Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2934 0 пікір 24 Мамыр, 2009 сағат 06:23

Сейiт КЕНЖЕАХМЕТҰЛЫ, этнограф-жазушы: Колчактың қолындағы шынжырлы «төбеттер». Олардың кеудесi ит, басы адам едi...

 

 

Алашорда ардагерлерiнiң қилы тағдырын баяндайтын сұхбаттар сериясын жалғастырып берiп отырмыз. Бұл ретте этнограф-жазушы Сейiт Кенжеахметұлы Ахаң мен Жақаңның және арғы бетте тiрiдей көмiлген қазақтың қайсар ұлдарының бiрi Райымжан Мәрсековтiң бейнелерi таңбаланған суреттердi, сондай-ақ Әбiлхан Қастеев салған Аманкелдi батырдың әйгiлi портретiн қалай сақтап қалғаны туралы әңгiмелейдi. Аманкелдiнiң мемуарлық мұражайында тұрған iлгерiдегi тағы бiр сұмдық сурет туралы баяндайды. Жалпы сұхбаттың мазмұнында адамның жанын тебiрентетiн тұстар жетiп-артылады.

Ұстаздықтың сыртында аудандық көркемөнерпаздар үйiрмесiне араластым және театрдың режиссерi болдым. Бiр сөзбен айтқанда, ауыл арасына ерте танылдым. Елдiң қазақи танымы, ойлау жүйесi бұзылмаған заман едi-ау. Әсiресе көненiң көзiндей естi қарияларға үйiрсек болдым. Олар маған iшкi сырларын айтып, шерiн тарқататын. Бiр жағынан халықтың басынан өткен әдiлетсiз оқиғаларды бiле жүрсiн дейтiн шығар.
Ауылда Ғани деген молда болды. Өзi банктiң күзетшiсi едi. Күзетшi деген аты ғана, қолында қауқар көрсетер таяғы да жоқ. Банктiң есiгiнiң алдында үстел сияқты ұзын аласа орындық бар. Соның үстiне шығып алып, Ғайнекең намазын оқиды. Бұл 1961 жылы болатын. Осы кiсi бiр күнi менi шақырып алып, «жүр, мұражайға барайық» дедi. Мұражай Аманкелдi Имановтың бұрынғы штаб-үйiнде орналасқан, Аманкелдiнiң мемуарлық мұражайы-тын. Келдiк. Бiр суреттi көрсеттi. Суретке қарасам, адам шошитын үш төбет бейнеленiптi. Аяқтарын жүн басып кеткен, жұлып жеп қоярдай «арсылдап тұр». Жуан шынжырмен байлап қойыпты. Шынжырдың бiр ұшы орыс генералдың қолында тұр. Бұл генерал, ақтың офицерi Колчак екен. Құдiрет-ау, әлгi үш төбеттiң басы кәдуiлгi адам. Ақсақал айтты: «Бала, есiңде болсын, мына «үш басқа» жақсылап қарап ал. Бұлар ит емес, қазақтың нағыз ұлылары осылар. Мынау тұрған шашы тақырлау, жанары өткiр, қыран қабақты адам – Әлихан Бөкейханов. Ортадағы көзiлдiрiгi бары – Ахмет Байтұрсынов. Ал мына шетiнде тұрған өзiңнiң туысың – Мiржақып Дулатов», – дедi. Бiз, мiне, осылайша қазақтың үш арысының аруағын қорлап, масқаралаған сұмдықты да көрдiк.
– Мiржақып сiзге жақын жамағайын ба?
– Бiр атадан тараймыз: ол кiсi – Мадияр, менiң руым – Жылқыайдар. Ата қонысымыз iргелес, бәрiмiз – анауың кiм, мынауың кiм демейтiн бiр елдiң жамағайындарымыз. Атамыздың атын айтуға тыйым салынған заманда ол кiсiнi туысым деп ашық айтудың өзi көзсiз ерлiкке пара-пар едi-ау. Бiрен-саран болса да ондай адамдар болды. Ауылымызда Қапият деген ағайынымыз бар едi, бiр күнi сол кiсiнiң үйiне бардым. Көп суреттердi қарап отырып, шағын суретке көзiм түсiп, «бұл кiмдiкi?» деп сұрадым. «Мiржақыптiкi» дедi. «Япырм-ау, мұны ашық ұстап отырғаныңыз қалай?» десем, әлгi ағайыным: «Немене, туысымның суретiн сақтауға болмай ма?» – десiн. Жата жабысып суреттi сұрадым. «Мен мұны еселеп алайын, түпнұсқасын өзiңе қайтарам» дедiм. Қайтардым да...
