Бейсенбі, 29 Қазан 2026
Алашорда 169 0 пікір 29 Қазан, 2026 сағат 13:33

«Советия & Қазақия»: Кезекті том жарық көрді

Сурет: abai.kz сайтынан алынды.

Қымбатты оқырмандарыма «Советия & Қазақия» рисәләсінің 3-ші кітабы жарыққа шыққанын қанағаттана хабарлаймын. Мұнда танымдық сипаттағы «Тауарих Қазақ һәм Қазақ Мемлекеті» атты баянхаттың екінші бөлімі ұсынылып отыр («Біз – қазақ ежелден...» деген бірінші бөлімі 2-ші кітапта жарияланған-ды). 

Баянхаттың екінші бөлімін құраған «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» тарихи очеркінің тараулары әуелде оқырман назарына әлеуметтік желілерде («Серке.орг», «Абай.кз», т.б.) беріліп, одан Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланар қарсаңда жеке кітап түрінде баспадан шыққан болатын.

Бұл этюдімде мен қазақтың өз этностық аталымымен хандық тұрпаттағы тұңғыш дербес мемлекет құрып тарих сахнасында пайда болуын, іргесін кеңейтіп дамуын, белгілі бір кезеңде өзге жұрттар мойындаған күшті мемлекетке айналғанын, сосын қилы себеппен көз алартысқан сыртқы жаулардан қорғануын, сөйтіп мазасыз қоңсыларға қарсы тұруға қажет одақтас іздегенін, қысқасы, тәуелсіз ел ретінде өткен бұралаңды жолын, одан бірте-бірте тәуелсіздігінен айрылуын әңгімеледім.

Қамқоршысындай көрген күшті көршісінің алдауына аңғал мәмілегерлік салдарынан еліміздің қалай түсіп қалғанын, бұл ахуалды мәселеге  терең қараудың жөнін білмеген жекелеген қайраткерлердің қайтіп үстемелей түскенін баян еттім. Содан   қамқоршы мәртебесінен қожайынға айналған бөтен мемлекет жалпақ елімізді түгелдей меншіктеп алғанын,  халқымыздың сол тәуелділік дәуірде жер-суы мен санасына дейін отарлану кезеңін бастан кешкенін, ақыры жаңарып-жаңғырудың ауыр жолынан өтіп, шынайы тәуелсіздікке қол жеткізгенін, сөйтіп қайтадан елдік туын берік сеніммен көтергенін тілге тиек еттім.

Оқырманға, әсіресе жас ұрпаққа арнап осынау тарихи-танымды әңгімені аян ету барысында осы уақытқа дейін теріс түсіндіріліп келген бірер жәйтке көңіл бөлуге тырыстым. Мысалы, бір қарағанда баршаға мәлім және бұлтартпас шындық секілді көрінетін ел шежіресінің кейбір бұрмаланған тұстары, айталық, Тәуке ханнан кейін біртұтас хандық жойылып, орнына елдің ұсақ хандықтарға бөлшектенген түрлері келді деп дәйектелетін тұжырымның жаңсақтығын дәлелдедім. Сондай-ақ күні бүгінге дейін көптеген тарих әуесқойларының, тіпті ірі ғылыми атақ-дәрежеге жетіп алған оқымыстылардың біразының санасына құдды ақиқаттың тап өзіндей бекем орнығып қалған жалғандық жайын да сөз еттім.

Мұнда қозғалған мәселе – бодандыққа берілудің империя саясаты қалыптастырған, одан бергі дәуірлерде тиісті түзету көрсетілмей келе жатқан бұрмалаулы шындығы хақында-тын. Неліктен тәуелсіз елдің адамдары  ақиқатты, тарихи әділеттілікті мойындаудан әлі күнгі қашады? Не себептен ел мүддесін жан аямай қорғаған шын баһадүрді, нағыз мемлекет қайраткерін күні бүгінге дейін шындап танығысы келмейді? Оқырман рисәләнің екі томын алып жатқан баянхатпен, әсіресе осынау Үшінші томда жарияланған қазақ мемлекеті тарихына көзқараспен танысу барысында бұл ретте ойлануға тұрарлық мағлұмат алады ғой деген сенімім бар.

Баянхаттан соң «Төрт тамшы» тақырыбымен тарихымыздың әзірге толық айтылмай жатқан тұстарына назар аудартатын бірер этюд топтастырылып берілді.  Бұларда  қазақтардың отарлық езгіге көрсеткен қарсылығының кей  тұстары, жігіттердің әйгілі Пугачев бастаған Шаруалар соғысына белсене қатысуы, қарсылық қозғалысының соғыс тоқтатылғаннан кейін де басылмауы, сондай-ақ өткен ғасырдың басында халқымыздың ұлт азаттығын аңсаған заманауи саяси күрес жолына  түсуі хақында танымды сыр шертіледі.

«Советия & Қазақия» рисәләсінің   бұл кезекті кітабы да, жалпы топтама сияқты, Отан тарихына қызығушылық білдіретін қалың көпшілікке, орта мектептің, арнайы орта және жоғары оқу орындарының оқушыларына, студенттеріне, еңбекші жастарға, тарихты сүйетін барша жұртшылыққа арналған. Оқыған жұрттың сенімі алданбас деп ойлаймын.

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1263
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1777