Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4451 0 пікір 24 Желтоқсан, 2009 сағат 08:00

Сабыр Қасымов. АЗАТТЫҚ АЗАПКЕРЛЕРІ МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫДА АҚТАЛУҒА ТИІС

Жалпы, табиғатта да, адамзат қоғамында да барлық жасалған істің заңды қайтарымы болады. Мәселен, қолдан жасалған қасірет, саяси қуғын-сүргін билік басында отырған­дардың өз дәрежесінен айырылып қалмауы, отырған тағының беріктігін нығайта түсу үшін жасалды. Сол үшін ұлт-азаттық қозғалыстарды жақтайтындарды, азат ойлы жандарды, оппозицияны қырып-жойды. Жаппай өлім жазасына кесу, түрмеге салу, тұтас этностарды көшіру, қылмысты істерді қолдан жасау, адамның қасиеті мен жанын жаныштау, БАҚ бетінде жаманатты қылып көрсету - міне, осылардың бәрі олардың билікті бекіту әдістері болатын. Бірақ, бұл істер де аяқталып, енді оларға саяси және құқықтық баға беретін кезең басталды. Тірілердің адами да, азаматтық та міндеті сол - осы бағаны бергенде күлбілтеге салынбай, барынша әділ және абыройлы биіктен табыла білуі керек.

Қазақстан үшін бұл кезең еліміздің өз Тәуелсіздігін алған күнінен басталды деп айтуға болады. Әрине, Хрущевтің "жылы­мығы" кезінде, сонымен бірге Горбачев билігінің соңғы жылдарында да бірқатар арыстарымыз ақталып, олардың жарқын есімдері халқымызға қайта оралды. Бірақ бұл негізгі жұмыстың басы ғана еді. Ол толық аяқталмай, орта жолда тоқтап қалды.

Жалпы, табиғатта да, адамзат қоғамында да барлық жасалған істің заңды қайтарымы болады. Мәселен, қолдан жасалған қасірет, саяси қуғын-сүргін билік басында отырған­дардың өз дәрежесінен айырылып қалмауы, отырған тағының беріктігін нығайта түсу үшін жасалды. Сол үшін ұлт-азаттық қозғалыстарды жақтайтындарды, азат ойлы жандарды, оппозицияны қырып-жойды. Жаппай өлім жазасына кесу, түрмеге салу, тұтас этностарды көшіру, қылмысты істерді қолдан жасау, адамның қасиеті мен жанын жаныштау, БАҚ бетінде жаманатты қылып көрсету - міне, осылардың бәрі олардың билікті бекіту әдістері болатын. Бірақ, бұл істер де аяқталып, енді оларға саяси және құқықтық баға беретін кезең басталды. Тірілердің адами да, азаматтық та міндеті сол - осы бағаны бергенде күлбілтеге салынбай, барынша әділ және абыройлы биіктен табыла білуі керек.

Қазақстан үшін бұл кезең еліміздің өз Тәуелсіздігін алған күнінен басталды деп айтуға болады. Әрине, Хрущевтің "жылы­мығы" кезінде, сонымен бірге Горбачев билігінің соңғы жылдарында да бірқатар арыстарымыз ақталып, олардың жарқын есімдері халқымызға қайта оралды. Бірақ бұл негізгі жұмыстың басы ғана еді. Ол толық аяқталмай, орта жолда тоқтап қалды.