Жоғарыдағы оқиғадан кейiн Алаш арыстарына қатысты дүниелерге аса назар аударып, суреттерiн, осыларға қатысы бар қағаздарды жасырын жинастыра бастадым. Әрi қолайлы тағы бiр мүмкiндiк туды.
– Ол қандай мүмкiндiк?
– 1961 жылдың күзiнде Аманкелдi Имановтың мемуарлық мұражайының директоры, атақты ақын Нұрхан Ахметбеков денсаулығына байланысты жұмыстан босап, орнына мен бардым. Осы мұражайдың қорында Торғай өңiрiнiң тарихына қатысты дүниелер көп болды. Алаш арыстарына қатысты суреттердi тауып алдым. Оны кейiн айтам...
Осы мұражай 1963 жылы жабылды. Мұражайды жабу үшiн Қостанайдан Павливский деген орыс келдi. Ананы-мынаны көрiп, керексiз қағаз дүниелердi тiзiмдеп өртейтiн болды. Соның iшiнде 1947 жылы Ә.Қастеев салып, Қазақстанның Совминi бекiткен Аманкелдiнiң суретi кететiн болды. Қателеспесем, 10 мың рубльге бағаланған едi. «Ойбай-ау, бұл суреттiң тарихи маңызы өте зор дүние едi» десем, әлгi орысым тыңдамайды. Қастеев Аманкелдi батырды көрмеген, тек бiлетiн адамдардың айтуымен салған. Сөйте тұра айна-қатесiз дәл бейнелеген. Ендi не iстейiн? Ойлап көрсем, мұражайдың кiлтi өзiмде, неге ұрлап алып тығып тастамаймын? Қалай десек те, өнер туындысы ғой. Содан аудан мәдениетiн басқарып отырған Сәмен деген жiгiтке бардым. Беттi азамат едi. «Сәке, осылай да, осылай, ұрлық iстейiн деп тұрмын» дедiм. Ол кiсi: «Iсте, бiрақ маған ақылдасқан жоқсың», – дедi.
Қостанайлық орысты үйiме апарып жатқызып, ұйықтаған соң, жалғыз өзiм жорыққа аттандым. Алдында ғана мұражайға ұры-қары кiрiп кетпесiн деп айналасын биiк дуалмен қоршатып, қақпасын үш метрлiк қарағай тақтаймен қиюластырып, танкпен итерсе де, қирамайтын құлып орнатып, топса салғызып едiм. Ендi келiп қорлықты осыдан көрейiн. Жас кезiм емес пе, қақпаға арқан салып өрмелеп шығып, iшке кiрдiм. Суреттi алып шығып, үйге әкелiп тығып тастадым.
– Бұл сурет артынан бiр кәдеге жарады ма?
– 1970 жылы Торғай облысы ашылып, 1972 жылы алда болатын Аманкелдiнiң 100 жылдық мерейтойына дайындық басталды. Қайтадан мұражай ашатын болды. Өзбекәлi Жәнiбеков обкомның хатшысы едi. Осы кiсiге барып, өткендегi «ұрлығымның» мәнiсiн айтып бердiм. Марқұм өте шешiмтал кiсi едi, «қайда ол сурет, жүр, кеттiк» дедi. Үйге келдiк, көрдiк. Суреттi алатын болды. Және менiң өз қолыммен жасаған балаларымның бесiгi бар едi, мұражайға деп соны қоса сұрады. Әлгi бесiк пен сурет күнi бүгiн Арқалық қаласындағы дала мұражайында тұр.
– Сол кезде ел арасында жасырын болса да арыстарды iздеушiлер болды ма?
