Қытайлар неге заңсыз жұмыс істеп жүр ?
Көші-қон полициясының назарына
Елімізге инвестиция тарту – экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс ашу, жұмыс орындарын көбейту және технологиялық мүмкіндіктерді кеңейту тұрғысынан стратегиялық маңызы бар қадам. Әсіресе энергетика саласына салынған инвестицияның орны бөлек. Алайда инвестицияның көлеміне ғана қуанып, оның ел экономикасына, жергілікті халыққа берер нақты пайдасын екінші орынға ысырып қоюға болмайды.
Соңғы жылдары шетелдік инвесторлармен бірлескен жобалар төңірегінде жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуы, шетелдік жұмыс күшінің шамадан тыс тартылуы, еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы жөнінде түрлі пікірлер айтылып жүр. Мұндай мәселе Түркістан облысының Сауран ауданындағы Оранғай ауылдық округі маңында салынып жатқан күн электр станциясының құрылысына қатысты да көтеріліп отыр.

(Сурет:Түркістан облысы әкімдігінен алынды )
Инвестор жақсы, жергілікті халық «кәкәй» ме?
2025 жылғы 15 желтоқсанда Оранғай ауылдық округі аумағында қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталды. Ресми мәлімет бойынша, жобаны «Самұрық-Энерго» компаниясының еншілес ұйымы – Qazaq Green Power PLC мен қытайлық Energy China бірлесіп жүзеге асыруда. Инвестиция көлемі шамамен 160 млрд теңгені құрайды.
Жобаның маңызы да аз емес. Күн электр станциясы толық іске қосылған жағдайда 150 мыңға жуық үйді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау көзделген.

(Сурет:Түркістан облысы әкімдігінен алынды )
Жобаның ресми басталу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров те қатысқан. Сол кезде өңір басшысы күн энергетикасын дамытудың Түркістан облысы үшін тиімді бағыт екенін айтып, жаңа өндіріс ошағының өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, «жасыл экономикаға» көшуге серпін беретінін атап өткен.
– Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы – ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту, күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт, – деген еді облыс әкімі.
Әкімнің айтуынша, жоба аясында шамамен 500 жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік тумақ.

(Сурет:Түркістан облысы әкімдігінен алынды )
– Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі, – деген Нұралхан Көшеров жобаға қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, Үкіметке, министрліктер мен мекемелерге және серіктес компания Energy China басшылығына алғыс білдірген.
Әрине, мұндай жобаға қуану керек. Энергетикалық қуат артады, инвестиция келеді, жаңа нысан бой көтереді. Ең бастысы – жергілікті халық та оның игілігін көруі тиіс.
Ал бүгінгі жағдай осы үмітті толық ақтап отыр ма?

(Сурет:Түркістан облысы әкімдігінен алынды )
«Жергілікті халық қайда?»
Жобаның құрылысына қатысты бізге хабарласқан жұмысшы Ерхан (аты-жөні өз өтініші бойынша өзгертілді) жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуына байланысты мәселе бар екенін айтады.
Оның сөзінше, қазіргі кезде құрылыс алаңында 700-ден астам адам еңбек етеді. Соның басым бөлігі – қара жұмыс атқаратын жұмысшылар. Алайда олардың арасында Қытай азаматтарының үлесі өте жоғары көрінеді.
– Қазір 700-ден аса жұмысшы бар. Негізінен қара жұмыс істейтіндер. Олардың 500-ден астамы Қытай азаматтары. Шындығында, керісінше болуы керек еді ғой. Егер біліктілігі жоғары мамандар әкеліп, техникалық салада қызмет етсе, оны түсінуге болады. Бірақ қазір құрылыстың қара жұмысы жүріп жатыр. Қытайлықтар істеп жүрген жұмысты біздің азаматтар да атқара алады. Маңайдағы ауылдарда жұмыссыз жүргендер көп. Олар осы жерде жұмыс істегісі келеді. Бірақ жұмысқа орналасу қиын, – дейді ол.
Оның айтуынша, құрылысқа қатысып отырған компаниялардың да басым бөлігі шетелдік кәсіпкерлерге тиесілі.

