Сәрсенбі, 18 Қараша 2026
Жаңалықтар 72 0 пікір 18 Қараша, 2026 сағат 15:37

Қазақстан қорғаныс зауытын сатылымға қойды

Сурет: sauda.e-qazyna.kz сайтынан алынды.

«Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы «Семей инжиниринг» АҚ-ның 100% акциясын сатылымға шығарды. Танктерді жөндеп, жаңғыртумен айналысатын зауытпен бірге сатып алушыға 339 бірлік ескі броньды техника, соның ішінде 177 Т-72 танкі беріледі.

Лот материалдарына сәйкес, зауыт 70,8 млрд теңгеге бағаланған. Бұл соманың төрттен үш бөлігіне жуығы, яғни 52,8 млрд теңгесі техникаға тиесілі. Олардың қатарында танктерден бөлек 104 жаяу әскердің жауынгерлік машинасы (БМП-1), 35 бронетранспортер (БТР-70) және 23 броньды барлау-шолғыншы машинасы (БРДМ-2) бар.

Техника зауытқа сонау 2013 жылы берілген. Содан бері қаражат болмағандықтан бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеген. Машиналар соңғы рет 2017–2018 жылдары тек көзбен шолып тексерілген, ақауларын анықтау үшін толық диагностика жасалмаған. Демек, сатып алушы нақты жағдайы ешкімге белгісіз броньды техниканың үлкен қоймасына ие болады.

Зауыт 2025 жылды 105 млн теңге шығынмен жапты. Ресейден келетін қосалқы бөлшектер қымбаттап кеткен, мәселен кейбір қозғалтқыштардың бағасы 18 млн-нан 54 млн теңгеге дейін, яғни үш есеге өскен. Бұған қоса, Қорғаныс министрлігі жөндеуге келісімшартта көрсетілгеннен әлдеқайда нашар күйдегі техниканы жиі жібереді. Бұрын зауыт бұл шығындарды өз есебінен жауып келсе, енді тапсырыс берушімен соттасуды ойластырып отыр. «Семей инжиниринг» өңірдегі танктер мен өзге де броньды техниканы толық жөндеп, жаңғырта алатын жалғыз кәсіпорын болып қала беруде.

Жаңа иесі бір жыл ішінде акцияларды қайта сата алмайды және зауыттың қорғаныс бағытын сақтауға міндетті болады. Сондай-ақ оған жалақы мен салық бойынша берешектерді өтеуге тура келеді. Зауыт жылына 53 емес, 100 бірлік техника жөндеуі үшін оны жаңғыртуға тағы шамамен 1,5 млрд теңге инвестиция салу қажет.

Еске салайық, қараша айының басында «Қазақстан инжиниринг» Петропавлдағы Киров атындағы зауытты 9,1 млрд теңгеге саудаға шығарған болатын. Оның түсімінің 80%-ға жуығын әскери тапсырыстар мен қос мақсаттағы өнімдер құрайды. Одан да ертерек Петропавл ауыр машина жасау зауыты сатылымға қойылған еді. Оның бұрынғы бас директоры 2024 жылы Қорғаныс министрлігіне арналған «Точка-У» зымыран кешендерін жөндеу ісі бойынша пара алғаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылған.

Abai.kz

0 пікір