Бейсенбі, 8 Қазан 2026
Алашорда 353 0 пікір 7 Қазан, 2026 сағат 13:29

Алаш Ордасының құрылуы һәм саяси үдерістер

Коллаж: Abai.kz.

«Тұғыр» жарыққа шықты

Қымбатты оқырмандарыма «Тұғыр» атты кітабымның жарыққа шыққаны жайында қуана хабарлаймын. Мұнда ондаған жылдар бойы жүргізген зерттеуімнің нәтижесінде қалың көпшілікке, әсіресе ізденімпаз жастарға түсінікті түрде  қазақ ұлт-азаттық қозғалысы, онымен тығыз байланыста өрбіген империя ішіндегі саяси үдерістер және қилы көзқарастағы қайраткерлердің өзара іс-әрекеттері көрсетілген.

Бүгінде Алаш қозғалысы деп аталатын, алғашқы ұшқындарынан соң дамуы кемі бір мүшел уақыт бойы жүрген бұл тарихи үдерістің кейбір маңызды көріністерін жаңғыртуды мақсат еткен шығармашылығымның нәтижесі он дәптерге түзіліп үлкен дастанға, өзіндік Алаш эпопеясына айналған да, осыдан он шақты жылдай ілгеріде «Алашия» рисәләсі түрінде оқырман назарына ұсынылған болатын.

Баршамызға мәлім, жиырмасыншы жүзжылдық басталысымен жаңа өркениетке сай жаңаша күрес жолына түскен аға ұрпақ еңбегі 1917 жылғы Екінші Жалпықазақ съезінде сәтімен жеңісті шыңына жетті. Дастанымның оныншы дәптерінде сол дүрбелеңі мол жылы қазақ халқының елдік нышанын қалпына келтіру амалы жасалып, тиісінше болашақ тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры соғылған тарихи оқиғамен қорытындыланғаны баяндалған-тұғын.

Міне осы қорытынды дәптер, дәлірек айтқанда Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы белестерін  арқау еткен  «Алашия» дастанының қорытынды бөлімі іспеттенген «Мәңгі бастау» атты туындым ел болашағының іргетасы қалай қаланғанын, қайтіп тұғырына, .тәуелсіздігіміздің бекем негізіне айналғанын бейнелейтін осынау «Тұғыр» кітабын құрап отыр. «Тұғыр» рисәләсінде  оқырман монархияның тынысы тарылған, самодержец патша тақтан құлаған  шақтан өрши түскен, жұрт айрықша нысана еткен бостандыққа, азаттыққа ұмтылу әрекеттеріне толы кезеңнің оқиғаларымен, революциялық дәуірдегі тарихтан мәлім тұлғалардың іс-әрекеттерін бейнелеген этюдтермен  танысады.

Рисәләнің маңызды бір желісінде Могилевтегі ставкасында отырған империя әскерінің бас қолбасшысы ІІ Николайдың бірінші жаһандық соғыс майдандарындағы командашыларының пікірлері мен Петроградтағы думашылар ұсынысын қорыта келе тақтан бас тартуы, Дума төрағасы Михаил Родзянко мен айналасының Уақытша үкімет құруы, үкімет құрамындағы кадет әм масон мүшелердің ықпалымен Әлихан Бөкейхановтың Торғай облысына комиссар болып тағайындалуы, Александр Керенскийдің бұрынғы империяны Россия Республикасы деп жариялауы және осы оқиғалармен астаса жүріп жатқан қилы партиялардың демократиялық өзгерістер жасауға ұмтылыстары, Ресей мұсылмандары съезінің бұрынғы империя орнына келмек мемлекеттік құрылым түрлерін қызу талқыға салуы, съезд құрған Мұсылмандар одағы Атқару комитеті құрамына қазақтардың да енуі, ал Жаһаншаһ Досмұхамедовтың одақ аткомы (Икомус) төрағасының орынбасары лауазымына сайланып, Питерде қызмет атқарған кезінде орын алған дүбірлі өзгерістерге тікелей куә болуы, Ресей Республикасының заң шығарушы мекемесі ретінде ойластырылған алдын-ала парламент – Предпарламент мүшесі ретіндегі жұмысы, Икомус төрағасы Ахмед Цаликов екеуінің Уақытша үкіметті (Ресей Республикасын) құлатқан большевиктер билігімен мұсылмандар қозғалысы мүддесіне сай келетін қарым-қатынас орнатуға әрекеттенуі сөз болады.

