Жұма, 16 Қазан 2026
Ерлік 315 0 пікір 16 Қазан, 2026 сағат 13:15

Шолпанның шуағы

Суреттер: Автордың мұрағатынан алынды.

Ұлысымыздың ұлы суреткері, әлемдік деңгейдегі поэзияның жарық жұлдызы, қайраткер Мағжан Жұмабаевтың мәңгілік туындысы «Шолпанның күнәсы» повесі қастерлі қазақ  әйелінің жарқын өмірге деген жасампаз құштарлығы, тіршіліктің темірқазығы, жаратылыстан бері ұрпақ жалғастырушы ана болудың қасиетті парызын орындауға ұмтылған асыл бейнесін түбегейлі жеткізген айрықша құбылыс екендігі баршаға мәлім.

Құдыретті қаламгердің осынау терең шығармасының басты кейіпкері Шолпанның есімі барша елдің есінде өшпестей сақталып, дүниеге келген қыз  балаларына беріліп, ұрпақтан ұрпаққа, ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келеді. Мінеки, біздің бүгінгі бірегей кейіпкеріміздің аты да Шолпан. Қазаққа Мағжанды сыйлаған солтүстік өлкенің тумасы, сондықтан есімінің Шолпан қойылуы да тегін болмағандай.

Өткен ғасыр басында Алаш қайраткерлері негізін қалаған автономиядан бастау алып, кейіннен дербес, тәуелсіз мемлекетке айналуы тиіс болған Қазақ елінің сындарлы жолы сан мәрте тарих мұхитының асау толқындары мен дүлей дауылдарына тап болып, коммунистік кеңестік жүйенің құрсауында қалуына тура келді. Ықылым замандардан бері біртұтас қалыптасып, тіршіліктің терең тамырын құраған, өсудің, өркендеудің, рухани қуаттылықтың айнымас жолына айналған көшпелі өркениет кенеттен қиратылып, халықтың ендігі өмір сүруінің бейнесі зорлық-зомбылықпен, қиянатпен өзгертіліп, аса қиын сынақтармен бетпе-бет келді. Осындай күрделі кезеңдерде ел арасынан шыққан саналы, сергек азаматтар үлкен жауапкершілікті өз мойындарына алып, абдырап қалған елдің кезекті қиындықты еңсеріп бас көтеруіне ұйытқы болды. Солардың бірі - біздің кейіпкеріміздің әкесі, айтулы азамат, қоғам қайраткері Сабыр Тыштыбаев еді. Қазан төңкерісі, ақ пен қызылдың алашапқын қырғынынан әбден зардап шеккен кешегі біртұтас елдің іркіттей іріп, қолдан құрастырылған дәрменсіз шағын шаруашылықтарға шашырап берекесі кеткен тұсында Сабыр бастаған бір топ азамат 1928 жылы солтүстік өңірдегі Шоңай, Уанас, Есенбай, Сансызбай сынды ауылдарды біріктіріп, кішігірім «Мойынты-Серік» ауылын құрады. Көп ұзамай, 30-шы жылдардың алапат аштығы келген тұсында «Орталық» колхозы ұйымдастырылып, оның алғашқы басқарушысы болып Сабыр Тыштыбаев сайланады. Ол айналадағы ауыл азаматтарының басын қосып, аштықтан үдере көшкен елдің алдын тоқтатып, көршілес совхоздардан бидай, қара мал алдырып, елді аштықтан қорғап қалуға ерен еңбек сіңірген. Қиындықтарға қарамастан колхоздың шаруашылығын түзеп, астық егіп, артығын сауын сиыр, қара малға айырбастап тұрғындардың тіршілігін түзетуге қол жеткізді. Қызыл төңкеріс әкелген апаттан қаймана жұртымызды аман алып қалған қарапайым да қажырлы тұлғалардың есімі ешқашан ұмытылмауы тиіс.

Бірте-бірте колхоз да үлкейіп елдің беті енді түзеле бастаған шақта екінші дүниежүзілік соғыс басталып, осынау шағын колхоздың өзінен ер-азамат атаулы түгел соғысқа жіберіліп, олардың 58-і сол күй қайта оралмай, қаза тауып, немесе хабар ошарсыз кеткен. Қиын-қыстау кезеңдерде елдің аманатын арқалап, колхоздың қисапсыз тіршілігін басқарған Сабыр атамыз да ауыр науқастан 1945 қайтыс болады. Мінеки, осы бір қарапайым да еңбекқор, қайраткер азаматтың отбасында 1943 жылы қақаған қаңтар айында дүниеге келген Шолпан Сабырқызы әкесінен бар-жоғы екі жасында жетім қалған еді. Соғыс жылдарының талайсыз тауқыметін бастан өткерген, сәби шағында әкеден айырылып, колхоз жұмысы мен шиеттей бала-шағасын асыраудың арасында ауыр күндер мен жылдарға мойымаған жалғыз шешесінің талайсыз тағдыры көз алдында өткен Шолпан әпкеміз өзі де бала кезінен бастап өмірдің бағасын, еңбектің мәні мен қадірін қапысыз түсініп өскені кәміл.