Мен Тәуелсіз Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысын екі кезеңге бөліп қараймын. Алғашқысы, "Ресей үлгісінің" кезеңі. Ол 1989-90 жылда­ры басталып, 1994 жылмен аяқталды. Кезең­ді бұлай атайтын себебім, біздің мемлекеттік мәшинеміз, ғалым-қайраткерлеріміз, құқықтанушыларымыз құрбандарды ақтау әдістерін, оны бағалау өлшемдерін және олардың санаттары мен ортасын одақтық, содан кейін ресейлік заңдар, жарлықтар мен қаулылардан алып, солардың көшірмесін жасады. Ал өзіміздікі деген іс 1995 жылдан басталып, әлі күнге аяқталмай келеді. Бұл кезеңді мен "таңдамалы-бюрократтық" ке­­зең деп бағалар едім. Өйткені, құрбандардың кейбір санаттарын ақтау үшін, жасыратын не бар, жоғарының рұқсатын күтіп, жалтақ­тайтын әдіс орын алды. Өз басым осынау, мемлекеттік тұрғыға жатпайтын көзқараспен етене ұшырастым. Біздің 1995 жылғы Конституциямызда ең басты құндылығымыз - адамдар деп жазылғанымен, мемлекеттің басымдықтары, биліктің жеке адамның құқы мен бостандығына деген көзқарасы өзгеріп қалған сияқты. Осының әсерінен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға деген ұмтылыс та бәсеңсіп қалғандай. Шүу дегенде біз ақтау жұмыстарына барынша белсене кірістік. Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жолында мыңдаған қылмыстық істерді қайта көтеріп, ондаған мың жазықсыз атылғандарды, сотталған­дарды ақтау жөнінде Жоғарғы Кеңестің, Қазақстан Президентінің заң актілері қабыл­данды. Көптеген ғылыми конферен­ция­лар өткізіліп, жүздеген мақалалар жазыл­ды. Жазықсыз құрбан болған арыстардың атына көше, ауыл, аудан атаулары беріліп жатты. Жоғарғы Кеңес Төралқасының комиссиясы Желтоқсан көтерілісіне де кеңейтілген құқықтық баға берді. Осының бәрі үлкен істер, оларды жоққа шығаруға болмайды, бірақ енді өткенді айтқаннан гөрі осы тараптағы әлі күнге шешімін таппай келе жатқан бүгінгі проблемаларды айту керек.

Негізгі проблеманың бірі - біздің барлық құқықтық актілерімізде Қазақстанға қуғын-сүргіннің қандай санаты тән екенін анықтау және сараптау жоқ, сөйтіп бұл істе біржақты тәсілге жол берілген. Біздегі тәсілдер уақытпен шектеліп, тек 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргіндерді ғана зерттеп, 20-шы жылдардағыларға үстірт қараған. Ал кеңестік кезеңнен бұрынғы шақ мүлде ауызға алынбайды. Бұл шақта кәдімгі қазақ халқының өз бостандығы мен жері үшін күресі болмаған, әлеуметтік, ұлттық ерекшеліктеріне байланысты қуғын-сүргін жасалмаған, ұлт-азаттық қозғалыстар мен ұмтылыстар қатаң жазаланып, қазақтың ең ардақты ұлдары қанға бөгіп, жазалау акцияларына ұшырамаған сияқты.

Біз 37-ші жылмен ғана шектеліп қал­­мауы­мыз керек. Иә, бұл қазақ халқын сорлатқан қасіреттердің бірі. Алайда, мұндай жантүршігерлік қырғындар қазақ халқына қатысты үнемі болып тұрды. Бізде болған кейбір құрбандық санаттары, жазалау науқандары, қуғын-сүргін әдістері Орталық Ресей аумақтарында мүлде болған жоқ деп айтуымызға болады. Тек кеңес жылдарын­дағы жазалау саясатының ұлттық емес, таптық қағидат ұстанғанында ғана бізде ортақ ұқсастықтар болды.

Қазақстанда болған саяси қуғын-сүргіндердің салдарын жан-жақты сараптай келгенде түйгеніміз: олар негізінен елдің бостандығы мен тәуелсіздігін аңсаған жандарды, отаршылдық саясатқа қарсы күрескен саясаткерлер мен патриоттарды қыруға ғана бағытталған.

Қазақстаннан басқа бұрынғы кеңестік республикалардың көбінде тәуелсіздік алғаннан кейін бұл іске түбегейлі жаңа көзқарас қалыптасты. Мәселен, шағын ғана Литва Республикасында 1940-90 жылдарда қуғын-сүргінге ұшыраған жандардың құқын қалпына келтіру жөнінде 10 заң мен үкімет­тің 19 қаулысы қабылданды. Қарсы­ласу қозғалысына қатысқандардың және оккупация мен қуғын-сүргіндерден зардап шеккендердің ісі бойынша Литва Сеймінде тұрақты комиссия және арнаулы Мемлекет­тік орталық жұмыс істейді. Бұлар күні бүгін­ге дейін жұмыс істеуде. Грузия Республи­касында 1992 жылдың мамыр айында ұлт-азаттық күреске қатысқандары үшін қуғын-сүргінге ұшырағандарға қатысты әділеттікті қалпына келтіру жөнінде арнайы декрет қабылданды. Ресей Федерациясының өзінде "Қуғын-сүргінге ұшыраған халықтарды ақтау жөнінде" арнайы заң шықты. Осы ілтипатының өзімен Ресей КСРО-ның құқыққабылдаушысы ретінде мемлекеттік деңгейде өз аумағында кейбір халықтардың толығымен қуғын-сүргінге ұшырап, зардап шеккендерін мойындады және оларды еске алып, аза тұтатынын заң жүзінде бекітті.