«Тұғырдың» басты желісі, әрине, қазақтың азаттығын көксеген азаматтардың өзара тіл табысуды ойлай қоймайтын көзқарастары мен іс-әрекеттерінің     солармен астаса өрбуін, Алаш  қозғалысының жеңісті шыңын – 1917 жылғы Екінші Жалпықазақ съезін көрсетуге арналған. Бұл жеңіс оңайшылықпен келген жоқ.

Кітаптан 1917 жылғы екі революция халық үміт артқан Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов сынды қос серкенің патшалық тұсындағы жерге қоныстану және дін мәселесі хақында кетісуге мәжбүр еткен біріне бірі қайшы көзқарастарын одан әрмен қалай алшақтата түскенін білесіз. Бұлармен қатар “Тұғыр” ұлттық мемлекеттілікті жаңғыртуды көздейтін қоғамдық-саяси ойды дамытуға өзіндік үлес қосқан Көлбай Тоғысов (қазақтар үшін социалистік партия құруды көксеген және оны басқарған қайраткер), Дүйсенбай Рахымжанов (қазақтың экономикалық өмірін түрлендіру мақсатында 19-шы ғасырда алғашқы тәжірибе жасауға талпынған қайраткер), өзге де азаматтармен таныстырады. Жалпы, қадірлі оқушым, «Тұғырдан» автономиялық Алаш Ордасының құрылуы жайында оқи отырып, талай атақты тарихи тұлғаны жаңаша, шын қырынан танисыз, нақты оқиға үстінде көріп, таныған үстіне тани түсесіз.

Тәуелсіздік жылдары совет өкіметі тұсында жабық болған Алаш қозғалысы, Алашорда үкіметі жайлы, әсіресе Президент Қасымжомарт Тоқаевтың репрессия құрбандарын толық ақтау жөніндегі белгілі Пәрмені аясында саяси қуғын-сүргінге ұшыратылған алашордалық қайраткерлер тағдырын арқау еткен жүздеген зерттеу, іргелі ғылыми еңбектер жарық көргені мәлім. Советтік құпия қызмет қалдырған қылмыстық істер, жазықсыз жазалауларды жүзеге асырған соттардың материалдары ғалымдардың сұрыптап дайындауы нәтижесінде том-том болып басылып шықты. Ғаламат жұмыстар!

Бірақ бұл бай қазынаны еркін игеруге қалың бұқараның, әсіресе жас ұрпақтың беттей қоймайтыны анық. Бүл орайда оларға ғылыми білім деректеріне негізделген танымдық әдебиеттің сенімді жәрдемші болары дау туғызбаса керек. Осы жолдар авторының он дәптерден тұратын “Алашия” рисәләсі, оның  оқырман назарына ұсыну мақсатымен қазір қысқаша таныстырылып отырған оныншы дәптері сондай сенімді жәрдемшілер қатарынан табыларына күмән жоқ. Және бір атап айтарлық жәйт - мұнда ғылыми әдебиет табиғатына жатпайтын әдеби тәсілдер қолдану арқылы әйгілі кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарына әсерін тигізген  оқиғалар, көзқарастары мен ұстанымдары көрсетілген. Бұлардың бәрі әркімнің рисәләні оқу барысында өзін-өзі тарихпен тәрбиелеп, патриоттық сана-сезімін ұштай түсуіне көмектесуге тиіс деген ойдамын. Сондай ой жетегімен оқушы қауым алдына «Тұғыр» рисәләсін ерекше сеніммен тартамын.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 882
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1178