір уақытша тұрғанымен, кейбірі кейін Қазақстан азаматтығын алып, әртүрлі жолдармен осында тұрақтап қалып жатыр. Бұл қауіпті тенденция деп ойлаймын...

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Томирис Маратқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1025
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2572
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 715
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 678