Ал бізде бұл мәселе әлі күнге шешімін таппай, қалың қатпарларда жатыр. Тек кейбір журналистер мен жазушылар, ғалым­дар өз білгендерін газет-журнал бетінде жа­зып, жұртшылықты хабардар етеді. Мәселен, бізде 20-шы жылдары болған жүз­де­ген көтерілістерге қатысқан мыңдаған жандарды, олардың сұраусыз, тергеусіз жазалаушы отрядтардың қанды қолымен, асқан қатыгездікпен қырылғанын, орнында отырған елдің жаппай қаша көшуін құқы­лық сарапқа салмай, мемлекеттік тұрғыдан ешқандай баға берілмей, жабулы қазан жабулы күйінде қала беруі керек пе? Сөйтіп, кеңестік тарихтағы "участники бандформи­рований" деген құқықтық баға әлі күнге сол атаумен қала бере ме? Сондай-ақ, біз Қазақстанға жер аударылған чешен, ингуш, корей секілді халықтарды ақтадық. Ал өзімізден күшпен жер ауған қандастары­мызды ақтаған бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылдаған емеспіз...

Жоңғар басқыншыларына қарсы жиырма жылдан артық уақыт бойы аттан түспей күрескен, халықты жауға қарсы ұйымдастырып, ұзақ уақыт үш жүз қолының сардары болған Қожаберген батырдың есімін ардақтау туралы да ешқандай арнайы мемлекеттік құжат қабылданған жоқ. Тек елдің патриот азаматтары, ғалым-жазушы­лардың күшімен ғана бір реттік аймақтық шаралар жасалып жүр. Мұндай тұлғалар бізде аз ба? Ал Ресейде әрбір мектеп оқушы­сы Минин мен Пожарский, Кутузов пен Суворов сияқты орыс халқының ардақты ұлда­рын өте жақсы біледі және оларды өздеріне үлгі тұтып, патриоттық сезімдерін оятады. Өйткені, олардың есімдері мемлекеттік тұрғыда қорғалып, арнайы үкіметтік құжаттармен Ресей тарихына алтын әріптермен енгізілген.

Тәуелсіздігіміздің 18 жылдық таңы атса да халқымыздың ар-намысын, абыройын сақтап қалған Желтоқсан ерлерін де біз мемлекеттік тұрғыда лайықты бағалай алмай келеміз. Оның қаһармандарын республика­мыздың барлық түкпіріндегі өскіндеріміз жақсы біліп, олардың есімдерімен мақтану­лары керек еді ғой. Патриоттық сезім осын­дай жерде оянбай ма? Сол үшін жасалған мемлекеттік тұрғыдағы шаралар бар ма? Жоқ. Бәрі де бір реттік, жеке адамдардың өлермендігімен жасалып жатқан істер. Біздің мемлекетіміз өз халқын өзі қашан ресми, заңды түрде сыйлайтын болады?

Сол сияқты "Алаш-Орда" әскері мен оның қарапайым мүшелерін ақтау туралы да бізде ешқандай заң актісі қабылданған емес. Тек үлкен мінберлерден оның лидерлерін мақтай бергеннен артыққа барған емеспіз. Әлі күнге "алаштықтар" заңдылық құжат­тарда "ұлтшылдар", "халық жаулары" болып тіркелген. Олардың ұрпақтары ұзақ жылдар бойы КГБ-ның бақылауында болып, еркін сөйлеп, еркін күлетін адами құқықтарынан айырылғанын да біле бермейміз. Өйткені, оларды зардап шегуші ретінде ақтаған ешкім жоқ. Осы орайда Солтүстік Қазақстанда "Алаш" партиясының филиалын және Қазақ комитетін ашпақшы болған ниеттері үшін ғана 1940-шы жылғы бір іс бойынша Солтүстік Қазақстанда қуғынға ұшырап, артынан еш ақталмаған, есімдері әлі күнге қара тізімнен шықпаған адамдарды атай кетейін. Олар: Темірбеков Әбжан, Темір­беков Құсайын, Ахметов Байғазы, Мәліков Қайролла, Бөкетов Арыстан, Сағындықов Мәлгаждар, Сабыров Есімсейіт, Жандосов Сәдуақас, Бегишев Сейітқасым, Ибраев Мәулен, Белгібаев Қожахмет, Уәлиханов Махмет, Қоспанов Қошан, Омаров Жармантай, Бимұрзин Әбілкәрім, Махметов Сәкен, Жандосов Мәжен, Айбасов Қапез, Шоқаев Ғабдолла және басқалар.

