Үшжақты келіссөздер Абу-Дабиде өтеді
Абу-Дабиде Ресей, АҚШ және Украина өкілдерінің үшжақты келіссөздері өтеді.
Ресей, АҚШ және Украина арасындағы үшжақты келіссөздер қараша айының бірінші жартысында Абу-Дабиде өтеді деп жоспарлануда. Кездесуде талқыланатын негізгі тақырыптардың бірі — бейбіт келісім жасалғаннан кейін Ресей мен Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Бұл туралы Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.
Песковтың айтуынша, келіссөздердің алғашқы раунды қатаң түрде үшжақты форматта өтеді. Дегенмен, кейінгі талқылауларға басқа да мемлекеттер тартылуы мүмкін.
«Қараша айының бірінші жартысына жоспарланған Абу-Дабидегі келіссөздер үшжақты форматта өтеді. Одан кейінгі талқылауларға кімдердің қатысатынын қазірден кесіп айту қиын. Еуропалық қауіпсіздік архитектурасын басқа қатысушыларсыз талқылау мүмкін емес екені анық. Бұған қарамастан, диалог әуелі үшжақты форматта басталады», — деді Дмитрий Песков.
Abai.kz