АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ СОҢҒЫ ТҰЯҒЫ
Белгілі абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың есімі зиялы қауымға жақсы таныс. Алаш көсемдерінің тізесінде отырып ержеткен ол жас алшақтығына қарамастан дана Мұхтармен досжар болып, жақсы мағынада "жанторсығы" атанды. Сонау елуінші жылдардың басында жиырма бес жылға сотталып, амалсыздан азап пен мазақ лагерінің дәмін татып келгені де шындық. Сонда оның Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы гимнінің авторы екендігі де еске алынбаған. Әуезовтің кеңесімен гимн жөніндегі байқауға қатысып, жеңімпаз атанғанда оның жасы небәрі 27- де ғана болатын.
Белгілі абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың есімі зиялы қауымға жақсы таныс. Алаш көсемдерінің тізесінде отырып ержеткен ол жас алшақтығына қарамастан дана Мұхтармен досжар болып, жақсы мағынада "жанторсығы" атанды. Сонау елуінші жылдардың басында жиырма бес жылға сотталып, амалсыздан азап пен мазақ лагерінің дәмін татып келгені де шындық. Сонда оның Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы гимнінің авторы екендігі де еске алынбаған. Әуезовтің кеңесімен гимн жөніндегі байқауға қатысып, жеңімпаз атанғанда оның жасы небәрі 27- де ғана болатын.
Әуезов демекші, ол ұлы ұстазының кеңесімен жасынан Абайдың ақындық мектебін зерттеумен айналысқан. Бірақ, өкінішке қарай, кандидаттық еңбегі тәркіленіп, жоғарыда айтқандай, сотталып кете барған. Алайда, қайсар Қайым боркеміктеніп, жасымаған. Соның айғағындай, соңында Абайдың ақындық мектебі туралы том-том кітаптары қалды. Ал егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткен шақта кешегі Алаш көсемдері туралы өндіртіп жазған да осы Қайым еді. Соның басым бөлігі Семейдегі республикалық Абай қоры мен Алматыдағы "Атамұра" баспасының қамқорлығымен "Абайдың ақын шәкірттері" және "Абай мұрагерлері" деген атпен жарыққа шыққаны да көзі қарақты оқырманға белгілі. Қайым ағаның сол шақта өндірте еңбек ете жүріп, кезінде Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған "Абай" журналы қайта жарық көргенде оған бас-көз болған "Парыз" шығармашылық тобына жетекшілік еткені өз алдына бір әңгіме.
Айтты-айтпады, Қайым Мұхамедханұлы сол шақта жасы сексенге тақап қалғанмен хакім Абайдың артындағы өлмес, өшпес мұрасын кейінгі ұрпаққа мұрты қисаймаған қалпында жеткізу мақсатында бір кісідей-ақ еңбек сіңірді. Сол қажырлы еңбегі мемлекеттік деңгейде аталып та өтілді.
Қайым ағаны қалың жұртшылық сонымен бірге қарымды жазушы-драматург, тамаша аудармашы, сондай-ақ бірнеше буын өкілдерін, тәрбиелеген ұлағатты ұстаз ретінде де жақсы білетін. Басқаларды айтпағанда, кешегі Кәмен, бүгінгі Әзілхан ағаларымыз Кәкеңді ұстаз тұтып, құрмет көрсетіп жататынын көзіміз көрді, құлағымыз естіді. Ұстаз демекші, Семей педагогика институтында ұзақ жылдар қызмет еткен ол кешегі кеңес заманында осындағы қазақ тілі мен әдебиет факультеті оспадарлық саясатпен жабылғалы жатқан шақта облыс басшыларының бірі, әдебиет пен мәдениеттің шын жанашыры бола білген Екейбай Қашағанов сынды азаматпен тізе қоса отырып сақтап қалғаны да жұрттың есінде.
Иә, ғалым Қайым ғылымда қорғануды емес, тек шабуылдап қамал алуды ғана мақсат тұтты. Әйтпесе, бергі "жылымық" кезеңінен бастап ғылым докторы атануға шындап ұмтылса, бұл аса қиын шаруа емес-ті. Сондай-ақ ардақты ағамыз ұзаққа созылған қызық та қилы өмір жолында мансап та қумаған. Рас, қанжардың жүзіндей қылшылдап тұрған шағында Семейде жаңадан құрылып жатқан Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының тізгінін қолына алып, оны білгірлікпен қалыптастыруға бір кісідей үлес қосқаны бар. Ол аталған мұражайды өркендету жұмысынан бұдан кейін де сырт қалмаған. Сан қырлы талант иесінің өзінің және аударма пьесалары осындағы Абай атындағы сазды-драма театрында үзбей қойылып жататын.