Осылардың кейбірі ату жазасына кесіл­ген, ал олардың есімдері заңдылық құжаттар жоқ болған соң ақталған емес. Сөйтіп, олар, қаттырақ айтқанда, екі рет өлім жазасына кесіліп отыр. Оның алғашқысын сталиндік баскесерлер жасаса, екінші рет оларды ақтамағандықтан, есімдерін мәңгілікке ұмыттыру арқылы өлім жазасына парапар жазаны біз беріп отырмыз. Тағы бір сұмды­ғы сол - осы өңірден шыққан зиялы қауым өкілдері мен марқұмдардың ұрпақтары да дауыс көтеріп, оларды ақтау жолында әрекет жасаған емес. Құқық қорғаушылар, тарихшы ғалымдар да үн шығармады. Есті есеңгіретіп, жадыны жоқ қылу деген осы емес пе?

Халқымыздың мүддесі жолында жан­қияр­лық істерге барып, азаттық пен тәуелсіздік жолында жандарын пида еткен жандар біздің халқымызда әрқашан да болған. Сталиндік қанды шеңгелдің заманында да олар бұғып қалған жоқ. Осы орайда, халықтың көбі біле бермейтін бір мысалды айтайын. 1940-41 жылдары Орал облысында "Қазақ халқын қорғаушылардың одағы" атты жастар ұйымы құрылған. Өздерінің ұрандары мен бағдарламалық құжаттарында ұйым мүшелері кеңестік режімнің қазақ халқының ұлттық бостан­дығын және Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін аяққа басып отырғанын ашық жазды. Коммунистік партия мен Кеңес өкіметі кейбір халықтарды жер бетінен жоюға, өмірдің барлық саласында орыстан­дыруға арналған саясат жүргізіп отырғанын дәлелдеп айтқан. Ұйым осынау шындық­тарды жәй ғана декларация жасап қоймай, барлық патриоттарды ұлт-азаттық көтері­ліс­ке шақырған. 1943 жылдың 13 қаңтарында НКВД-ның "Айрықша кеңесінің" өкімімен ұзаққа созылған азаптау, қинау, туған-туысқандары мен таныстарын қудалау аяқталған соң ұйымның 14 белсенді мүшесін ұзақ мерзімді жазаға кескен. Ал ұйымның ұйымдастырушысы Ғұбайдолла Әнесовке ату жазасын берген.

Осы арыстарды кім ақтауы керек, олар кім үшін және не үшін бастарын бәйгеге тіккен. Олар біздің бүгінгі өмірімізді аңсады, соны тезірек тудырғысы келді емес пе? Ендеше, олардың жарқын есімдерін ақтамасақ, біздің бүгін кім болғанымыз?

Бұрынғы режімнің кінәсінен осындай жарқын істердің бәрі зорлап ұмыттырылып, халық жадынан шығарылған. Бірақ, біз бұл істердің нағыз патриоттық рухты оятатын өрелі әрекеттер екенін ұмытпауымыз керек. Осындай жарқын жүректі жандарды айтпасақ, олардың есімдерін жаңғыртпасақ, қазіргі жастар өздеріне кімді үлгі тұтады? Кейбір халыққа сүйкімсіз, мылжың "қайрат­керлердің" байлығын қандай жолмен жинағанын жұрттың бәрі білетін олигарх­тардың немесе сөзінде дәм жоқ, сөл жоқ, тек бұлбұлша оңды-солды сайрай беретін мансапқор шенеуніктердің теледидардың экрандарынан патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік туралы "ет-жүрексіз еріннің ұшымен" айтылатын үндеулері жастардың отансүйгіштік сезімдерін селт еткізе алар ма? Олардың шақырулары, керісінше, осынау қасиетті сезімді аяқасты етпей ме? Нағыз патриоттық сезім тек қана елім деп еңіреп, өз жандарын сол үшін құрбан еткен ерлердің асыл есімдері мен үлгісі арқылы туатынын ұмытпайықшы.

