Шона алаңға неге қамшы алып барған?..
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облыстық драма театры белгілі театр қайраткері Тұрар Дүйсебаевтың «Желтоқсан жаңғырығы» атты драмасын сахналады. Режиссер сол қойылымында желтоқсан оқиғасынан түсірілген деректі бейнеленталарды пайдаланған еді. Бір кадрде қара плащ, қара шляпа киген, қолында бүктеп ұстаған сегіз өрім қамшысы бар, бір топ жастарды үйіріп, сөйлеп тұрған адамның Шона Смаханұлы екенін танып таңғалғанымыз бар. Кейін бұл жайдың анық-қанығын Талас ауданы Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің директоры, әнші Жасан Тілеубековтен естідік...
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облыстық драма театры белгілі театр қайраткері Тұрар Дүйсебаевтың «Желтоқсан жаңғырығы» атты драмасын сахналады. Режиссер сол қойылымында желтоқсан оқиғасынан түсірілген деректі бейнеленталарды пайдаланған еді. Бір кадрде қара плащ, қара шляпа киген, қолында бүктеп ұстаған сегіз өрім қамшысы бар, бір топ жастарды үйіріп, сөйлеп тұрған адамның Шона Смаханұлы екенін танып таңғалғанымыз бар. Кейін бұл жайдың анық-қанығын Талас ауданы Ақкөл ауылдық мәдениет үйінің директоры, әнші Жасан Тілеубековтен естідік...
Жасан ТІЛЕУБЕКОВ:
- 1986 жылы желтоқсан айында Шона Смаханұлының «Ана тілін ардақтайық» деген әнін «Тамашада» орындау үшін Алматыға бардық. Қасымда 5-сынып оқушысы Қарагөз Әуелбекова деген әнші қыз және оның анасы бар. Біздің сапар тура сол 16 желтоқсан күніне тап келді. Сол күні таңертең пойыздан түстік. Вокзалда абыр-сабыр адам. Көліктер тоқтап қалған, не болып жатқанын түсінбедік. Бір қазақ таксист жігітпен келісіп, қала шетін айнала жүріп, орталықтағы Шона ағаның үйіне әрең жеттік. «Айналайындар-ау, аман-есен жеттіңдер ме? Обалдарыңа қалдым ба деп, қорқып отыр едім» деп Шона аға әлек болды. Бір байқағанымыз, Шөкең телефонмен әркіммен сөйлесіп, көшедегі жағдайларды біліп отырды. Сол екі арада телефон істемей қалды. «Ал балаларым, мыналардың телефонды үзуі тегін емес, қазір мені де әкетуі мүмкін» деп Шона аға бәріміздің зәремізді алды. Жүзінде қобалжу да бар. Күндіз сабаққа кеткен ұлы Ұланның кешігуі де мазалап отырған секілді. Сыртта торып жүрген «үш әріптің» бөрілері... Не керек, сол түні шала ұйқымен таңды атырдық. Таңертең көшеге шығуға бекіндік. Шөкең төргі бөлмеге кіріп кетті. Артынша нағыз сегіз өрім, бұзау тіс дейтіндей қамшы алып шықты да маған: «Мә, мынау суық қаруға жатпайды. Артқы ышқырыңа тығып ал, бір кәдеге жарап қалар» деп ұсынды. Мен салып алдым. Түске дейін Шона аға екеуміз жаяулатып телестудияға бардық. Жолда алаңда тұрған жастардың ортасынан өттік. Шона ағаның қолында бүктеп ұстап алған өрім қамшы. Түнімен жазып шыққан, жастарды жігерлендірер өлеңін оқып та, таратып та үлгерді. Жоғарыдағы бейнекөріністі сол кезде түсіріп алса керек... Студияға келсек, Шона ағаның «Ана тілін ардақтайық» әнінің атынан шошып, сыздырып тастапты. Долданған Шөкең талай кісіге кіріп жүріп, өлеңін өткізе алмады. Бірақ Таластың бір әні «Тамашаға» қалай да кірсін деп жүріп, марқұм, ақын Серік Томановтың сөзіне жазылған сазгер Орынбасар Әбжаппаровтың «Аққулар» әнін кіргізді...
