Бейсенбі, 5 Қараша 2026
46 - сөз 1784 0 пікір 4 Қараша, 2026 сағат 13:29

Димаш орысша сөйлеуге міндетті емес!

Сурет: euronews.com сайтынан алынды.

Дәл қазір жасырып жабатын жоқ, көп жағдайда солтүстіктегі сойы бөлек көршілеріміз тарабынан жаһандық деңгейдегі қазақ әншісінің әлемдік сахнадағы әрбір қадамын әлі де орыс тілінің өлшемімен бағалауға тырысатындар бар.

Әлгінде біздің Димаш Германияның Дюссельдорф қаласында концерт өткізген. Мыңдаған көрермен жиналған халықаралық шоу аяқталған соң, әлеуметтік желіде орыстілді аудитория өкілдерінің бір бөлігі әншіге қабақтарынан қар жауа наразылық білдіріпті.

Олардың көңіліне қаяу түсіргені – Димаштың орыс тілінде амандаспауы, концерт барысында негізінен қазақ және ағылшын тілдерін қолдануы, сондай-ақ орыс тіліндегі әндердің аздығы екен.

Германияда тұратын орыстілді блогерсымақтың айтуынша, Димаш концерт барысында ағылшын және қазақ тілдерін ғана қолданған. Әрі орыс тілінде бір ғана «Любовь уставших лебедей» әнін орындаған. Әлгінің сөзінше, бұл оның өнерін құрметтеген аудиторияны сыйламағандық-мыс. Пішту...

Енді сұрақ: Қазақ әншісі шетелдегі концертінде орыс тілінде сөйлеуге міндетті ме? Әлбетте жоқ! Неліктен оның репертуары көрерменнің белгілі бір бөлігінің тілдік сұранысына бейімделуі тиіс?

Димаш – Ресейдің немесе орыс тілді аудиторияның ғана әншісі емес, оның тыңдармандары Қытайда, Еуропада, Америкада, Азияның түрлі елдерінде де бар. Ол – әлемдік әнші. Әрқайсысы өз тілінде сөйлейді, өз мәдениетінен шыққан музыканы бағалайды. Егер әнші әр концертте залдағы көрермендердің тілдік құрамына қарай өзінің ұлттық болмысын өзгертуге мәжбүр болса, онда оның халықаралық өнерпаз ретіндегі дербестігі қайда қалады?

Онан соң, Кеңес Одағы ыдырағанымен, оның мәдени-тілдік иерархиясы санада бір күнде жойылған жоқ. Ұзақ уақыт бойы орыс тілі бүкіл кеңестік кеңістіктегі ортақ коммуникация тілі ретінде қабылданды. Соның салдарынан кейбір адамдар тәуелсіз мемлекеттердің ұлттық тілдері мен мәдениеттерінің дербес даму құқығын әлі де толық мойындай алмай келеді.

Димаштың өнерін халықаралық деңгейге көтерген басты ерекшеліктердің бірі – вокалдық мүмкіндігімен қатар, ұлттық музыкалық болмысы десек әсте артық айтпаймыз.

Қазақ тіліндегі әндер, ұлттық әуендер, дәстүрлі музыкалық элементтер мен заманауи орындаушылық мәнердің үйлесімі оның шығармашылық бейнесін әлемдік деңгейде қалыптастырды. Демек, Димаштың қазақ мәдениетін халықаралық аудиторияға таныстыруы – кездейсоқ таңдау емес, оның өнерінің маңызды бөлігі екенін муызыкадан еш хабары жоқ жандардың өзі де мойындап отыр.

Бір қызығы, әлемнің әртүрлі елдеріндегі тыңдармандар оның қазақша әндерін түсінбесе де, қабылдай алады. Музыка тілдік шекарадан асып, эмоция арқылы байланыс орнатады. Бұл – өнердің әмбебап қасиеті.

Ал осыны посткеңестік кеңістіктің қалыптасқан өлшемдерімен бағалайтын әлгіндей немелер түсіне қоя дегенге сену қиын!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір