Жұма, 6 Қараша 2026
Ел іші... 143 0 пікір 6 Қараша, 2026 сағат 14:56

Ұлтаралық қатынастағы мәдениет пен тілдің рөлі...

Сурет: zakon.kz сайтынан алынды.

Қазіргі қилы заманда әрбір мемлекеттің ішкі тұтастығы, этносаралық бірлігі, әлеуметтік тұрақтылығы – мемлекет дамуының басты қағидасына айналды. Мемлекет қауіпсіздігі да осы факторға тәуелді болып қалуда. Сондықтан, мемлекеттік және қоғамдық институттар осы мәселені үнемі зерттеп, оны жан‑жақты сараптап отыру қажеттігі –бүгінгі күннің бұлжымас ақиқаты десе болады. Бүгінгі тақырып – Қазақстандағы ұлтаралық қатынастағы өзекті мәселелерге арналады.

Ұлтаралық қатынастар контекстіндегі тіл саясаты.

Бұл мәселе еліміздің 2026 жылы бүкілхалықтық референдумда қабылдаған Конституциясына сүйене отырып, Ата заңға жүгіне отырып жасалатын мемлекеттік және қоғамдық іс‑әрекеттердің түйінін құрайды. Ол бойынша ҚР‑да автохтонды ұлт саналатын, тарихи шындық пен әділеттілік принциптеріне сай мелекетқұраушы халық саналатын Қазақ халқының ана тілі – қазақ тілі – мемлекеттік тіл статусына ие.

Ендеше, ҚР‑да мемлекеттік институттар мен қоғамның қарым‑қатынас тілі, негізгі комуникациялық құралы – Қазақ тілі. Ол, осы мәртебесімен еліміздегі бірден‑бір «конституциялық тіл» деп танылуы тиіс. Сол себепті, еліміздің барлық азаматтары өздерінің этникалық, әлеуметтік, мәдени қалыбына қарамастан, барлығы да Мемлекеттік тілді құрметтеуге, оны білуге міндетті.

Тарихи шындық туралы бірер сөз

Бірақ, біз осыған дейін қалыптасқан тарихи шындықтан да ешқайда кете алмаймыз. Ол – елімізде әлі де ықпалды күшке ие қостілділік. Осыған сай, Қазақстан азаматтары күнделікті қарым‑қатынаста қазақ және орыс тілді қатар қолдануды жалғастыруда. Орыс тілі әлі де көп жағдайда ұлтаралық қатынас тілі ретінде қолданылуын жалғастыруда.

Мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтаудағы тіл мәселесі

Әрине, мемлекеттің өз ішкі тұрақтылығы мығым болса, «қостілділік», кейде, одан да кең «көптілділік» біздің ішкі тұтастығымызға, ұлтаралық бірлігімізге аса қауіпті бола қоймайды. Бірақ, егер, оны өзге тараптан төнетін, пиғылы жаман «сыртқы күштер» нысанаға алып, өз мақсаттарына қолдануды көздесе – осы жағдай ұлтаралық толеранттылыққа, жылы қатынастарға кері әсерін тигізуі мүмкін. Ол, қазақстандық жағдайда екі бағытта көрініс тауып отыр: біріншісі – қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусын алға тарқан ұлт патриоттарының «тіл тазалығы» үшін күресі болса, екіншісі ‑  тілдік тұрғыда өзінің тамырынан ажыраған қазақтар мен орыс тілін «ұлтаралық қатынас тілі» деп мойындайтын диаспораның оған қарсылығы.

Біз осы шиеленісті мәселені мемлекеттік тұрғыда шеше алмаудамыз. Себебі, КСРО кезінен қалған ұлтаралық қатынастар саясатының салқыны империялық мүдделерге ұласып, бүгінде «тіл мәселесі» деген себеп РФ және Украина сияқты екі тәуелсіз мемлекеттердің арасындағы қиян‑кескі шайқасқа алып келгенін көріп отырмыз. Оның салқыны бізге де жетіп отыр...

Тіл саясатындағы «қазақстандық тәжірибе» қандай?

Қазақстан тіл саясатын өте сақ жүргізуде. Біз тіл мәселесінің «саяси мәселеге» айналып кетпеуін, оның «ішкі тұрақтылықты бұзатын жұдырық» болмауына қатты көңіл бөлеміз. Бірақ, бұл мәселе, ұзақ уақыт бойы «қазақ тілі есебіненен» жасалып келді: қазақстандық билік тек орыс тілінде сөйлеуден айнымады.  Өйткені, ол кездегі авторитарлы билік өз бетімен, халықтың қалауынсыз елімізді «көпұлтты» деп жариялады да, «мемлекетқұраушы ұлт», «мемлекеттік тіл» деген түсініктер осының көлеңкесінде қалып қойды.