– Мен 1966 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қостанайға облыстық газетке қызметке ауыстым. Қала маңында Қонай деген ауыл бар екен. Онда ертедегi аштық жылдары ауып келген торғайлықтар тұрады екен. Бәрi менiң туыстарым – «жылқыайдарлар». Араласып мәре-сәре болып қалдық. Бiр күнi үйiме Шалабай деген кiсi келдi. Қасында әйелi бар. Әңгiмелесiп отырып: «Сейiт, бiз саған әдейi оңаша келдiк», – дедi. «Заманның қиын екенiн бiлемiз, қарағым, бiз ешкiмге айтпаймыз. Сенде Мiржақыптың суретi бар екен, соны бiр көрейiк деп келдiк» дедi. «Сiз кiмi боласыз?» дедiм. Әйел адам тұрып: «Айналайын! Мен Мiржақыптың жақын қарындасымын. Ол кiсi ұсталғанда сегiз жаста едiм, артына қайырылып қарағаны, киген киiмi, жүрiсi, тұрысы, дәл қазiргiдей көз алдымда тұр», – деп жылады. Мен айттым: «Жарайды, көрсетейiн. Ол кiсi жиырма адамның ортасында тұр. Танымайтын шығарсыздар», – дедiм. Көрсеттiм. Көп адамның арасында тұрған ағасын дереу таныды. «Айналайын-ай, ағакем-ай, суретiңдi көруге зар болдым-ау» деп, көкiрегiне басып еңiредi-ай келiп. «Мен бұл суреттi сұрамаймын. Бiрақ келiп көрiп тұрайын, түбi көресiң, Сейiт, осы кiсiлер ақталады. Сен мұны тегiн сақтап отырған жоқсың. Керексiз сурет болса лақтырып жiбермейсiң бе?» дедi. Осы кiсi ақыры ағасының ақталғанын көрiп барып дүниеден өттi.
– Жаңағы сурет сiздiң қолыңызға қайдан түсiп жүр?
– Бұл суреттiң тарихы қызық. 1918 жылдың жазында Ахмет, Мiржақып, Райымжан Мәрсеков, Садық Аманжолов, тағы бiр адам бар, бес кiсiлiк делегация Қытайдың Шәуешек қаласына барған. Сондағы қазақтармен кезiккен. Үрiмжiге барып, Шыңжан өлкесiнiң бастығы Ян Зын Шынның қабылдауында болып, жаңадан құрылған Алашорда атынан келiсiм жасауға әрекеттер қылған. Сол сапарларында Шәуешек қаласында суретке түсiптi. Iшiнде әншi Әсет Найманбаев та бар.
Мұражайдың директоры қызметiн атқарып жүргенiмде бұрыш-бұрышта жиналып қалған, ешкiмге керексiз неше түрлi заттар болды. Араб емiлесiмен текстi жазылған суреттер бар едi. Түбi керек болады-ау дегендерiн тыққыштап сақтап жүрдiм. Iшiнде баяғыдағы өзiм көрген «үш төбеттiң» суретiне дейiн бар едi.
Бiрде қорды ақтарыстырып жүрiп, қақ ортасында Ахаң бар, оң жағында Мiржақып, сол жағында басына папаха киген, кеудесi көрiктей, бiтеу жағалы ақ көйлек киiп, қайыс белбеу буынған, тұлғасы көз сүрiндiрер, етжеңдi адам отырған сурет тауып алдым. Көрген жұрт: «Ойпырым-ай, мына Ахаңның сол жағындағы адам тегiн болмады, өзi кiм екен?» – деп сұрайды. Мен «бұл Мәрсеков деген» деймiн. Ол кезде Мәрсековтi бiздiң жақ онша бiле бермейтiн.
Әлгi адамдардың келiп көрiп жүргенi осы сурет едi.
– Бiреулер КГБ-ге айтып қойып, басыңыз пәлеге қалған жоқ па?