Міне, осындай өмірі өнегелі жанның бақилық болғанына да бес жыл болып қалыпты-ау! Содан беріде оның артында қалған мол мұрасын жинастырып жарыққа шығару, аяулы есімін ел есінде қалдыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылды, қайсысына үлгере алмай жатырмыз деген мазмұндағы сауалдарға жауап іздеп көрелік. Осы орайда бірден айтайық, атқарылған жұмыстар да жеткілікті, сонымен бірге әлі күнге дейін аяқсыз қалып келе жатқан шаруалар да баршылық.
Соларды рет-ретімен баяндауға көшсек, ең алдымен, ғалымның басы қарайтылып, қабірінің қасынан ескерткіш тұрғызылды. Мұның сыртында интернеттен оған арналған сайт ашылып, Қ.Мұхамедханұлы атындағы "Білім және мәдениет орталығы" қоғамдық қоры құрылды. Бұл шаруаның бәрі Кәкеңнің балаларының күшімен атқарылды. Олар сонымен бірге, әкелерінің артында қалған мұраларын жинастырып, жарыққа шығаруға да бір кісідей атсалысып келеді.
Кейінгі игілікті шаруаға негізінен Тұрсын Жұртбай, Ғаббас Қабышұлы сынды жазушылар мен Дидахмет Әшімханұлы, Нұрлан Исабеков секілді баспагерлер баскөз болып отырғандығын айтпасқа болмайды. Сөйтіп, бүгінгі күнге дейін белгілі абайтанушы ғалымның көп томдық шығармалар жинағының алты томы жарық көріп үлгерді. Ал оның алдында "Қайым туралы сөз" атты естеліктер жинағы мен "Қайым және Карлаг" атты кітап жарық көрген еді. Мұның бәрі ғалымның 90 жылдығы қарсаңында қолға алынған шаруалар. Сол тұста Кәкеңнің мерейтойы алыс шетелдерде де аталып өтілгені халқымыз үшін үлкен абырой болды. Айталық, 2006 жылы Америка Құрама Штаттарының Калифорния штатында ғалымның бейнесі салынған пошта маркісі шығарылып, ал Монтана штатындағы университеттің ресми сайтында ол жөніндегі повесть жарияланды.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жемісті қызмет атқарып жатқан белгілі тележурналист Мақат Садықтың "Алаш және Қайым Мұхамедханұлы" атты деректі телефильмі түсіріліп, Семей педагогика институты тарапынан ғалымның алпыс жыл тұрған үйіне ескерткіш мемориалдық тақта орнатылатыны да осы кез.
Ғалымның 90 жылдығы қарсаңында атқарылған игі шараларды айта отырып, кейбір "әттеген-айлардан" айналып кеткеніміз жөн болмас. Мәселен, сол тұста сол кездегі облыс, қала басшыларының атына Алматы, Астана, Семейдегі зиялы қауым өкілдерінен Семейдегі бір көшеге және өзі алпыс жылға жуық қызмет істеген педагогика институты мен туған жері Қарасу ауылындағы орта мектепке Қайым Мұхамедханұлының есімін беріп, оның сыртында кешегі Алаш астанасы болған қалада ескерткішін орнату жөнінде тілек-ұсыныстар қарша бораған. Бірақ, өкінішке қарай, сол тілектердің бәрі аяқсыз қалған.
Бүгінде кешегі Алаш арыстарының соңғы тұяғының өмірден озғанына да біраз болып қалды. Ендеше, күн тәртібіндегі бұл мәселенің шешімін сағызша созуымыздың жөні қайсы? Мұнда қаланың нақ орталығында "Интернациональ" деген көше бар. Абайдың қорық-мұражайы мен Абай атындағы сазды-драма театры Абай көшесін қиып өтетін осы көше бойында. Сондықтан да болар, қалың жұртшылықтың ортақ тілегі осы көше атауы ардақты ақсақалдың есімімен ауыстырылса дегенге саяды.
Олай болмаған күнде қала орталығында әлі күнге дейін мызғымай тұрған Ленин көшесін Қайым есімімен алмастырсақ, несі айып? Мұны бір деңіз.
Екіншіден, ескерткіш жайына келетін болсақ, бұл өңірде басшылар ауысқаннан бергі жерде бұл мәселеде өзгеріс-жаңалықтар жоқ та емес. Соның айғағындай, бұрнағы жылдары болашақ ескерткіштің орны мен авторы анықталып, алғашқы жоба да өмірге келген еді. Бірақ, өкінішке қарай, мына дағдарысты жағдайда оған қажетті қаржы таптырмай тұрған секілді. Сондықтан оның түбегейлі шешіміне Үкімет пен ұлтжанды мецанаттар араласып жатса, қанеки!
Енді бес-алты жылдан соң Қайым ағаның жүз жылдық мерейтойы да келіп жетеді екен. Ал ол соншалықты көп уақыт емес. Сол себептен де, әлгіндей мәселелерді кейінге сырғыта бермей, қазірден қамданғанымыз жөн болар. Алаш арыстарының соңғы тұяғы ондай құрметке әбден лайық!
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, Семей.
«Егемен Қазақстан»№368 (25765) 07 ҚАРАША СЕНБІ 2009 ЖЫЛ