Сәрсенбі, 9 Қыркүйек 2026
Ғибырат 177 0 пікір 9 Қыркүйек, 2026 сағат 15:33

Қазақ сатирасының қарт сарбазы

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Қазақтың көрнекті қаламгері, жазушы, сатрик Қазыхан Әшенің 75 жасқа толған мерейтойына орай...

Қазақ әдебиетінің тарихында сатира өз алдына үлкен мектеп қалыптастырған жанрлардың бірі. Сатира қоғамдағы келеңсіз құбылыстарды, адам мінезіндегі міндерді, әлеуметтік қайшылықтарды күлкі мен мысқыл арқылы ашып көрсетеді. Сондықтан оның табиғаты әдебиетпен ғана емес, журналистикамен, қоғамдық оймен және азаматтық ұстаныммен тікелей байланысты.

Қазыхан Ахатұлы Әше жарты ғасырдан астам уақыттағы шығармашылық жолында қазақ әдебиетінде сөз өнерінің ыстығына күйіп, суығына тоңып қызмет еткен сатира сарбазының бірі. Ол – сатирик жазушы ғана емес, журналист, редактор, баспагер, аудармашы, құрастырушы және ұлттық сөз өнеріне қатысты құнды еңбектер жазған қарымды қаламгер.

Қазыхан Әше 1951 жылғы 10 қыркүйекте дүниеге келген. Оның кәсіби өмірбаяны журналистикамен ерте байланысқан. 1967-1989 жылдары аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда, сондай-ақ «Мектеп» пен «Жазушы» баспаларында қызмет атқарған. 1980 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін, кейін Қазақстан мемлекеттік Басқару академиясының экономика факультетін тәмамдаған.

Өмір іздеріне үңілгенде, қаламгердің әдеби жолы редакция мен баспа ортасында қалыптасып, дамығаны байқалады. Оның шығармашылығы таза көркем әдебиетпен шектелмей, редакторлықтың бейнетті еңбегімен, журналистік ойлау жүйесімен де тығыз байланысты болды. Сатира үшін алғанда мұндай мол білімнің өзіндік маңыз, мазмұны да айрықша. Өйткені сатирик көбіне өмірден дайын сюжет іздейді. Күнделікті тіршіліктегі бір оғаш мінез, бір қисынсыз әрекет, бір қоғамдық қайшылық оның шығармасына арқау болады. Тіпті кейде тұтас қоғамның «қыңыр-қисық» бір бөлшегін түзетуде қозғаушы қызмет атқарады.

Қазыхан Әшенің алғашқы кітаптарының бірі – 1987 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Енді қайттім» атты сықақ әңгімелер жинағы. Одан кейін «Өзімнен де бар» атты сықақ әңгімелер мен повестер жинағы жарық көрді. Қаламгердің библиографиясында бұлармен қатар «Сөз сүйектен өтеді», «Мұқанның мысқылы», «Күлкі көңіл көркі» сияқты кітаптары бар.

Кітап атауларының өзінен оның шығармашылық табиғатын аңғаруға болады. «Сөз сүйектен өтеді» – сөздің өткірлігін білдіреді. «Күлкі көңіл көркі» – күлкінің адам өміріндегі орнын көрсетеді. Ал «Өзімнен де бар» деген атауда сатириктің өзіне де әзілмен қарайтын мінезі сезіледі. Нағыз юмордың бір белгісі – автордың өзін де күлкіден тыс қалдырмауы. Дегенмен де, бұл жерде «өзім» деген атау кейде өзі өмір сүрген ортаны, әлеуметтік жағдайларды да меңзейді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазыхан Әшенің әдеби қызметін оның баспа және редакторлық жұмыстарынан бөліп қарау мүмкін емес.

1989-1995 жылдары ол «Сөзстан» баспасының директоры болды. 1995-1996 жылдары «Қазақ энциклопедиясында» бас редактордың өндіріс жөніндегі орынбасары, кейін «Бухгалтерлік есеп және аудит» журналында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1999-2003 жылдары республикалық «Ара-Шмель» журналының бас редакторы болды.

Бұл дәуір оның шығармашылық тұлғасын қалыптастырудағы маңызды кезең болды. Себебі редакторлық қызмет қаламгерді тек жазуға емес, өзге авторлардың шығармасын саралауға, әдеби үдерісті бақылауға үйретеді.

Ал «Ара–Шмель» сияқты сатиралық басылымды басқаруы оны қазақ сатирасының кәсіби ортасына одан әрі жақындатты.

Қазыхан Әшенің әдебиеттегі еңбегінің бір қыры – сатира мұрасын жинақтау және жүйелеуге қатысуы.