– Қостанайда облыстық газетте жұмыс iстеп жүрген кезiм болатын. Бiрде таңертең жұмысқа келе жатып, төменгi қабатта есiк көзiнде тұрған екi-үш адамды көрдiм. Маған бәрi де тесiлiп қарап қалыпты. Бiр түрлi секемдендiм. Сонда да сыр бiлдiрмей жоғары көтерiлiп, кабинетiме ендiм. Аз ғана уақыт өткен соң мазасызданып қайта айналып далаға шықсам, әлгiлер әлi тұр екен. Менi көре салып: «Сiзде шаруамыз бар, тоқтаңыз!» – дедi. Шошып кеттiм. Бiреуi қалтасынан құжатын суырып алды. КГБ-ның қызметкерлерi екен. «Сiз Кенжеахметов боласыз ғой?» «Иә!» дедiм. «Коммунист емессiз бе?». «Дәл солай» дедiм. «Әкеңiз соғыста қаза тапты ғой?». Солай болған.
Әлгiлер менi ертiп алды. Қонақ үйге келдiк. Әңгiменi бастады. «Сiз осындай да осындай екенсiз. Бiрақ өзiңiз туралы ешқандай жаман пiкiр жоқ. Өте еңбекқор адамсыз. Кiтаптарыңыз шығыпты. Өлең жазатын көрiнесiз. Бiрақ, – дейдi, – Сiзде антипартиялық, халық жауы, қоғамға жат адамдардың суреттерi бар екен...»
Ақыр соңында оқты көздерiн көкiрегiме тiреп тұрып, суреттердi қайдан алғанымды сұрады. Шындықты айттым. «Сол суреттердi бiзге берiңiз, қарайық» дедi. «Беруге болмайды ғой» дедiм. Олар айтты: «Бiзге берiңiз, ондай суреттi сiз сақтауға тиiс емессiз». Алып кеттi.
– Ондай суреттер сiзде бар екенiн олар қалай бiлiптi?
– Мен қарап жүрмей, 1918 жылы Торғайда құрылған совдев (кеңес билiгi) мүшелерiнiң тiзiмiн КГБ-дан сұратқан едiм. Сол совдевтiң мүшелерiнiң бiрi Әбдiрахман қажы артынан кәмпескеге iлiнiп, жаманатты болған екен. Содан күдiк туғызып алғаным. Мен туралы сұрастырған, тексерген. Араб қарпiн оқитынымды бiлген. Ақыры суреттер туралы бiреу айтқан.
– Артынан сол суреттердi iздеген жоқсыз ба?
– Iздемедiм. Шынын айтсам, қорықтым. Кезiнде «Үлкен Түркiстанның күйреуi» атты кiтап жазған, КГБ-ның полковнигi Серiк Шәкiбаев деген ағамыз бар едi. Соған барып ақылдастым. Ол: «Сейiт қарағым, сен сол суреттерден құтылғаныңа тәубе айт, ендi iздеудi доғар», – деп бiр-ақ кестi. Содан кейiн қойдым.
– Райымжан Мәрсековтiң Ахаң, Жақаңдармен бiрге түскен суретi сол күйi жоғалды ма?
– Оны бiрнеше дана етiп көбейтiп алған едiм. Көшiрмелерi қолымда қалды. Бiрнеше жылдың алдында бiр газет «Мәрсековтың суретi табылды» деп, сүйiншi сұрады. Ол кiсiнiң суретi 40 жыл менiң қолымда болды. Мәрсеков туралы менде керемет материалдар бар.
Одан басқа менiң қолымда қуғын-сүргiнге ұшыраған 100-дей адамның суретi бар. Басы Мұхамед-Салық Бабажанов, Бекмұхамедовтерден басталады. Ал 150 адамның толық өмiрдерегi бар. Ә.Бөкейхановтың туған жылын күнi бүгiнге дейiн әркiм әртүрлi жазып жүрмiз. Өткен жылы менiмен ауылдас алматылық тағы бiр дөкей жазушы Әлихан туралы мақала жазды. Туған жылы тағы қате. Әлиханның өз қолымен толтырған өмiрбаяны бар емес пе, осыны ешкiм ескермейдi. Менде көшiрмесi бар. Ал Ахаң мен Жақаң туралы жинағандарымның бiр өзi екi үлкен папка.
– Райымжан Мәрсеков Алаш көсемдерiмен үзеңгiлес жүрген үлкен тұлға емес пе?