Ондай жағдайда «мемлекеттік тіл» статусына әлемдегі кез келген тіл ұмтылуы мүмкін: орыс тілінен өзге ағылшын, немесе, еуропалық тілдер, не, қытай тілі, жапон тілі, араб тілі және т.т. тілдер – Қазақстанның «мемлекеттік тілі» болуға тең құқылы еді.

Нәтижесінде, тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тілге айнала алмады. Мемлекеттік жүйеде және қоғамдық ортада «тілдік дискриминация» астарлы түрде орын алды. Бұл – қоғамда тәл мәселесінің саясаттануына алып келді.

Ендігі жағдайда не өзгерді?

Еліміздің Жаңа Конституциясы қабылдануымен «тіл саясатында» елеулі өзгерістер басталды. Бұл – еліміздің ең жоғарқы билігі мінберінін түпкі мағынасында «Қазақстанның барлық азаматтары Қазақ ұлтының мәдениеті мен тілі, салт‑дәстүрі төңірегінде топтасады, бірігеді» деген ереженің айтылуы еді. Осыдан қанаттанған ұлт патриоттары да өздерінің «тіл үшін күрес» ауқымын кеңейтіп, енді тілден өзге «жалпы, қазақ мәдениеті мен дәстүрін дәріптеу» деген ережені қабылдады.

Қоғамда бұл оң нәтиже бере бастады. Мысалы, бұрын «тіл үйрету курстары» ашылатын. Оған бюджеттен мол ақша бөлініп, ол курстарға өзгетілді азаматтарды күштеп болса да жазатын. Нәтижесінде орасан зор қаржы желге ұшып, тіл үйренушілер «тіл курсын бітірді» деген тілдей қағаз алса да, тілді меңгермеген күйі қалатын.

Ал, бүгінгі жағдайда, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгерген азаматтары ерекше бағаланып, құрметтеле бастады. Қазақ халқы осы жерде өзінің ең асыл қасиеттерін көрсетуде. Халық «өзіңді силағанға еңкей – құл емессің» деген даналығын көрсетуде.

Мұның тағы да бір өзге жағы бар, ол мынау: бұрын өзге диаспора өкілдерінің қазақ тіліне төбеден қарауының астарында олардың жалпы қазақ салт‑дәстүріне, мәдениетіне, біліміне деген құрметтің болмауынан еді. Ол қазақ тілін меңгерудегі басты кедергі‑барьер болғаны рас. Міне, енді осы «барьерді» бұзу арқылы, қазақ мәдениетіне құрмет, сонымен бір мезетте қазақ тарихына деген объективті көзқарас қалыптасуда.

Ал, бұл қазақстандық қоғамның тұтастануына алып келуде. Енді ел азаматтары ұлтына, тіліне, діліне, дініне қарамастан, өздерін «Қазақстан азаматымыз» деген атаққа сай атай бастады. Ал, бұрынғы қалыппен, не болмаса, «сыртқы әлемнің» ықпалымен осыған қарсы келіп жатқандарды қоғам болып айыптап, заң алдында жауапқа таруға шақыруда – ол іске асып та жатыр.

Қазір, еліміздегі орта мектеп оқушыларының 70 айызынан астамы қазақ тілінде  оқып‑бітіруде. Яғни, қалай десек те, осы «жетпіс пайыз» еліміздің мәдени‑рухани дамуының, осы бағытта қозғалуының шешуші факторына айналады. Осы «жетпіс пайыздың» талабымен елімізде ғылым‑білім тілі, бизнес тілі, мемлекетттің билігінің тіл, саяси тіл, медицина тілі және т.т. жедел қалыптасу үстінде. Аз уақытта әлемдік аударма жүйесіне сапалы қазақ тілі ене алды – енді әр тілден төте аударма жасау арқылы қазақ тілінің статуысы әлемдік қарым‑қатынас тілдерімен теңесуге жақын десек болады.

Міне, осылай, мемлекет басқаруда бір ғана қарапайым ереже, яғни, «Қазақстан азаматтары қазақ мәдениеті төңірегінде бірігеді» деген сөздің қолданысқа енуі – аз уақытта ұлтаралық қатынасты түбегейлі жаңартып, оны прогресті бағытқа бұра алатындығын көрсетті. Бұл – біздегі Ел бірлігінен, ұлттық тұтастықтан айқын көрініс табуда!

Болашақ осы бағытта екеніне философ ретінде мен сенемін.

Әбдірашит Бәкірұлы, философ

Abai.kz

0 пікір