ЖОҒАЛҒАН ЖӘДІГЕР
Кезінде құрамында жас Мұхтар Әуезов ойнаған "Ярыш" футбол командасының эмблемасы қайда?
Спорт ойындарының ішіндегі кеңінен тарағаны және көпшіліктің ерекше ықыласқа бөленген түрі футбол десек артық айтқандық болмас. Оның бір дәлелі әлемдік футбол федерациясы ФИФА-ға кіретін елдердің саны Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің санынан артық екен.
Қазақстанда да футбол айрықша орны бар спорт түрі санатында. Ол әсіресе егемен ел атанғаннан бері еліміздің құрама командасы мен таңдаулы футбол клубтары шетелдерге жиі шығып, УЕФА-ға мүше болып, қанатын кеңге жая бастады. Осындайда халық ұнатқан ойынның біздегі тарихи бастауы қалай болып еді деген сауал спорт сүйер қауымның көкейінде тұратыны бар.
Бір қызығы Қазақстанда ұйымдастырылған тұңғыш футбол командасының сапында атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов те ойнапты. Қаламгердің жас кезінде қазақ футболының негізін қалаушылардың бірі болғанын замандастары Қасымхан Мұхамедов, Әбдінасыр Миршанов, Салих Хисматуллин, ағасы Ахмет Әуезов, ғалым Қайым Мұхаметқанов, тағы басқа адамдардың мақалаларынан кезінде оқығанымыз бар.
Кезінде құрамында жас Мұхтар Әуезов ойнаған "Ярыш" футбол командасының эмблемасы қайда?
Спорт ойындарының ішіндегі кеңінен тарағаны және көпшіліктің ерекше ықыласқа бөленген түрі футбол десек артық айтқандық болмас. Оның бір дәлелі әлемдік футбол федерациясы ФИФА-ға кіретін елдердің саны Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекеттердің санынан артық екен.
Қазақстанда да футбол айрықша орны бар спорт түрі санатында. Ол әсіресе егемен ел атанғаннан бері еліміздің құрама командасы мен таңдаулы футбол клубтары шетелдерге жиі шығып, УЕФА-ға мүше болып, қанатын кеңге жая бастады. Осындайда халық ұнатқан ойынның біздегі тарихи бастауы қалай болып еді деген сауал спорт сүйер қауымның көкейінде тұратыны бар.
Бір қызығы Қазақстанда ұйымдастырылған тұңғыш футбол командасының сапында атақты жазушымыз Мұхтар Әуезов те ойнапты. Қаламгердің жас кезінде қазақ футболының негізін қалаушылардың бірі болғанын замандастары Қасымхан Мұхамедов, Әбдінасыр Миршанов, Салих Хисматуллин, ағасы Ахмет Әуезов, ғалым Қайым Мұхаметқанов, тағы басқа адамдардың мақалаларынан кезінде оқығанымыз бар.
...1913 жылдың күз айында Семейде мұсылман жастарынан тұңғыш "Ярыш" футбол командасы құрылып, оның құрамына қазақ, татар, өзбек балалары кіреді. Мұхтар ағаның бірден алғашқы ұйымдасқан футбол командасына алынуы ол кісінің бұған дейін де доп ойнап, шеберлігін ұштап, футбол өнеріне деген шын ықылас танытқандығының куәсі болса керек. Бұл туралы Салих Хисматуллин: "Мұхтар "Ярышқа" 1913 жылы келді, екеуміз жасөспірімдер командасына кірдік. Ол 16 жаста, мен 15-те болатынмын. Мен шабуылшы, Мұхтар жартылай қорғаушы міндетін атқарды. Ол ерекше ынтамен өте жақсы ойнайтын. 1914 жылдың күзінде біздің команда гимназистердің орыс жастарынан құралған ең күшті командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Сонда қарсыластар қақпасына бірінші допты түсірген Мұхтар болатын", деп жазыпты ("Семей таңы", 29.04. 1977 ж.).
