Quiz немесе «құмалақ білім» туралы...
Бірнеше жылдың алдында Станфорд, Массачусетс, Гарвард сияқты әлемге әйгілі университеттердің студенттері арасында білім сайысы (quiz) өтіп, қай оқу орнының жастары жан-жақты білімді екені сынаққа түскен екен.
Кенеттен Токио университетінің студенттері ешкім ойламаған жерден бәріне шаң қаптырып, оқ бойы озып шығады. Олардың сұрақ қойылған сәттен бастап батырманы басқанға дейінгі уақыты орта есеппен небәрі 3 секундтан сәл ғана асыпты.
Сайыстан кейін Массачусетс университетінің студенті: «Сайыс сұрақтары шынымен ойға келмейтін қиын сұрақтар болды. Бірақ одан да қатты таңғалдырғаны, мұндай оғаш сұрақтарға мүдірмей жауап берген жапон студенттерінің ұшқырлығы ерекше екен», деп өз әсерімен бөлісіпті.
Шынында да, сайыс сұрақтарының жанры мен бағыты шектен тыс әр алуан болған екен: «Бангкок қаласындағы жылдық орташа жауын-шашын мөлшері қанша?», «Усейн Болт 100 метрлік қашықтықта әлемдік рекорд орнатқан жүгіру кезінде неше қадам жасады?», «Шопен жазған шығармалардың ең ұзаққа созылатыны неше минут?» деген секілді нағыз шашыранды мәліметтер еді. Кейіннен жапондық зиялы бір профессор сұхбатында бұл куиз сайысы туралы айта келіп: «Бұл сайыста жапон студенттері ешқандай сапалы білімге ие емес екендіктерін көрсетіп, әлем алдында масқара болды», деп кесіп айтады. «Жапон студенттері газеттің жыртығын жинап оқығандай шашыранды, ұсақ-түйек білімдерін ғана паш етті. Мұндай жүйеленбеген білімді шығармашылықпен пайдаланудың еш мүмкіндігі жоқ. Бұл Жапонияның жоғары білім беру жүйесінің бір ауыр дертке шалдыққанының көрінісі», деп бар ашуын жеткізген екен.
Жапон тілінде ұсақ-түйек білімді «мамэ тисики» буынымен немесе «бұршақ білім» деп атайды. Қазақшаға аударсақ, «құмалақ білім» деуге болар еді. Шашыраңқы, өзара байланысы жоқ, әр жерден құралған, тура қойдың құмалағы сияқты шашылып қалатын білім деген бейнелі сипаттама.
Қаншама «құмалақ білім» жинасаң да, адам білімді болып шықпайды. Өйткені мұндай жиынтық кешенді емес, бір сөзбен айтқанда, жүйеленбеген. ДНҚ дегеніміз дезоксирибонуклеин қышқылы деген сөздің қысқартылған түрі екенін білгенімен адам биологиялық кешенді білім иесі болып кетпейді. Салыстырмалылықтың жалпы теориясы айналасындағы 10 қызықты әңгімені білуің салыстырмалылық теориясын формуласынан бастап меңгеріп, оны өзіңнің қай жерге дейін түсініп, қай жерден әрі қарай түсінбей тұрғаныңды сезінуден мүлде бөлек нәрсе.
Қызығы, қарапайым халық жүйелі білімі бар адамдарға (яғни өз саласының мамандарына) қарағанда осы «құмалақ білім» иелерін әлдеқайда білімдірек деп бағалайтын көрінеді. Өйткені жүйелі білімі бар маман өз саласының тереңіне бойлаған сайын өзінің әлі де білмейтін тұстарын анық байқайтындықтан, кез келген мәселеге кесіп-пішіп жауап беруден қашады. «Бұл дегеніңіз міне былай ғой» деуден гөрі, «Бұлай болуы мүмкін», «Былай сияқты» деген секілді сырғымалылау жауаптар айтуы басқаларды күмәндандыруы ықтимал. Екінші жағынан, кәсіби маман ретінде мойындалған адам білмейтін нәрсесін жасырып-жаппай, қорқып-қысылмай ашық айта алатын батылдығы бары да әсер етсе керек.
«Құмалақ білім» иелерін жоғары бағалайтындығының бір айқын мысалы – біздің спорт комментаторлары деп ойлаймын. Эфирден кім көбірек ұсақ деректер мен сандарды ақтарып тастаса, сол мықты комментатор болып көрінетін бұрмаланған бәсеке артында жүреді екен. Өз басым қазақ тіліндегі арналардан футбол немесе дзюдо сайысын көрген сайын жоғарыдағы жапон студенттерінің мақтауға тұрарлық тарихын еріксіз еске аламын. Біздің комментаторлардың ұсақ білімдері таусылмайтын, сарқылмайтын, баға жетпес бір қазына десеңші! Негізі артық-кемге алаңдамай, дәл қазір өтіп жатқан ойынның өзіне бір сәт тереңірек үңілсе, көрерменге ерекше рухани ләззат сыйлар еді ғой (Бұл жеке пікірім).
Оның үстіне, құмалақ білім иелері өзінді де сондай білімдімін деп бағалауға бейім тұрады. Бұл Данинг-Крюгер эффектісімен (Dunning-Kruger effect) тікелей байланысты. Данинг-Крюгер эффектісі дегеніміз «Адамның білімі мен қабілеті қаншалықты төмен болса, ол өзін соншалықты жоғары бағалайды» деген психологиялық ауытқуды білдіреді. Кез келген білім саласына үстірт көз жүгіртудің өзінде-ақ ол нәрсе жалпылама түсінікті сияқты әсер қалдырады. Ал оны әрі қарай тереңдетіп зерттей түссең, мәселе өзің ойлағаннан әлдеқайда күрделі әрі түйінді екенін түсіне бастайсың. Сондықтан нәрсені соңына дейін қазбаламай, бетін ғана шолып қоя салу адамға өзін әлдеқайда жайлы сезіндірсе керек.