Өкінішке орай, біз елін сүйгені үшін, оның азаттығы мен бос­тан­дығын аңсағаны үшін азап шегіп, запа тартқан ерлердің есімдерін жаппай жаң­ғыртудың орнына оларды ұмытқан үстіне ұмыта түсудеміз. Еліміз өзінің тәуелсіздігін алған бойында бірінші кезекте қолға алуына тиісті қасиетті борышымыз, яғни тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің есімін жаңғыртуды біз әлі күнге қолға алмай келеміз. Міне, жиырма жылға жуық мен осы мәселені әр­түрлі деңгейде көтеріп, оны шешудің жол­дарын ұсынып келемін, бірақ "жалғыз­дың үні, жаяудың шаңы шықпас" дегендей, ол ешкімнің құлағына жетер емес. Өкінішке орай, біздің зиялы қауымымыз бұл істе ел болып күш біріктірудің орнына жүздік, тайпалық немесе топтық деңгейден аса алмай, ой-өрістері шырмалып қалған. Ал ұлы тарих ұлттық мүдде жолында құрбан болған ерлер есімін сатып, ұмытқандықты кешірмейді. Қазақ "өлі разы болмай тірі байымайды" дегенді алдымен осы іске байланысты айтса керек.

1997 жылы, Сенат депутаты кезімде та­банды түрде талап етуімнің және әріптесте­рімнің қолдауының арқасында Парламент­тің осы палатасында бұл мәселені қарастыру жөнінде арнаулы комиссия құрдық. Баста­маны көтеруші ретінде мені оның төрағасы етіп сайлады, ал мүшелері қатарына еліміз­дің белгілі тарихшылары, ғалымдары және осы тараптағы кейбір мәселелер жөніндегі мамандар енді. Комиссияны құру жөніндегі Сенаттың қаулысында оның жұмысы - Қазақстанның тәуелсіздігі мен азаттығы жолында күрескендерге және олардың жазықсыз қудаланған ұрпақтарына қатысты тарихи әділеттілікті орнату жөнінде заң­намалық актінің жобасын әзірлеу екендігі нақты айтылды. Біз отаршылдықтың салдар­ларын жою, зардап шеккен халықтардың құқын қалпына келтіру проблемалары жө­нін­дегі халықаралық актілер мен стандарт­тарға сүйене отырып, қазақ халқына қарсы патша өкіметінің, тоталитарлық-коммунис­тік режімнің акциялары мен актілеріне сараптау жасап, оларға саяси-құқылық бағалар беру мақсатын алдымызға қойдық. Жұмыс барысында біз Қазақстан аумағында болған қуғын-сүргіндердің ерекшеліктерін, олардың құрбандықтарының әртүрлі санаттары мен түрлерін анықтадық. Қолға түскен материалдардың негізінде біз елімізде болған саяси қуғын-сүргін жүйесінің ерек­шелігін ескере отырып, оның құрбандарын ақтаудың қазақстандық тұжырымы мен теориясын әзірлеп, өзімізге тән "құрбан­дық" және "зардап шегуші" деген анықта­малар жасадық.

