Сейсенбі, 17 Қараша 2026
Жаңалықтар 299 0 пікір 17 Қараша, 2026 сағат 15:14

Боқаевтың автошеруіне бөлінген миллиондар қайда кетті? Сотта банк көшірмелері зерттелді

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевтың ісі бойынша сот процесінде қаржылық құжаттарды зерттеу басталды. Екі компанияның банк көшірмелерін талдау нәтижесінде сот халықаралық автошеруге жұмсалған миллиондаған теңгенің қалай бөлінгені және қандай жолмен қолма-қол ақшаға айналдырылғаны көрсетілді.

Басты назар Санжар Боқаевтың жиенінің бақылауындағы «BM Trust» ЖШС-нің банк шоттарына аударылды. Құжаттарға сәйкес, компания кәсіподақтан 27,2 миллион теңге көлемінде қаражат алған. Оның үстіне алғашқы аударымдар келісімшартқа қол қойылған күні-ақ басталған. Мемлекеттік айыптаушы 2018 жылдың шілде-қараша айлары аралығында аталған компанияның шоттарынан «өзге шығындар» деген негізбен 10 миллион теңгеден астам қаражат қолма-қол ақшаға аударылғанына мән берді.

Бұдан бөлек, қаражаттың автошеруге еш қатысы жоқ бухгалтерлік қызметтер мен үй-жайларды жалға алуға жұмсалғаны анықталды. Бұл қаржылық деректер бұған дейінгі сот отырыстарында айтылған куәгерлердің сөздерімен де ұштасады. Атап айтқанда, «ЦелинСельМаш» компаниясының заңгері дәл осы кезеңде «BM Trust» ЖШС-нің елордадан ауданы 671 шаршы метр болатын жиһаз цехына арналған ғимаратты жалға алғанын растаған еді. Оның айтуынша, бұл цех шын мәнінде Санжар Боқаевтың өзіне тиесілі болған.

BM Trust банк көшірмелеріндегі көзге түсетін жайттардың бірі – MLS Group компаниясына 7,6 миллион және 12,3 миллион теңге көлемінде жасалған аударымдар. Бұл транзакциялар алдыңғы сот отырыстарында айтылған куәгердің сөздерін құжат жүзінде растады. Еске сала кетейік, бұған дейін MLS Group басшысы Сұлтанов сотта автошеру туралы қандай да бір уәде етілген деректі фильмнің компания тарапынан мүлде түсірілмегенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, компанияға түскен миллиондаған теңге қолма-қол ақшаға айналдырылып, Санжар Боқаевтың жеке өзіне табысталған. Енді бұл мәлімдемелер ресми банк операцияларының құжаттарымен де расталып отыр.

BM Trust компаниясынан қаражат аударылған өзге де алушылардың қатарында «Мотив Акмола» ЖШС мен «Индиго» ЖК бар. Жауап алу барысында олардың автошеруді ұйымдастыруға ешқандай қатысы жоқ екені тағы да расталды.

Ал Жұлдыз Артықбаева басқарған «We Can» ЖШС-нен, яғни компанияның банк көшірмелерінен мүлде басқа көрініс байқалды. Құжаттар компанияның нақты шаруашылық қызметпен айналысқанын көрсетті. Атап айтқанда, ол автошеруге қатысушылардың қонақүйлерде тұруы мен тамақтануын, полиграфиялық өнімдерге, көлік қызметтері мен концерттерді ұйымдастыруға миллиондаған теңге аударған.

Бұл қаржылық құжаттар бұған дейін сотқа жеткізілген Қызылордадағы Sultan Plaza және Түркістандағы «Ханака» қонақүйлерінің басшылары берген жауаптармен толық сәйкес келді. Олар көрсетілген қызметтердің ақысын дәл осы «We Can» ЖШС төлегенін растаған болатын.

Екі серіктестіктің банк көшірмелерін салыстыра отырып, мемлекеттік айыптау тарапы тергеу нұсқасының қисынын былай түйіндеді: халықаралық автошеру іс жүзінде нақты қызметтерге ақы төлеген «We Can» ЖШС-нің күшімен ұйымдастырылған. Ал Боқаевтың туысының бақылауындағы BM Trust компаниясына (құжаттарда Қалменовтың да аты аталады) аударылған қаражат мақсатсыз пайдаланылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Қаржылық заңбұзушылықтар аудит қорытындысымен де расталады. Сот отырысында ревизордың қорытындысы жария етілді. Онда автошеру аясында жасалған екі келісімшарт бойынша көрсетілген қызметтердің құны 30 миллион теңгеге артық бағаланғаны анықталған. Болжамға сай қорғау тарапы бұл есептеудің әдістемесімен келіспейтінін мәлімдеді.

Автошеруге қатысты эпизодтан бөлек, құжаттарды зерттеу барысында айыпталушының басқа да ауқымды жобаларға қатысы туралы деректер белгілі болды. Мәселен, прокурор «ҚазТрансГаз» компаниясы үшін бес сағаттық корпоративтік іс-шара өткізуге арналған құны 57 миллион теңгеден асатын келісімшартты мақұлдауға Боқаевтың қатысқанына назар аударды.

Осылайша, Боқаевтың ірі қаржы ағындарының бөлінуін жеке өзі бақылап, миллиондаған теңгелік келісімшарттар жасасу кезінде жауапты тұлға ретінде әрекет еткені айтылды.

Abai.kz

0 пікір