2026 жылы БКМ чектеріне қойылатын жаңа талаптар
Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы салық төлеушілерге бақылау-кассалық машиналардың (БКМ) чектерінің мазмұнына қойылатын талаптардың өзгергені туралы хабарлайды.
2026 жылы кассалық чектерді ресімдеу талаптарына, оның ішінде өткізілетін тауарлар туралы мәліметтерді Ұлттық тауарлар каталогына (ҰТК) сәйкес көрсетуге қатысты өзгерістер көзделген.
Нормативтік-құқықтық реттеу
БКМ қолдану тәртібі және кассалық чектердің мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Салық кодексімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 қазандағы № 626 «Бақылау-касса машиналарын қолдануға байланысты кейбір мәселелер туралы» бұйрығымен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 1 қыркүйектегі № 595 бұйрығымен № 626 бұйрыққа өзгерістер енгізілді.
Кассалық чекте көрсетілетін мәліметтер
Белгіленген талаптарға сәйкес кассалық чекте заңнамада көзделген деректемелер, оның ішінде тауар, жұмыс немесе көрсетілетін қызмет туралы мәліметтер, олардың саны мен құны, сондай-ақ тиісті сәйкестендіру деректері көрсетіледі.
ҰТК-ға сәйкес мәліметтері көрсетілуге тиіс тауарлар бойынша олардың атауы мен сәйкестендіру кодының дұрыс көрсетілуін қамтамасыз ету қажет. Міндетті таңбалауға жататын тауарларға қатысты сәйкестендіру құралдары бойынша белгіленген талаптар да ескеріледі.
Чектерді қалыптастыруды автоматтандыру
Кассалық жабдық тиісті түрде бапталып, қажетті ақпараттық сервистермен интеграцияланған жағдайда, штрихкодты сканерлеу арқылы тауар туралы мәліметтер автоматты түрде толтырылуы мүмкін. Бұл ақпаратты қолмен енгізу көлемін азайтуға және қателердің ықтималдығын төмендетуге мүмкіндік береді.
Кәсіпкерлерге арналған ұсынымдар
Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы кәсіпкерлерге пайдаланылатын кассалық жабдықтың қолданыстағы талаптарға сәйкестігін тексеруді, БКМ жеткізушілері мен фискалдық деректер операторларынан қажетті деректемелері бар чектерді қалыптастыру мүмкіндігін нақтылауды және қажет болған жағдайда бағдарламалық қамтамасыз етуді уақтылы жаңартуды ұсынады.
Алматы қаласы Бостандық ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы
Abai.kz