Айта кететін жәйт, біз барлық отаршыл­дық тарихымызды сипаттап, оның барлық қырларына бойлаудан және оған баға беруден аулақ болдық. Кейбір қарсылас­тарымыз бізді нақ осы үшін айыптады. Оның еш негізі жоқ еді. Біз Қазақстанда болған қуғын-сүргіндерге байланысты тек кейбір маңызды тарихи оқиғаларды ғана қамтыдық. Комиссия мүшелері ұзақ ақыл­даса келіп, зерттеу жұмыстарын мемлекет­тілігімізді жоғалтқан 1822 жылғы "Сібір қырғыздары туралы" атты жарғыдан бастауды жөн көрдік. Шын мәнінде қазақ хандықтарының, олардың мемлекеттік құрылымдарының жойылуы, олардың орнына отарлық билік институттарының орнауы нақ осы жарғыдан басталған еді ғой. Бұрынғылардан тек 1738, 1740 және 1742 жылдардағы Қазақстанның Ресей қоластына "өз еркімен" енгені жөніндегі кейбір сұл­тандар мен Әбілқайыр ханның қол қойған "келісім-шарттарын" зерттеп, саралау ғана орын алды. Толып жатқан дәлелдерге қарағанда, ешқандай өз еркімен қосылу деген болған емес екен. Тек сатып алу, алдап-арбау, қорқытып-үркіту жолымен ғана кейбір сұлтандар мен ақсақалдар "келісімге" қол қойған. Осы мәселе бойынша да Комиссия тарихи және саяси-құқылық әділеттікті қалпына келтіретін Парламент қаулысының жобасын әзірлеген еді.

Комиссия мүшелері мен сарапшылар одан бергі уақыттағы патша өкіметінің негізгі жарлықтары мен бұйрықтарын, генерал-губернаторлар мен ішкі істер ми­нис­трлерінің анық жазалаушы-репрессивті сипаты бар шешімдерін зерттеп, оларға саяси-құқылық баға берді. Оларды іске асырудың жүйесі, тетіктері мен әдістері толығымен зерттеліп қолданғанның салда­рынан жапа шеккендер мен құрбандардың көлемі анықталды.

Кеңес жылдарындағы БКП(б), СОКП ОК, СОКП ОК Саяси бюросының, БОАК, КСРО Жоғарғы Кеңесінің, ҚазӨлкелік комитетінің, ҚазОАК, Қазақстан КП ОК, НКВД-КГБ, прокуратураның, ІІМ, сондай-ақ басқа да кеңестік мемлекеттік орган­дардың қуғын-сүргіндік сипаты бар шешім­дерінің бәрі сарапталды. Большевиктер саясатының кесірінен Қазақстанда болған азаматтық соғыс және Кеңес өкіметінің күшпен орнауы нәтижесінде жазықсыз жапа шеккендердің жаңа деректері табылды. Соның ішінде 1921-23 жылдардағы астық пен малды тартып алудың залалы, соның кесірінен болған аштық; шаруалар көтерілісі мен "бандыларды жою" деп аталған қырғын науқанның; бай-құлақтарды жою, олардың мүліктерін тәркілеу және отырған орында­рынан күштеп көшіру; коллективтендіруге және басқа да кеңестік сырттан таңылған 1920-33 жылдар аралығындағы шараларға қарсы көтерілген халыққа және дін өкілдеріне т.б. қатысты жазалау шаралары мен құрбандары туралы жаңа деректер ашылып жатты. Бір ғана ҚазОАК-тың "Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы" қаулысының қалай орындалғанын айта кетелік. "Шаш ал десе бас алатын" шолақ белсенділер осы қаулыны сылтаура­тып, байға ешқандай қатысы жоқ бұрынғы сұлтандар, болыстар, билер мен атқамінер­лердің ұрпақтарын тегіс жазалайды. Олардың аз ғана мүлкін тартып алумен қатар өздерін "сенімсіз элементтер" қатары­на қосып, өмірдің барлық қырынан саяси, таптық, ұлттық, діндік себептермен қу­далауға ұшыратады. Шын мәнінде, бұлар­дың бәрі қазақтың сауатты деген адамдары еді, қуғын-сүргін шаралардың кесірінен олар тегіс қуғынға тап болады.

Комиссия өткен ғасырдың 60-70-ші жыл­дары мен 80-ші жылдардың ортасын­дағы қарсыласу қозғалысын, ғылым мен өнердегі демократтық және ұлт-азаттық идеялардың қуғындалуын да арнайы түрде сараптады. Соның ішінде Мәскеудегі "Жас тұлпар", Целиноград пен Теміртауда болған оқиғалар да зерттелді. Қазақстан Компар­тиясы ОК кейбір авторлар мен олардың шығармаларын (Бекмаханов, Әуезов, Есенберлин, Сүлейменов және т.б.) қудалауына қатысты материалдарды қарастырып, адамдар түгіл азат идеяларды да қуғын-сүргінге ұшырату ісіне жол берілгенін анықтады.