– Мәрсеков – үлкен тұлға. Шығыстың қазағы. 1879 жылы туған. Омбы гимназиясын Айдархан Тұрлыбаев екеуi үздiк бiтiрген. 1897 жылы Петрбордағы Император университетiнiң заң факультетiне оқуға түседi. Оқу бiтiрген соң Омбыда он неше жыл қызмет атқарған. 1912 жылы Семейге көшiп келген. Алашорданың нағыз қайраткерi. С.Сейфуллин «Алаштың тiлi» деп атаған «Сарыарқа» журналын шығарып тұрған.
Семейде құрылған Алаш әскерiнiң басшысы болған. 1922 жылы бiр түнде Қытай асып кеткен. Сонда ағартушылық қызметiн атқарып жүрiп, 1939 жылы iшiнде Шәкәрiм қажының баласы Зият бар ондаған оқымысты қазақтармен бiрге (бәрi дерлiк Кеңес елiнен бас сауғалап барғандар) құрбан болған. Қытай өкiметiне осы жақтан арнайы тапсырыс тиген деген сөздер айтылып жүр. Бұл сөз тегiнде шындықтан алыс емес...
Осы кiсiнiң Жiкен деген баласы 1960 жылдары Қытайдан келiп, Семейдiң Ақсуат ауданында елеусiз шопан болып жүрiп, бертiнде дүниеден өтiптi.
– Қолыңызда Ахмет Бiрiмжанов туралы деректер бар ма?
– Торғайда екi Ахаң болған. Бiрi – Ахмет Байтұрсынов. Екiншiсi – Ахмет Бiрiмжанов. Ол кiсi 1870 жылы туған. 1895 жылы Қазан университетiнiң заң факультетiн кiшi алтын медальмен бiтiрген. Осы медаль қазiр Алматыдағы туыстарының қолында. Бұл кiсi – атақты Шақшақ Жәнiбектiң ұрпағы. 1906 жылдан бастап Ресейдiң Мемлекеттiк Думасына екi рет депутат болған адам. 1920 жылдың орта шенiнде төрт, бес қазақты шетелге оқуға жiберген. Соның бiрi – iнiсi Ғазымбек Бiрiмжанов Берлинде медициналық жоғары бiлiм алған. 1938 жылы атылып кеттi.
– 1921 жылғы Торғайда алапат аштық болды. Жүсiпбек Аймауытов халықты аман сақтап қалу үшiн Семей өңiрiнен мал жинап айдап апарды. Бiрақ...
– Бiздiң бала кезiмiзде Торғайда қылағай қызыл сиырлар болды. Солардың тұқымы қазiрде бар. Жүдеубастау, тұрқы кiшкене, сүтi аз мал. Ел айтатын: «Бұлар – баяғы аштық жылдары Семей жақтан айдалып келген малдың тұқымы», – деп. Ұзын сөздiң қысқасы, 1920-21 жылдары Торғайда алапат аштық болған. Атақты ақын Әбiқай Нұртазинның «Тас мешiн» деген дастаны бар. Дәл сол аштық туралы жазылған.
Осы тұста Жүсiпбек Аймауытов бас болып М.Дулатов, Қ.Сәтпаевтар Семей өңiрiнен мыңдаған мал жинап, Торғайға жаяу-жалпы айдап келген. Елге тегiн таратып берген. Ел қайттi дейсiз ғой, малды дұрыс таратпады деп әлгiлердiң үстiнен арыз жазған. Сөйтiп, Аймауытовтың басын сотқа iлiктiрiп жiберген. Мұны Ахмет Байтұрсынов естiп, беделiн салып құтқарып қалған. Сол сотта сөйлеген Жүсiпбектiң сөзi бар. Ол: «Аштан өлiп, қырылып жатқан елдiң несiбесiн жегенше, анамның шуын жегенiм артық едi», – деп налыған.
– Ахаң мен Жақаңның ақталғанын туған елi қуанышпен қабылдады ғой. Сiз осы тарихи оқиғаның ортасында болдыңыз емес пе?
– 1989 жылы 4 наурызда Ахаңның ақталғанына байланысты Торғайда керемет бiр той өттi. Мен облыстық жазушылар бөлiмiнiң басшысы едiм. Ел тайлы-тұяғы қалмай Ахаң туған Ақкөлге жиналды.