2021 жылы ол үш ғасырды қамтитын, 103 автордың шығармалары топтастырылған «Қазақ сатирасының антологиясын» құрастырып, жарық көрсетуге үлкен еңбек сіңірді. Бұл жерде оның жеке шығармашылығымен бірге әдеби ұйымдастырушылық қызметі де айрықша көзге түседі.

Сатираның тарихын жасау үшін тек өз еңбегіңді қана көрсету жеткіліксіз. Көптеген қаламгердің шығармаларын іздеу, олардың өмірбаянын анықтау, мәтіндерді таңдау, жүйелеу – үлкен библиографиялық әрі редакторлық еңбекті қажет етеді. Сондықтан Қазыхан Әшенің бұл қызметі қазақ сатирасының тарихи жадын сақтауға бағытталған бағалы еңбек саналады.

2007 жылы «Сөзстан» баспасынан «Атадан қалған асыл сөз» атты кітабы жарық көрген. Бұл кітаптың құрамына мақал-мәтелдер, повесть, әңгімелері, қанатты сөздері және мысал әңгімелері кірген. Кітаптың атауының өзі қаламгердің шығармашылық бағытын анық аңғартады. Бұл жағынан қарағанда Қазыхан Әше халықтың дәстүрлі сөз өнерін қазіргі заманның әдеби кеңістігіне енгізген қажырлы қаламгер ретінде көзге түседі. Мақал-мәтел – сөз мәйегі, ұлт философиясы. Сатира – сол философияны бүгінгі күннің құбылыстарына қолданудың бір жолы. Осы екеуі түйіскенде автордағы жаңа көркемдік мүмкіндіктердің тағы бір қыры ашылады. 2011 жылы жарық көрген «Аталы сөз» жинағын осы бағыттағы жұмысының жалғасы деуге де болады. Аталған кітап мазмұнында – сықақ әңгімелер, ел аузындағы оқшау сөздер, мақал-мәтелдер бар.

Демек, Қазыхан Әше шығармашылығындағы бір тұрақты желі – дәстүрлі сөз бен қазіргі сатираны ұштастыру; қазақтың киелі сөз өнерінің өткеніне бүгінгісін жалғау арқылы бағалы сөз қорын ұрпақ кәдесіне ұсыну. Бұл оның әдеби ізденісінің өзіндік даралығы ретінде де көзге түсетін, ешкімге ұқсамайтын бөгенайы бөлек ерекшелігінің бірі деуге болады.

Қазыхан Әше сатира жазумен ғана шектелмейді. Ол сатираның табиғаты, тарихы және қазіргі жағдайы туралы да құнды пікірлер білдіріп отырды. Сатираның отын жағып, суын тасыды. «Өшкенін жағып, өлгенін тірілтті». 2024 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Сықақшылар ауылы» атты сатира жанрын саралаған мақаласы сондай сыни-сараптамалық еңбектің бір мысалы. Олай болса, қаламгердің шығармашылығын зерттегенде оның тек көркем мәтіндерін емес, әдебиет туралы ойларын да бірге қарастыру идеясы туындайды. Сыншылық, әдебиеттанушылық жағынан сатириктің сатира туралы, әдебиет туралы көзқарасы оның шығармашылық принциптерін түсінуге көмектеседі. Тіпті Қазыхан Әшенің сатира жөніндегі пікірлерінің әдеби ортада пікірталас тудырған кездері де болған. Шын мәнінде бұл да әдеби ортада ұлы тұлғалардың бәрі де басып өткен жол. Қара басының емес, қазақ әдебиетінің қамы үшін жасалған қадамындағы пікір-талас, ұқсамаған көзқарастың болуы заңды құбылыс. Әдебиетте мұндай пікір қайшылықтардың болуының өзі табиғи даму қажеттілігі. Былайша айтқанда, қазақ сатирасының теориясы мен тәжірибесі төңірегіндегі пікірталас – әдебиеттің өсу жолындағы көп баспалдағының бірі. Маңыздысы – пікірталастың әдебиеттің дамуына қызмет етуі.

Қаламгердің кітаптарына қарап отырып, бір ерекшелікті аңғаруға болады. Ол сөздің халықтық табиғатына ерекше мән беретін көркем сөз зергері. Мақал-мәтел, әзіл, аңыз, мысал, сықақ, өлең..., т.б. «Мен ішпеген у бар ма?!» деп Абай айтқандай Қ.Әше қазақ сөз өнерінің «жілігін шағып, майын ішкен» қаламгер. Ол бербеген жанрлар арасындағы байланыс оның шығармашылық әлемінің кеңістігін кеңейтіп отырды. Сол арқылы қазақтың ауыз әдебиеті дәстүрін қазіргі әдебиетке жалғастыра білді.