Бүгінде тарихта ізі қалған "Ярыш" футбол командасының ойыншылары (ішінде Мұхтар да бар) түскен фотосуреттің бір-екі түпнұсқасы ғана сақталған. Ол кезінде газеттер мен кітаптарда басылды. Алайда осы фотосуреттер мен түпнұсқа арасындағы бір айырмашылықты мен 1997 жылы байқаған едім. Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы үйінде тұрған фотосуреттің (түпнұсқа) төбесінде ортасында арабша жазуы бар ақ дөңгелекше келген таңба болса, төменгі жағында араб тілінде жазылған сөздер бар екен. Ал Ахмет Әуезовтің кітабында және газеттерде жарияланған суреттерде ол жазулар жоқ, жоғарыдағы таңба да байқалмайды. Сонымен мұның сыры неде деген оймен түпнұсқаны шығыстанушы ғалым Әділбек Әміреновке көрсеткен едім. "Көңіл - сандық, тіл - кілт" дегендей, суреттегі араб жазуы тіл маманы Әділбекке ешқандай қиындық тудырмады. Фотоның жоғары жағындағы ақ дөңгелекше ортасындағы жазу "Ярыш" деген сөз екен. Біздің шамалауымызша бұл команданың эмблемасы. Ойыншылардың артқы жақ төріне ілінген ту іспеттес. Қазіргі футбол командаларының да тәжірибесінде мұндай үлгі бар. Ал төмендегі жазу "Ярыш" футбол командасы. "Семипалат" деген сөздер екен. Сонымен ойлаймыз, бұл жазулардың қандай жазығы бар деп. Осы заман тұрғысынан қарағанда оның қоғамға келтіретін "зияндылық" жағы көрінбейді. Дегенмен, мұның сыры сол кездегі кеңестік өкіметтің саясатына байланысты, "қырағы" цензураның жұмысы деп топшылауға болады. Тіпті, бұл мысал сонау патша өкіметі тұсындағы "Ярыш" іспетті спорт қоғамы негізінде біріккен мұсылман жастарының жаңалықтарды жатырқамай, ой-саналарының өсіп, рухани құндылықтарды игеру барысындағы тың талпыныстарын жақтырмаған өктем саясатпен үндесіп жатқан сияқты.
Сол жолы, яғни 1997 жылдың жазында "Ярыш" футбол командасының белгі-эмблемасына байланысты жағдайлардың сырына қанық болатындай кездесулер болған еді. Сондай бір қадам қаладағы "Абай" журналының редакциясынан басталған болатын. Өзім бұрыннан жақсы танитын редакция қызметкерлері - танымал ақын Мерғали Ибраев пен ғалым Асан Омаровпен әңгімелесіп отырып, жоғарыдағы айтқан фотосуреттегі ақтаңдақтарға байланысты сөз қозғаған едім. Бір кезде Мерғали аға күліп:
- Сен тура адреске келіп отырсың, біраз болып қалды бізге, редакцияға Алматыдан хат келді. Оны жазған кезінде "Ярыш" футбол командасында Мұхтар ағамен бірге ойнаған Юнус Нигматуллиннің туған қарындасы Нәйла деген кісінің қызы Рәмиса Нигмати. Ол адамның қолында "Ярыш" командасының эмблемасы сақтаулы көрінеді. Егер Семейдің бір көшесіне ағасының атын беретін болса, қолындағы тарихи жәдігер - эмблеманы мұражайға тапсырмақшы екен. Біз осы мәселемен қала басшылығына, мәдениет басқармасына шығып едік, әлде қауырт мәселелері көп пе, онша қызығушылық танытпады. Бұл сұрақтың шешуі солардың қолында ғой. Егер саған қажеті болса хат иесінің Алматыдағы телефонын, адресін берейін, - деп үстелінің тартпасын ақтара бастады.