Халық өлгенi тiрiлiп, өшкенi жанған соң дуылдап, масайрап анасы бiр, мынасы бiр ел алдына шығып сөйлеп жатты. Бiр заманда көптiң арасынан бiреу сөз сұрап қол көтердi. Сөз бердiк. «Әрине, – дедi әлгi адам, – Ахаң ақталды, қуанып жатырмыз. Осы ел айтады, Ахаңның жанында Мiржақып деген кiсi болған дейдi...» деп, сөз бастап келе жатыр едi, анадай жерде отырған екiншi бiр адам айғайлап: «Сен тоқта! Ол туралы қазiр мен айтып беремiн», – деп ортаға өзi шықты.
Бұл адамның жасы сол кездiң өзiнде тоқсанда екен. Ахаңдардың тұсында Кеңес үкiметiнiң милициясы болыпты. Байтұрсынов туралы жақсы пiкiр айтты. Көзiн көрiптi. Сөзiн тыңдапты. Бiр заманда: «Жаңа ғана Мiржақып туралы сұраған кiм?» – дедi. Шетте отырған жасымыстау жiгiт тұрып «Мен» дедi. «Ол, – дедi әлгi қарт, – барып тұрған жауыз, қанiшер болған. Егер ол ақталса, мен Горбачевке дейiн арыз жазам. Ол Аманкелдiнi өлтiрген».
Райкомның бiрiншi хатшысы Жақан Қосабаев маған: «Мiне, ендi пәле басталды. Қазiр халық екiге бөлiнiп тартысады. Сiз шығып сөйлеңiз», – дедi шарасыздан. Мен дәл осыған дайын емес едiм. Шықтым. Сөздi Сұлтанмахмұт Торайғыровтың арыстарға арнаған өлеңiмен бастадым:
Байтұрсынов, Дулатов, Бөкейханов,
Бiрi – күн, бiрi – жұлдыз, бiрi – айым,
Кешегi қара күнi осылар ғой,
Халық үшiн шам қылған жүрек майын...
«Халайық! Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды деген. Ахмет айың болса, Мiржақып күнiң емес пе едi? Қара басының қамы үшiн емес, халқының болашағы үшiн құрбан болған жоқ па?» деп жүрiп, дауды әзер бастық.
– Мiржақып атамыздың Ресейден сүйегiн әкелiп, туған жерiне қайта жерлеген оқиғаның iшiнде болдыңыз ғой?
– Бұл елдiң еңсесiн көтерген ерекше тарихи оқиға болды. Негiзiнен бастаманы қолдаған, сүйектi әкелуге күш, көлiкпен көмектескен сол кездегi Торғай ауданының әкiмi Жақан Қосабаев едi. Ол кiсi де биыл марқұм болып кеттi.
Жангелдин ауданындағы Торғай совхозының орталығынан шамамен 100 шақырымдай қашықтықта, Секе өзенiнiң бойында, Қызбел тауының сыртында «Бидайық» деген совхоз болды. Осы совхоздың атын Жақаң ақталғаннан соң «Мiржақып Дулатов» деп өзгерткен едi. Осыған байланысты Мiржақыптың мұражайы ашылды. Егiн шаруашылығы дамыған бай совхоз.
Алматыдан Жақаңның қызы Гүлнәр апай келдi. Көпшiлiк ақылдасып, Жақаңды осы совхозға жерлеудi ұйғарды. Дәл ендi сүйектi арулауға кiрiскен жоқпын. Мүрденi текеметке салып арулап атқарғандардың бiрi Мадияр Жұмабай деген кiсi едi. Ол – Жақаңның жақын туысы, әрi Мiржақып түсiп аттанатын үлкен шаңырақтың иесi болған адам. 1937 жылы халық жауы атанып сотталып, көп жыл айдауда болып келген. Өмiрден көрмегенi жоқ, нағыз тектiнiң тұқымы едi. Осы кiсi маған айтты: «Құдайдың құдiретi-ай, марқұмның шашы қап-қара күйiнде, ешбiр дақ түспептi», – дедi.
