Сейсенбі, 20 Қазан 2026
Жаңалықтар 343 0 пікір 20 Қазан, 2026 сағат 13:07

Сот адвокат Өтеповке қатысты жеке қаулы шығарды

Сурет: abireg.ru сайтынан алынды.

Алматыда Санжар Боқаевқа, оның жиені Мадияр Қалменовке және жеке бейнеоператоры Ұлан Нүсіпқожаға қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

Боқаев пен өзге де фигуранттар бірқатар қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен айыпталып отыр. Іс Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы (190, 218, 340, 188 және 274-баптар) бойынша қаралып жатыр.

Алғашқы сот отырысында төрағалық етуші судья процеске қатысушыларға істің мәні бойынша, оның ішінде БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы субъективті пайымдаулар мен пікірлерді жария түрде білдіруге жол берілмейтінін және мұндай әрекеттер сотқа қысым көрсету ретінде бағаланатынын ескертті.

Алайда бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, Боқаевтың адвокаттарының бірі Радмир Өтепов қаралып жатқан қылмыстық іске қатысты өзінің жеке бағалаулары мен субъективтік болжамдарын БАҚ пен әлеуметтік желілерде таратқан.

Оның үстіне, тиісті бейнеүндеу сот процеске қатысушыларға мұндай әрекеттерге жол берілмейтіні туралы қайталап ескерткеннен кейін жарияланған.

Бүгін сот отырысының басында мемлекеттік айыптаушы адвокаттың көпшілік алдындағы әрекеттерінің заңдылығына қатысты қаулы шығару туралы сотқа өтінішхат жолдады.

Прокурор сот белгілеген шектеулер қылмыстық істің объективті, жан-жақты және бейтарап қаралуын қамтамасыз етуге, сотқа кез келген қысым көрсетудің алдын алуға және сот төрелігін жүзеге асыруға араласуға жол бермеуге бағытталғанын атап өтті.

Сот прокурордың уәждерімен келісіп, адвокаттың төрағалық етуші судьяның өкімдерін елемегенін, сондай-ақ сотқа құрметпен қарауды және сот ісін жүргізу тәртібін сақтауды көздейтін кәсіби әдеп талаптарын бұзғанын атап өтті.

«Сот процесі ашық түрде өтіп жатыр. Кез келген адам сот отырысына келіп, қатыса алады. Сондай-ақ БАҚ өкілдері мен тыңдаушылар үшін трансляция қамтамасыз етілген. Бұған дейін процеске қатысушыларға БАҚ-та пікір білдіру және әлеуметтік желілерде жарияланымдар тарату арқылы сотқа қысым көрсетуге жағдай жасауға жол берілмейтіні ескертілген болатын. Соған қарамастан, адвокат Өтепов бұл ескертуді екі рет бұзды. Қорғау тарапының құқықтары шектелген жоқ. Кәсіби маман ретінде сіздер өз сенім білдірушілеріңіздің мүдделерін медиа кеңістіктегі белсенділік арқылы емес, сот залында қорғауға міндеттісіздер», – деді судья.

Осылайша, адвокаттың әрекеттері көпшілік арасында сот тергеуінің барысы туралы бұрмаланған түсінік пен қате пікір қалыптастырып, сотқа қысым көрсетуге алғышарттар жасайды.

Өтінішхатты қарау нәтижесінде Алматы қалалық адвокаттар алқасының атына жеке қаулы шығарылды. Енді қорғаушының әрекеттері заңнама мен кәсіби әдеп талаптарының сақталуы тұрғысынан тексерілетін болады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1119
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1548