Бүгінгі таңда күн сайын парақтап отыратын фейсбук посттарымыз бен әлеуметтік желідегі дүниелер түгелдей осы «құмалақ білім» қатарына жатады. Сол ұсақ-түйек құмалақтардан алыстап, ең болмаса кәдімгідей мазмұнды дүние іздесек, кітап оқуымыз немесе жүйелі білім беретін оқу орындарының табалдырығын аттауымыз керек болар. Шынын айтқанда, бір блогердің видеоларын қарап отырғанша, жай ғана тұтас бір кітапты оқып шыққан әлдеқайда пайдалырақ сияқты көрінеді (дегенмен, солай ойлап тұрып, бәрібір видеоларын көретініміз бар). Алайда, «Құмалақ емес, отын жина!» десімен-ақ адамның көкірегінде кенеттен «Не үшін?» деген сұрақ пайда бола қалады. Құмалақ теріп жүргенде мұндай күмән мүлде туындамайтыны сияқты, отын десең қайдан басталғаны белгісіз бір қарсылыққа тап боласың. «Көркем әдебиет, философия, тарихты оқып үйрен» десең, «Оның не керегі бар?» деп қасарыса қаламыз, ал TikTok ашып алып сағаттар бойы телефон бетін сипап отырып: «Бұл видеолардың маған не үшін қажеті еді?» деп бір де бір рет сұрамаймыз. Сырттай қарағанда бұл бір парадокс сияқты: Білімнің керегі жоқ болса талабы төмен, ал шынымен қажет болса талабы жоғары ма? (Керек емес болған сайын керек, керек болған сайын керек емес сияқты ма екен?)
Бұл парадоксты түсіну үшін интернетті ақтарып қарау мен кітап оқудың екі арасындағы маңызды айырмашылыққа назар аудару керек. Қорыта айтқанда, бұл – көзқарас пен ұстанымның айырмашылығы.
Интернетті ақтарған кезде біз «оқырман» емес, көбіне «тұтынушы» күйінде боламыз. Бастама 100 пайыз өзіміздің қолымызда. «Бұл маған ұнамады», «Бұл жалықтырды», «Ә, мынау қызық екен» деп лезде таңдап, әрі қарай тұтына береміз. Дәл бір үлкен дәмханаға барып, уақытында үлгеріп көбірек жеп қалайық деген тәсіл сияқты. Негізі интернетте де отын түгілі үлкен дүниелер жеткілікті ғой. Бірақ біз оларды тұтынушының көзімен ғана қарайтындықтан, бір де бір мақаланы түгел шайнап, түбіне дейін зерттеп отырмаймыз.
Ал кітап оқыған кезде адам алдымен авторды сыйлаудан бастайды. «Мәссаған, осы кісінің кітабын бір оқып көрейікші» деп жайғасып отырған сәтте біз автордың арбауына түсіп, оның әңгімесін үзіліссіз тыңдап отырғандай тылсым ортаға еніп кетеміз. Және ол жерден солай оңайлықпен қашып шыға алмайсың. Бастама 100 пайыз өзіңізде емес. Кейде ішің пысып, жалықтырарлықтай көрінсе де, шыдам танытып тыңдай бересің. Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, І.Есенберлин, Қ.Жұмәділов, А.Сүлейменов секілді ұлы жазушыларға тап болсаң, айлар бойы олардың әңгімесін тыңдауға тура келеді. Төзбей тастап шығып кеткің келеді ғой, иә? Иә, шынымен де адамдар орта жолдан тастап кетіп жатады. Ал егер қашпай аяғына дейін жеткізсең не болады? Сол кезде оқыған мазмұның, жұмсаған уақытың, алған әсерің, ой-толғаныстарың бәрі келіп бойыңда «тәжірибе» болып қалыптасады. Ал тәжірибе дегеніміз адамның тұлғалық қалыптасуына әсер ететін негізгі шикізаттардың бірі. Біздің адамгершілік қасиетіміздің қалыптасуы ата-анамыздан мұраға алған гендер мен сол гендердің басынан өткерген тәжірибесіне тікелей байланысты. Өз бетімізбен жинаған тәжірибе шектеулі болғанымен, кітап арқылы оны кез келген шекке дейін байыта түсуге толық мүмкіндік бар.
Қысқаша айтқанда, интернетті біз «тұтынамыз», ал кітаптан біз «тәжірибе жинаймыз». Сондықтан осындай екі таңдаудың алдында тұрған Капитализм деп аталатын қазіргі тұтынушылық қоғамдағы қарапайым орташа адам «Тұтынуды» таңдауы заңдылық шығар.
Өз басым да әуел баста біраз құмалақ жинап, оны әлеуметтік желі арқылы білім ретінде бөлісетінмін. Уақыт өте келе мұндай дүниелердің адамға түк те пайдасы жоқ екенін түсініп, БОЛМЫС тақырыбын толық көлемде ашуды мақсат етіп кітап жаза бастаған жайым бар. Алайда өкінішке қарай, әлі күнге дейін сіздердің оқитын кітаптарыңыздың vibe-ын (атмосферасын) дөп басып шығара алмай келемін...
Амантай Тойшыбайұлы
Abai.kz