Біз биліктің (мәскеулік және жергілікті) қылмыстық саясатының кесірінен 20-ғасырда адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қасіретті, яғни жартысынан көбі (2,5-3 млн. адам) аштықтан бұралып, сорлап өлуді бастан кешірген халықпыз. Тарихта мұндай қырғынды бір халыққа қарсы бірде-бір соғыс, аштық, бірде-бір геноцид жасай алмаған. Сондықтан қазақстандықтардың бүгінгі ұрпағы өздерінің бойында адамгер­шілік қайырымдылықты, азаматтық және саяси жауапкершілікті сезінетін болса, 20-30 жылдардағы аштыққа саяси-құқылық бағасын беруі керек. Өйткені, қырғынды жасағандармен бірге жазықсыз жандардың жарқын есімін дұрыс атамағандығымыз үшін біз де айыпкер боламыз. Халқына жаны ашымайтын кейбір көбікауыз, атын шығаруды ғана ойлайтын демагогтар мұнан саясат іздегісі келеді. Біздіңше, мұнда ешқандай да саясат жоқ, тек тарихи әділдік, баланың, немеренің ата-баба алдындағы қасиетті борышы ғана жатыр. Аштықтан қиналып өлген ата-бабаларымызға біздің жаны ашығанымыз және қолымыздан келген жақсылығымыз сол ғана болады.

Біздің комиссия "Қазақстанның бос­тандығы мен тәуелсіздігі жолында күрескен­дердің есімдерін мәңгі есте қалдыру тура­лы", "Деколонизация туралы", "Қазақстан­ның аумағында болған саяси қуғын-сүр­гіндердің құрбандарын толық ақтау туралы", "Алаш-Орда" қозғалысы, өкіметі мен әскер қатарында болғаны үшін қудаланған жандарды (олардың отбасы мүшелерін) толық ақтау туралы", "Оралмандар мәрте­бесі туралы" атты заң жобаларын дайын­дады. Сондай-ақ, біз "Қазақстанның Ресейге қосылуының шарттары туралы", "Қазақстан тарихындағы казачествоның рөлі туралы", "Отандастарымыздың Қазақстан­нан жаппай қудалануының шарттары мен себептері туралы", "Қазақстанның жария­ла­ған тәуелсіздігі мен азаттығының идеал­да­рын аяқасты ететін есімдердің жер, елді ме­кен атауларына берілуі туралы", "Аштықтың себептері мен шарттары туралы" және т.б. Парламенттің қаулы жобаларын дайындап, оларды қарауға ұсындық. Біздің ойымызша осы қаулылар қабылданғанда ғана саяси қуғын-сүргін құрбандарының негізгі санаттары толық ақталып, мемлекеттік және құқықтық тұрғыда көпғасырлық отарлаудың салдары жойылған болар еді. Ал мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен патриот ізшілдердің қандай да болмасын маңызды конференцияларда осы мәселелер­ді көтергені заңды құжат болмаған соң бәрібір саяси және құқылық күшке ие емес.

Енді Комиссияның жұмысы немен аяқталды деген мәселеге келейік. Біз жұмысымызды аяғына дейін жеткізбей жатып, менің депутаттық өкілеттігім аяқталып қалды. Сөйтіп, ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер кешіп, жанқиярлық еңбекпен жиналған құжаттар іске аспай, әлі күнге шаң басып жатыр...

Қазақстан тәуелсіздігінің он сегіз жылдық тәжірибесі, басқа елдердің оң тәжірибесін ала отырып, бұл іспен тұрақты түрде айналысу қажеттігін өмірдің өзі көрсетуде. Біз бұл істі қолға алғанда әлі ол туралы сөз қозғамағандар да болған (мәсе­лен, Украина). Қазір олар бізден әлдеқайда асып кетті. Сондықтан осы мәселелерді мемлекеттік және ғылыми орталықтар арнайы зерттеп, барлық деңгейде жылжытып отырулары керек. Бұл, сайып келгенде, Қазақстанның жарқын болашағы, азат ой-өрісі үшін аса қажетті дүниелер.

Сабыр ҚАСЫМОВ, саясаттанушы, заң ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

«Егемен Қазақстан» №419-421 (25818) 15 ЖЕЛТОҚСАН СЕЙСЕНБІ 2009 ЖЫЛ

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290