Кейін жұмыс бабымен Алматыда болған кезімде Рәмиса Нигматимен де кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Ол сол кездегі Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінде қызмет істейтін болып шықты. Әңгіме барысында байқағаным, бұл кісі тарихи мұраларды өте қастерлейді екен. Соның ең бір құндысы - М.Әуезов ойнаған футбол командасының эмблемасы. Ол арнайы жасалған әсем қобдишаның ішінде сақталыпты. Мөлшері 28х13 см. Бас жағы түймедақ гүлі сияқты дөңгеленіп келіп, арт жағынан үш лентамен тармақталыпты. Осының бәрі алқызыл түсті жібек лентамен жасалса, ортасындағы бөлігі жасыл түсті қымбат матамен жиектеліп, "Ярыш" деген сөз арабша кестеленіпті. Жасы менімен мөлшерлес Рәмисаға:
- Осы құнды дүниені - Мұхтар Әуезов өмірімен байланысты жәдігерді Алматы не Семей мұражайларының біріне неге бермейсіз? - деп сұрақ қойдым. Оған Рәмиса:
- Иә, өзім де соны ойлап, М.Әуезовтің 100 жылдығына орай туған қалам Семейге сыйға тартайын, бірақ "Ярыш" футбол командасының капитаны болған шешемнің ағасы Юнустың артына қалдырып кеткен белгісі болған соң, ағамның аты өшпесін деген оймен семейлік басшыларға жазған хатымда Ю.Нигматуллин атында қаланың "Татарский край" аталатын бөлігінен бір көше берсеңіздер деп талап қойған едім. Бірақ олар тарапынан түсіністік болмады. Жауап та алмадым. Сондықтан өзімде сақтай беруді жөн санадым, - деді.
Сонымен осы жабулы қазан күйінде қалған көкейдегі сауалдың тағдыры не болды деген оймен биыл Алматыда болғанымда Рәмисаны іздеген едім. Оның үйінде қызы Марианна қалып, өзі Германияға қоныс аударыпты. "Ярыш" командасы эмблемасының жағдайын сұрап едім, қызы Семейдегі әжем білмесе, менің хабарым жоқ деген жауап айтты.
Семейге келісімен Шайжүнісов көшесіндегі 53-үйде орналасқан пәтердің есігін қақтым. Мұнда Юнус Нигматуллиннің қарындасы Нәйла әже баласы Альберттің қолында тұрып жатыр екен. 1915 жылы дүниеге келген апай әлі де болса тың, көзі жөнді көрмегенімен, көкірегі сайрап тұр. Қандай жағдайға байланысты келгенімді түсіндіргенімде бәлсінбей, жатсынбай біраз әңгіме айтты. Өзі көрмесе де әке-шешесі, туған-туыстарынан естіген Мұхтар мен Юнустың достығын, балалық шақтарын еске алды. Нигматуллиндердің еңселі екі қабатты үйі Мұхтар сияқты жастардың бас қосып, шай ішіп, әңгіме-дүкен құратын орны болғанын айтты. Юнустан қалған 1918 жылғы фотоальбомда сол заманның әртүрлі суреттерімен бірге "Ярыш" футбол командасының, оның ішінде Мұхтар бар фото да сақталыпты. Суреттің артқы бетінде орыс тілінде барлық 24 спортшының аты-жөні жазылыпты. "Мұны кім жазғанын білесіз бе?" - деген сауалыма Нәйла әже: "Сол команда да ойнаған Фамзов Рифкат жазған", -деп жауап берді. Ол кісі 1968 жылы 77 жасында Семейде қайтыс болыпты. Ақ офицері болған ағасы Юнусты 1919 ж. Қытайға өтіп бара жатқанында шекарашылар атып тастапты. Ал қызы Рәмисаның қолында болған "Ярыш" командасының эмблемасы қайда екенін сұрағанымда, шаруамды дұрыс түсінген Нәйла әжей қызы Рәмисаның апта сайын Германиядан телефон соғып тұратынын, сәлемімді жеткізетінін айтты. Арада біраз уақыт өткеннен кейін барғанымда әжей қызымен сөйлескенін, бірақ ол "Ярыш" эмблемасына байланысты ештеңе айтпаймын, бұл мәселеге нүкте қойылған деген сияқты сөз айтыпты.
Сонымен Мұхтар Әуезов өмірімен тікелей байланысты тарихи жәдігердің тағдыры белгісіз болып қалды. Алматыда қалды ма, әлде Германия асып кетті ме? Ол жағы әзірге беймәлім. Ал маған бұл мәселе "Мәдени мұра" бағдарламасы тарапынан назарға алынып, күн тәртібіне қойылатын болса шешілер ме еді деген үміт отын ұялатады.
Өмірзақ СҰЛТАНОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің доценті. СЕМЕЙ.
«Егемен Қазақстан», 2006-11-29