Сәрсенбі, 30 Қыркүйек 2026
Әне, көрдің бе? 208 0 пікір 30 Қыркүйек, 2026 сағат 14:54

Германия сапары бізге не береді?

Сурет: Ақорда сайтынан алынды.

Мемлекет басшысының Германияға сапарындағы ойлар төңірегіне келсек, Қазақстан өз шикізатының айналасында өндіріс қалыптастыруға мүдделі екені және соңғы кездесулердің барлығы осы логикаға құрылғаны байқалды. Бұл таза прагматизм.

Қасым-Жомарт Тоқаев Handelsblatt басылымындағы мақаласында оны өзі де айтады. Қазақстан Еуропа үшін стратегиялық маңызы бар 34 түрлі шикізаттың 21-ін өндіреді. Бірақ табиғи ресурсқа бай болу мен одан мол табыс табу екі бөлек мәселе. Негізгі қосылған құн шикізатты өңдегенде, одан күрделі материалдар мен дайын өнім шығарғанда қалыптасады. Сол үшін Президент Германияға геологиялық барлаудан бастап дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті бірлесіп құруды ұсынды.

Ал мұның қарапайым қазаққа қандай пайдасы бар? Өңдеу өндірісі елімізде орналасса, инженерге, технологке, өндірістік маманға сұраныс пайда болады. Зауыттың айналасында отандық жеткізушілер, сервистік компаниялар, тасымалдаушылар жұмыс істейді. Шикізаттан түсетін табыстың көбірек бөлігін ел ішінде қалдыруға мүмкіндік туады. Әрине, бұл нәтиже жобалар нақты іске асқанда келеді.

Осы жерде қаржыландыру мәселесі алға шығады. Ірі өндірісті салуға ұзақ мерзімді капитал, инвесторға түсінікті кепілдік және тәуекелді бөлісу тетігі қажет. Тоқаев ұсынған Қазақстан–Германия инвестициялық қаржылық платформасының мәні осында. Ұсыныс бойынша герман және еуропалық капитал біздің қоса қаржыландырумен ұштасып, жобаларды құрылымдауға «Бәйтерек» холдингі қатысуы тиіс. Меніңше, сапар аясындағы экономикалық бастамалардың ішінде осы ұсынысқа ерекше назар аударған жөн. Ақша болса өндіріс те болады.

Енді өнеркәсіптік ынтымақтастықтың нақты бағыттарына келсек, D.A.R. Metall AG басшысымен кездесуде Қазақстанда металл өңдеу жобасын іске асыру перспективалары қаралды. Компания Алатау қаласындағы тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеуге, Qarmet-пен жаңа жобаларға қызығушылық білдірді.

Мен бұл сапардың экономикалық маңызын Қазақстанның халықаралық өндірістегі орнын күшейту мүмкіндігімен байланыстырамын. Германияға сенімді жеткізілім мен өндірістік серіктестік қажет. Қазақстанға технология, капитал, маман даярлау тәжірибесі және дайын өнім өткізетін нарық керек. Осы мүдделерді нақты жобалар арқылы ұштастыруға болады.

Бастысы бұл ұсыныстарды қаржыландыруы бекітілген, іске қосылу мерзімі айқын жобаларға жеткізу. Сонда дипломатиялық келіссөздің жемісін кәсіпкер жаңа тапсырыстан, маман жаңа жұмыс орнынан, мемлекет бюджетке түскен салықтан жейді. Қазақстан үшін ең құнды экономикалық нәтиже де осы.

Айбар Олжаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Көкжиек

Азаматтық қоғам һәм ғылым мен білім дамуы...

Ахметбек Нұрсила 1605
Білгенге маржан

Париждегі кітап және қазақ даласының тарихы

Өмір Шыныбекұлы 3221
46 - сөз

«Білімге мәжбүрлеу»

Әбдірашит Бәкірұлы 1209
Ақмылтық

Көшпендер ойыны құт болсын!

Серік Ерғали 1118