Солтүстік Қазақстан облысының кеңестік кезеңдегі Ленин ауданы, әкесі негізін қалаған Орталық ауылында шәкірт Шолпан бастауыш мектеп табалдырығын аттап,  жоғары кластарды Петропавл қаласындағы Мектеп-интернатта оқуына тура келді. Оқуды үздік оқығанымен отбасылық қиын жағдайды ойлаған, тіпті мектеп үйірмесінде Ақан серінің Ақтоқтысы рөлін ойнаған талапты жас бұдан кейінгі өмірін еңбек майданына арнады. Ол дәуірдегі совхоз жұмысының алуан түрлілігі мен ауқымын бүгінгі күн тұрғысынан қабылдау тұрмақ түсінудің өзі күрделі. Ер, әйеліне қарамастан, таңның атысы, күннің бастысында бітіп бермейтін совхоз жұмысының Шолпан әпкеміз араласпаған саласы жоқ, сірә. Жастайынан бастап зейнетке шыққанына дейін совхоздағы ірі сүт фермасында сауыншы, кейіннен бұзаушы болып еңбек еткен жылдары, осынау ауыр да жауапты міндетті тынымсыз, жанқиярлық адал еңбегімен абыроймен атқарды. Белгілі себептермен байырғы тұрғындарынан гөрі өзге ұлттардың өкілі басым болған қаталдау аймақтағы еңбек ұжымында өз орныңды таныту мен мойындатудың өзі оңай болмағаны баршаға аян. Мінеки, Шолпан Сабырқызы Гурьяновка ауылындағы ұзақ жылдарғы еңбегі барысында жергілікті кеңшар, аудан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл облыс, республика көлемінде танылған ерен еңбеккер, адал қызметкер екендігін талассыз мойындата білді. Мұның жарқын дәлелі ретінде Шолпан Сабырқызының екінің біріне беріле бермейтін Кеңес Одағының жоғары марапаты «Еңбек даңқы орденінің» екі мәрте иегері атанғандығын айтуымыз қажет. Мұндай құрметке жету үшін ұзақ уақыт бойында озат жұмыскер атанып, бірнеше жыл қатарынан «Социалистік жарыстың үздігі», КСРО «10-шы бесжылдықтың  екпіндісі», КСРО «11-шы бесжылдықтың екпіндісі» медальдарымен қатарынан марапатталды. Еңбектегі елеулі нәтижелері мен табысының нақты мойындалуының тағы бір айрықша үлкен белесі  Шолпан Сабырқызы 1979 жылы 28 маусымда КСРО Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінің Басты комитетінің медалінің иегері атанды. Әрине, осынау толайым жетістіктерінің заңды нәтижесіндей  Шолпан Сабырқызы Кеңес одағының ең жоғары атағы – Социалистік Еңбек еріне лайықты үміткер болды. Өкінішке орай, жергілікті партия хатшысының ауысуы, көп ұзамай Кеңес одағының ыдырауы, оған қоса жүйенің жергілікті ұлт өкілдеріне деген салқын көзқарасының салдарынан Кәмшат Дөненбаева сынды әйгілі тұлғалар қатарына лайықты Шолпан Сабырқызына бұл әділ атақ бұйыра қоймады. Алайда, барша жерлестері мен кеңшар ұжымы қадірлі жанның бұл атақтан да жоғары құрметке  лайықтыған қапасыз мойындап ұдайы еске алып отырады.

Еңбектегі осынау айрықша жетістіктерімен бірге Шолпан әпкеміз үлкен отбасының анасы, 62 жыл отасқан жары Зейнолламен ағамызбен бірге бес бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана, асыл жар. Жұбайы Зейнолла Искужанов ұзақ жылдар кеңшардың есепшісі, Жаңалық ауылында мал фермасын басқарған, 25 жасында Коммунистік партия қатарына қабылданаған білікті маман еді. Қарапайым да еңбекқор отбасының бүгінде өз алдына жеке әулет иелері болып отырған үш ұл, екі қыздан тараған ондаған немерелердің ардақты әжесі Шолпан Сабырқызы отағасынан кейін көп ұзамай 2024 жылы жарық дүниеден өтті.

Егемен еліміздің жүріп өткен жолы, бұрынғы дәуірлерде бүкіл аймақтарда қолдан бұрмаланып келген тарихи шындықтары қайта қаралып, әлеуметтік әділеттілік орнатылып, халқына, еліне қызмет еткен азаматтардың, соның ішінде Бопай, Ұлпан, Әлия, Мәншүк, Кәмшат сынды әже, әпкелеріміздің есімі қадірленіп жатқанын ескере отырып, олардың қатарында Шолпан Сабырқызының есімі де өзі ұзақ жылдар бойында адал да қажырлы еңбегі сіңген аймақта, атап айтқанда зейнетке шыққаннан бері өмірінің соңына дейін тұрған Заречный ауылында, тіпті аудан орталығындағы көшеге берілуін әбден орынды санаймыз. Аға ұрпақтың жүріп өткен қилы замандарын ұмытпау, олардың есімін құрмет тұту арқылы бүгінгінің қадірін бағалау, мемлекет басшылығы жүргізіп келе жатқан сындарлы саясаттың арқасында әлемдік қоғамдастықтың қабырғалы мүшесіне айналған байтақ еліміздің еңсесі одан әрі биіктеп, абыройы арта түсуіне адал қызмет ету – баршамыздың қасиетті парызымыз.

Мұхтар Кәрібай,

дипломат, публицист

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1037
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1391