Қазыхан Әшенің шығармашылық ауқымы сатирамен шектелмейді. 2016 жылы «Қазағымдай ел қайда» атты әндер жинағы, 2019 жылы «Айқасқа» атты жыр жинағы жарық көргенін де еске алу қажет. Оның шығармашылық портретінде сатирикпен қатар ақындық және ән мәтінін жазатын қаламгерлік қыры да бар. Ол сатирада қоғамның кемшілігін көрсетсе, поэзияда елдік, азаматтық тақырыптарға бет бұрды. Бұл екі арнаның түпкі мақсаты бір: адамға сөз өнері арқылы әсер ету. Бірі ащы-қышқылтым сөздермен «тырнаса», екіншісі көңіл сазын тербейді, ет жүректі әлдилейді.

Қ.Әшенің қызмет жолы тек әдебиетпен ғана шектелмейді.

Тарихи шындықты жаңғырту жағында да көрнекті еңбек етіп, кеңестік тоталитарлық жүйенің қудалауына ұшыраған, түрмелер мен лагерьлерде (КарЛАГ, АЛЖИР және т.б.) азап шеккен Алаш зиялылары мен жазықсыз құрбандардың тағдыры туралы «Солақай саясат. Репрессия» аталатын көп томдық еңбек жазды. Аталған еңбекте Кеңес үкіметі кезіндегі қазақ халқына қарсы жүргізілген зұлмат саясат пен саяси қуғын-сүргін құрбандарының тарихы құжат тілінде, нақты деректермен сөйледі.

Оның 1989-1990 жылдары «Құран-Шариф» кітабын бастыруға қатысқаны, «Иман шарт» кітабын аударуға байланысты жұмыстар атқарғаны қоғамдық қырын ғана емес, дінни білімінің тереңдігін де көрсетті. Қ.Әше сонымен бірге дипломатиялық терминдерге арналған бірнеше тілдік басылымдарды да құрастырып, баспадан шығарып, көптің кәдесіне ұсына білген.

Аталған еңбектерді оның әдеби шығармашылығынан бөлек қарастырсақ та, қаламгердің ұлт ұланы ретіндегі кең ауқымды еңбек жемісін көрсетеді. Оның осындай қыры мен сырына көз салғанда, Қазыхан Әше – әдебиетпен ғана шектелмей, кітап шығару, аударма, терминология, діни-ағартушылық бағыттарда да еңбек етіп, халқына мол олжа ұсынған жанкешті тұлға есептеледі.

Тұтас қазақ әдебиеті туралы айтқанда, Қазыхан Әше қазақ сатирасында өз орны бар көрнекті қаламгер. Оған баға бергенде, екі қырын ерекше ескеру қажет. Біріншісі – өз шығармалары. Екіншісі – қазақ сатирасының бар-жоғын түгендеп, бұрынғы-соңғы қаламдастары мен үзеңгілестерінің еңбегін жинақтауға, насихаттауға қосқан үлесі. Демек, мұндай қос тізгінді қолдан бермей нәтижелі жұмыстар жасау көп адамның қолынан келе бермейтін бейнетті жұмыс. Қазекең аталған бірінші қырында – сықақ әңгіме, фельетон, сатиралық мақал-мәтел, повесть, өлең арқылы көрінсе, екінші қырында редактор, баспагер, құрастырушы, әдебиет жанашыры ретінде танылды.

Қорыта келгенде, Қазыхан Әшенің шығармашылық жолы – бір ғана жанрдың шеңберіне сыймайтын күрделі жол. Ол журналистикадан бастады. Сатираға келді. Кітап өндірісімен айналысты, баспагер болды. Редакторлық қызмет атқарды. Сатиралық басылымдарды басқарды. Халықтың сөз мұрасына ден қойды. Өлең және ән мәтіндерін жазды. Қазақ сатирасының тарихын ғана емес, қуғын-сүргін құрбандарының қасіретті өмір жолын да жинақтады.

Сөйтіп, Қазыхан Әшен қазақ сатирасының дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оның әдеби-тарихи мұрасын жинақтаушы тұлғалардың бірі ретінде тарихи міндетін адалдықпен атқарып, «75» жастың желкенін абыроймен көтерді. Қазақ әдебиетінің алтын парағында өзіндік қолтаңба қалдырған тұлға ретінде таңбаланды.

Қазыхан Ахатұлы Әше – жазушы, сатирк, аудармашы. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Құрмет орденінің және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы медалының иегері.

Отбасыда немере-шөбересін шұбыртқан қадірменді әке, ақ сақалды ата.

Жетпіс беске жеткен жеңісті қадамыңыз құтты болсын, қазақ сатирасының қарт сарбазы!

Жәди Шәкенұлы, 

Жазушы-тарихшы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Еуразия жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1025
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 2572
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 715
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 678