Осылай жерлендi, артынан әдемi кесене салынды. Оның қарсы алдына мұражай бой көтердi. Екеуi де қазiр қатар тұр. Бiрақ осыған баратын адам жоқ. Бұрынғы 200 шаңырақтан 10-15 ғана түтiн қалды. Басқалары көшiп кеткен. Мiне, көрдiңiз бе, марқұмның сүйегi тағы да далада қалып қойды.
– Екi-үш жылдың алдында заманның қиын кезiнде жерге көмiлiп сақталған кiтаптарды тауып алғаныңыз жөнiнде теледидардан хабар таратылды. Оқиға қалай болып едi?
– Бала кезiмiзде Торғай жерiнде өте керемет тақуа, оқымысты адамдар болды. Олар Тәшкент, Бұқара, Ғалия медресесiнен бiлiм алған адамдар болатын. Соның бiрi – ақын Ғафу Қайырбековтың әкесi едi. Және осы кiсiнiң Ғалия медресесiн бiтiрген куәлiгi сақталған. Қазiр де бар.
Айтайын дегенiм, Торғайда Арыстанбек деген молда болды. Қуғын-сүргiндi қатты көрiп, көзге iлiнбеу үшiн қарапайым сиыршы болып өмiрден өттi. Тақуалығы соншалық, жыл он екi ай ораза ұстайтын. Осыдан 25 жыл бұрын дүниеден қайтты. Өлерiнде ұрпақтарына өсиет айтыпты, «менiң кiтаптарымды бiреу сұраса, берiңдер. Ешкiм сұрамаса, зиратымның басына апарып, өзiммен бiрге көмiңдер» деп тапсырыпты. Молданың аманатын алыста жүрiп мен естiмей қалдым.
Арада бес жыл өткен соң барып мұрагерлерiнен кiтапты қазып алуды өтiндiм. Қабыл алмады. Он жылдан кейiн тағы бiр айттым, болмады. Он бес жыл өткен соң тағы айттым, көнбедi. Содан қойғам.
Жиырма екiншi жыл дегенде Торғайда бiр адам қайтыс болып, соған барып жүргенде молданың туыстарымен жолығып қалдым. Көзi қарақты адамдар болатын. Содан, ұзын сөздiң қысқасы, кiтапты қазып алатын болдық. Молданың қызы бар екен. Ол келiсiмiн бердi. Қаздық. Бұрын шайдың қорабына салып, ретсiз көме салған екен. Көбi шiрiп кетiптi. Соның өзiнде оқуға жарайтын отыздай кiтап шықты.
– Қандай кiтаптар бар екен?
– Басқасын айтпағанда, Араб философиясының үш томдығы. Әр қайсысы мың беттiк, араб грамматикасының бiрнеше томы шықты. Басқасы – дiни кiтаптар. Қолдануға жарамсыздарын қайта көмiп кеттiк.
Қолыма түскенiн Отырар кiтапханасына алып келдiм. Бiрақ кiтап беттерiн қозғамай оқысаң тұрады, қол тигiзсең үгiтiлiп түсiп қалады. Күн көзiне шыққан соң, сөйтiп кеттi. «Өңдеп, жөндейсiздер ме?» деп қолымда қалғанын Ұлттық академиялық кiтапханаға алып бардым. Олар жөндей алмайды екен, әрi сақтауға да мүмкiндiгi жоқ. Өйткенi, бұл кiтаптардың ауруы басқа кiтаптарға жұғуы мүмкiн.
– Кiтаптар қазiр қайда?
– Үйiмде сақтап отырмын.
– Бұл кiтаптармен танысқан ғалымдар болды ма?
– Мысырдан бiтiрген Қадыр деген жiгiт менiмен бiрге жұмыс iстедi. Оқып, зерттеп жүр едi, ол бала да қайтыс болып кеттi. Кiтаптар Мысырда, Иранда басылған екен. Кiтаптарды Арыстанбек молда өзi оқып, тұсына белгiлер қойып отырыпты. Бiр Құранның iшiнен молданың керектенген сия қарындашы шықты. Менде сақтаулы тұр.


Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ
«Жас қазақ» газеті, №48-49, 2008 жыл.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5470