Екінші жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында 2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында Амур есімді аталық Амур жолбарысы табиғи мекендеу ортасына жіберілді.
Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды. Жолбарыс табиғи ортаға жіберілер алдында ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық ерекшеліктерін бағалауға бағытталған бірқатар сынақтан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады. Сынақ нәтижелері Амурдың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Алдағы уақытта оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.
Іс-шараға экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, мамандар мен адам және жолбарыс арасындағы қақтығыстардың алдын алу тобының мүшелері қатысты.
Бұған дейін 31 шілдеде табиғи ортасына жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс резерват аумағына біртіндеп жерсініп келеді. Ол өздігінен аң аулап, жабайы табиғатқа сәтті бейімделуде.
70 жылдан астам уақыт бойы жолбарыстар табиғи ортасында болған жоқ. Табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бойынша көпжылдық жұмыстардың арқасында бұл жыртқыштар біртіндеп тарихи мекендейтін жерлеріне оралады.
Жолбарыстарды қайта жерсіндіру үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты құрылып, оның аумағында табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру, қоректік қорды молайту және қажетті табиғат қорғау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары басталды. Бұл бағытта жабайы тұяқты жануарлардың санын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Резерват аумағына Бұқар бұғылары мен құландар жіберілді.
Мәселен, 2026 жылғы қыркүйекте «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінен «Іле-Балқаш» резерватына 30 құлан әкелінді. Қоректік қор мен табиғи мекендеу ортасын қалпына келтіру бағдарламаның келесі кезеңіне, яғни жыртқыштардың өзін табиғатқа қайтаруға, популяциясын көбейтуге негіз қалады.
Сондай-ақ жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және адам мен жыртқыш арасында туындауы мүмкін қатерлердің алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы мақсатта арнайы топ құрылды. Оның мамандары жануарлардың қозғалысын бақылайды, жергілікті тұрғындармен тұрақты байланыс орнатады және төтенше жағдайлардан тыс туындайтын күтпеген оқиғаларға жедел ден қояды.
Abai.kz