(Сурет:Түркістан облысы әкімдігінен алынды )
– Қазір құрылыста жұмыс істеп жатқан он компанияның жетеуі қытайлық компаниялар. Жергілікті халыққа берілетін жұмыс үлесі туралы айтылған талаптардың сақталуына байланысты да сұрақ көп. Іс жүзінде жергілікті тұрғындар басым болуы керек деген түсінік бар. Ал мұнда жағдай керісінше, – дейді Ерхан.
Ол ауыл тұрғындарының арасында осы жағдайға байланысты наразылық бар екенін де жеткізді.
– Ауылда жұмыссыз жүрген азаматтар бар. Олар құрылысқа барып, жұмыс істегісі келеді. Бірақ жұмысқа алмайды. Тіпті, «қазақтар жұмысты дұрыс істемейді» деген сөздер айтылғанын да естідік. Бұл, әрине, жергілікті халықтың көңіліне тиеді. Өз жерімізде салынып жатқан нысаннан жұмыс таба алмасақ, онда бұл жобаның ауыл тұрғындарына қандай пайдасы бар деген сұрақ туындайды, – дейді ол.
«Олардың көбі визасыз жүр»
Жұмысшының айтуынша, құрылыс алаңындағы шетелдік жұмысшылардың Қазақстанда еңбек етуінің заңдылығына қатысты да сұрақтар бар.
Ол кейбір Қытай азаматтары Қазақстанға визасыз режим арқылы кіріп, кейін жұмыс істеу үшін қажетті рұқсаттарды рәсімдемей жүрген болуы мүмкін деген күдік барын айтады.
– Сізге ең сорақысын айтайын, сол Қытай азаматтарының көбі визасыз режим бойынша келгендер. Олар Қазақстанда жұмыс істеуі үшін тиісті еңбек рұқсаттарын рәсімдеуі керек. Жұмыс істиеу визасы болуға тиіс. Бірақ олардың көбінде ондай виза жоқ екеніне сенімдімін. Кейбірі бір айлық визасыз режиммен келіп, кейін Өзбекстан шекарасы арқылы шығып, қайта кіріп жүр, – дейді ол.
Бұл ретте айтылған мәліметтерді құзырлы органдар тексеріп, нақты құқықтық бағасын беруі қажет. Өйткені шетелдік азаматтың Қазақстан аумағында еңбек етуі көші-қон және еңбек заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізілуге тиіс.
Ерханның айтуынша, құрылыс алаңына бұған дейін көші-қон полициясының қызметкерлері де келген.
– Аз уаұыт бұрын Көші-қон полициясынан бірнеше адам келіп, заңсыз жүрген өзбектердің бар-жоғын тексерді де, кетіп қалды. Ал қытай жұмысшыларының мәселесіне назар салған жоқ деген пікір қалыптасты. Компания басшыларының «бізді қорғайтын арнайы адам бар» деген сөздерін де естідік, – дейді ол.
Бұл сөздердің қаншалықты шындыққа жанасатынын, әрине, тиісті мемлекеттік органдар анықтауы керек. Алайда мұндай күмәннің өзі тексеруді қажет ететінін көрсетеді.
Осы жерде қазір елімізге келіп жатқан қандастарға азаматтық беруді қиындатып, виза бермей сандалтып отырған Үкіметтің қытайлық азаматтарға «бармақ басты, көз қыстымен» қарауы күдік тудырады. Бұл жерде «жең ұшынан жалғасу» бардай көрінеді.
Инвесторға жағдай жасау – заңнан аттау деген сөз емес
Шетелдік инвестиция елімізге керек. Мұны ешкім жоққа шығармайды. Energy China секілді ірі компаниялардың Қазақстанға келуі энергетика саласына жаңа технология мен қаржы тартуға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздерін дамыту да – уақыт талабы.
Бірақ инвесторға қолайлы жағдай жасау мен ұлттық заңнама талаптарын сақтау бір-біріне қайшы ұғымдар емес.
Керісінше, шетелдік инвесторға ел заңын құрметтеу талабы нақты қойылса, бұл екі тарап үшін де тиімді. Өйткені Қазақстанға келген кез келген компания инвестиция көлеміне немесе халықаралық беделіне қарамастан, осы елдің заңдарына бағынуға тиіс.
Мәселе тек қытайлық компанияларға қатысты емес. Қай мемлекеттің инвесторы болса да, ортақ талап сол болуы керек. Жергілікті халықты жұмысқа тарту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалақы мен еңбек шарттарын сақтау, шетелдік жұмыс күшін тартудың заңдылығын бақылау – мұның бәрі мемлекеттік органдардың назарында болуы тиіс.
Әсіресе қарапайым жұмыс орындарына қатысты мәселе өткір. Егер ауылдың азаматтары жұмыссыз отырып, олардың көз алдында шетелден жүздеген адам әкелініп, өздері атқара алатын жұмыс соларға берілсе, онда қоғамда наразылықтың пайда болуы заңды.
Сондықтан мұндай жобаларда «қанша миллиард теңге инвестиция тартылды?» деген сұрақпен қатар «оның нақты пайдасын жергілікті халық қалай көріп отыр?» деген сұрақ та қойылуы қажет.
Жобаның есебі тек мегаватпен өлшенбейді
Күн электр станциясы іске қосылып, 150 мың үй электр қуатымен қамтылса – бұл, сөз жоқ, ел үшін маңызды нәтиже. Бірақ жобаның әлеуметтік тиімділігін тек өндірілетін электр энергиясының көлемімен өлшеу жеткіліксіз.
Жоба айналасындағы ауылдардан қанша адам жұмысқа орналасты? Қанша қазақстандық компания қосалқы жұмыстарға тартылды? Жергілікті кәсіпкерлерге қандай мүмкіндік берілді? Шетелдік жұмысшылардың еңбек етуіне қажетті құжаттары толық па? Еңбек заңнамасы сақтала ма? Құрылыс аяқталғаннан кейін қанша маман тұрақты жұмыс істейді?
Міне, инвестициялық жобаның шынайы тиімділігін көрсететін сұрақтар осылар.
Әкімдік пен инвестор арасындағы «ынтымақ пен сенім» ең алдымен халықтың сеніміне ұласуы керек. Ал халықтың сенімі нақты нәтижемен қалыптасады.
Сондықтан Сауран ауданындағы күн электр станциясының құрылысына қатысты айтылып отырған мәселелерді жауапты мемлекеттік органдар ашық тексеріп, нақты жағдайды қоғамға түсіндіргені жөн. Егер заң бұзушылық жоқ болса, оны ресми дерекпен көрсету қажет. Ал талап бұзылғаны анықталса, кінәлілерге тиісті шара қолданылуы керек.
Инвестор тарту – елге пайда әкелудің құралы. Бірақ инвестордың келуі ел мүддесінің кейінге шегерілуіне себеп болмауға тиіс. Қазақстанға келген инвестиция Қазақстанның экономикасын күшейтіп, ең алдымен осы елдің азаматтарына жаңа мүмкіндік ашқанда ғана өзінің толық мәніне ие болады.
Өйткені инвестицияның құны миллиардпен өлшенгенімен, оның елге берген пайдасы халықтың тұрмысынан, жаңа жұмыс орындарынан және заңның бәріне бірдей орындалуынан көрінеді.
Шалқар ДӘРІБЕК
Abai.kz