***
Бұл әңгіменің шындыққа жанасар тұсы көп. Сол күні ҚазМУ-дің журналистика факультетінің бірінші курсында оқып жүрген Шона ағаның ұлы Ұлан алаңда болған. Үйге кеш келген. Ертесіне де алаңға барған. Шона ағаның әйелі Аманкүл апамыздың әңгімесіне қарағанда, 16 желтоқсан күні, жамбылдықтар келердің алдында ғана Шона аға қолына сегіз өрім қамшысын алып, Ұланды іздеп, алаңдағы жайды біліп те келген. Бірақ торушылар көп болып қайта шыға алмаған. Ахметов деген ғалым келіп екеуінің арасында «үлкен әңгіме» болған секілді. Аманкүл апайдың айтуынша, телефон желісі үзілгеннен кейін Шона ағаны сыртқы дүниемен байланыстырып отырған осы Ахметов болса керек. Аманкүл апамыз да алаңда болып, жастардың үлкен толқуына куә болған, абыр-сабыр басталған уақытта біраз жастарды үйіне де алып келіп, паналатыпты. Сол күні кешке келген Ұлан: «Папа, сізді жастар сұрады, ертең алаңға тағы келсе дейді, бірге барайық» дейді. Жоғарыдағы Жасан Тілеубековтің әңгімесіндегі 17 желтоқсан күні Шона ағаның жастар ортасында болып, өлең оқуына сол жастардың тілегі негіз болуы әбден мүмкін.
Ұлан ШОНАҰЛЫ:
- Ол кезде ҚазМУ-дің журналистика факультетінің бірінші курсында оқимын. 17 желтоқсан күні университетке барғанмын. Студенттер өте аз жиналыпты. Алғаш бұл қалай, біреу-екеу жоқ болса бір сәрі, бәрі ақылдасып алғандай топтың тең жартысынан астамы келмей қалғаны несі деп таңғалып тұрғанбыз. Артынша естідік, жастар орталық алаңға жиналып жатыр екен. Біздің жатақханада тұратын группаластарым бірінен соң бірі сонда кетіпті. Сабаққа келгендер - жатақхана емес, үйде тұратындықтан, мәселенің мән-жайынан бейхабар студенттер екен. Әңгіменің мәнісін естігенде, біздің де намысымыз кернеді. Ашу-ыза басыма тепті. Оның үстіне онша мардымды сабақ та болмады. Бір-екі парға зорға шыдап, біз де алаңға тарттық. Студенттер де, милиция да қарақұрым. Ештемені қиратып, қырып салмасақ та өз білгенімізше кіжініп, жүріп-жүріп түнделетіп үйге қайттық. Артынша-ақ дүрбелең басталды. Мені КГБ шақырып, әрнәрсені сұрап тергеуге алды. Бірнеше суреттерді түгел столдың үстіне сірестіріп жайып тастаған. Әрқайсысын көрсетіп: «Мынаны танисың ба?», «Осының ішінен кімдерді танисың?» деп сұрайды. Мен «ешқайсысын танымаймын» дегеннен басқа жауап айтпадым. Тергеу бітті ме, бітпеді ме, оны да білмеймін. Ол кезде жас баламын ғой. Ондағы кісілер маған жанашырлық танытып: «Сені мына оқиғаға қатысты деп оқудан шығарсақ өзіңе қиын болады. Одан да сабақты үлгере алмады деп шығарайық» деді. Мен мақұлдадым. Сөйтіп, үлгерімім жағынан оқудан шықтым. Кейін желтоқсаншылардың барлығы ақталып, сол жөнінде оқудан шыққандар оқуға қайта алынды. Мен үлгермеген болып алынбай қалдым. Жанашырларымның маған қайта зияны тиді. Бірақ кім біледі? Мен Шонаның ұлымын ғой. Сол жағынан ушығып кетер ме еді, кім біледі? Бәрі тағдыр шығар. Кейін әскерге кетіп, одан келісімен отау құрдым, бірақ оқуымды жалғастыра алмадым. Атышулы желтоқсан оқиғасы болмағанда, мен де әке жолын қуып, танымал журналист немесе белгілі әдебиет өкілі болар ма едім?..
***
Кейін жастар толқуы біраз саябырсыған соң да, атынан көп шошыған «үш әріп» Шона ағаны, Аманкүл апамызды, Ұланды біраз әуреге салды. Кеңестік жүйенің қылышынан қаны тамып тұрған кездің өзінде ұлт мүддесін ойлап, қазақ тілінің өркендеуі мен қазақ мектептерін ашу үшін атойлап жүрген Шона Смаханұлы желтоқсан оқиғасында жастар ортасында осылай көрінбесе Шона болар ма еді?! Ал Шона Смаханұлының ұлы Ұлан бүгінгі күні Тараз қаласында тұрады. Құрылыс саласында еңбек етеді. Жары Гүлзира екеуі аналары Аманкүл апайға қарап, Айша, Әбдімәлік атты алтын асықтай ұл-қыздарын тәрбиелеп отыр.
Ерман ӘБДИЕВ, Жамбыл облысы
"Айқын" газеті